Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ДАРА ТҰЛҒАЛАРДАН ҚАЛҒАН МОЛ МҰРА

ДАРА ТҰЛҒАЛАРДАН ҚАЛҒАН МОЛ МҰРА


Жақында Н.Ілиясов ауылдық кітапханасында «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында Шәкәрім Құдайбердіұлының «Үш анық», Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» және Немат Келімбетовтың «Үміт үзгім келмейді» кітаптары бойынша «Дара тұлғалардан қалған мол мұра» атты ауызша журнал шарасы өтті. Қазақ халқының тарих қойнауынан бері ұрпақтан-ұрпаққа жеткен рухани, мәдени мұрасы, сөз өнерiнiң асыл қазынасы саналатын, қазақ әдебиетінің туындыларын оқып, зерделеу, жас­тарды патриоттыққа және адамгершілікке тәрбиелеуге, оқу мәдениетін қолдау мен дамыту, оны келер ұрпаққа тиісінше сақтау мақсатында өткен іс-шараға оқырман қауымы мен студент жастар қатысты. Шара барысында «Қазақ әдебиетінің тұлғалары» атты слайд көрсетіліп, «Бір ел – бір кітап» акциясының шығу тарихы мен Шәкәрімнің поэзиясына, Б. Момышұлының «Ұшқан ұя» және Н.Келімбетовтың «Үміт үзгім келмейді» шығармаларына тоқталып, таныс­тырылды. Журналдың бірінші беті «Ұлы қазақ ойшылы – Шәкәрім» адамгершілік пен рухани қағидаларға толы ақындардың жырлары жайлы Болашақ университетінің студенті А.Әбдрахманова тоқталса, аты аңызға айналған, Қазақ халқының батыры, Халық қаһарманы Б.Момышұлының «Ұшқан ұя» шығармасы бойынша «Батыр Бауыржан рух пен намыс төресі» тақырыбында көркемсөз оқу шебері, оқушы Н.Ғабдуллаева шығармада көрініс тапқан отбасындағы бас­ты құндылық жайында баяндады. «Парасат биігінен ой тербеген» тақырыбы бойынша кітапханашы күнделікті өмір үшін күресе отырып қиыншылыққа қарсы тұра білудің сырын, төсек тартып жатса да үмітін үзбей, басына түскен ауыртпалықты жеңіп, өзіне ғана емес, өзгелерге де тірек бола білген адам жанының қайсарлығын көрсететін әдеби образ жасай білген Немат Келімбетовтың «Үміт үзгім келмейді» атты повесть-монологына кеңінен тоқталып, жас оқырмандарға кеңінен таныстырды. Сонымен қатар оқушылар ақын-жазушылардың арнау өлеңдерін жатқа оқыды. Шара соңында «Рухани әлемнің кәусар бұлағы кітап» атты кітап көрмесі көрсетіліп, жазушылардың шығармалары таныстырылып, оқырман жастарға оқуға ұсынылды.

Айдана МАРАТҚЫЗЫ
24 шілде 2018 ж. 1 700 0