Ашаршылықтың ізі қалған төмпешік

Ақжармалық Меңдіғали Баршабайұлы – 1939 жылдың тумасы. Меңдіғали ақсақал бүгінде 86 жасқа келсе де, өткен ғасырдың зұлматты жылдарын жатқа біледі. Ашаршылық жылдары жергілікті халықтың көрген азабын тізбектегенде қабырға қайысып кете жаздайды. Соғыс жылдары мектепке барған ел ағасы әке-шешесінің жағдайына қарайласады. Ашаршылық жылдары көрген азапты күнді келер ұрпақтың басына бермесін деп тілеген оның әкесі Баршабай елдің қырылғанын көзімен көрген. Қара суға тұз сеуіп ішкен көпшілік асқазанға ас түспеген сәтте әл-дәрмені қалмай, өмірімен қоштасуға тура келеді.
– Әкем көзі тірісінде түйекеш болған. Ашаршылықтың зардабынан жантәсілім еткен 41 адамды өз қолымен жерге көмген. Күркіреуік деген жердің айналасына қоныс тепкен халықты қайтсем аман алып қаламын деген көкейінде мақсат тұрған. Әкемнің айтуынша, жоқшылықтың кермек дәмін татқан бірнеше адамның мүрдесін қазіргі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік автожолының бойындағы аумаққа көмген екен. Шіркейлі дамбысы салынбаған кезеңде елдегі халық каналдың бойын жағалай орналасып, тұмар қайықпен бір-біріне қатынаған. Ұрпағына ішер ас тауып бере алмағандықтан, оларды балалар үйіне өткізіп отырған, – дейді ақсақал.
Жоқшылықтың қамытын киген, ашаршылықтан айналып өте алмаған халық өзбек ағайынға барып, жеміс-жидекке, ас-ауқатқа қарық болған. Меңдіғали ақсақалдың әке-шешесі жерге дақыл орналастырып, қауын-қарбызды пісер-піспестен халыққа таратып отырған. «Шіркейлі» каналының екі бетіндегі ағайын ашаршылықты адал еңбектің арқасында жеңіп шыққан. Меңдіғали ақсақал саналы ғұмырында механизатор әрі тракторшы қызметін атқарған.
– Өлкетанушы Жәнібек Маханбет Ақжарма ауылына келіп, қайбір жылы көпшілікпен сұхбаттасты. Сол уақытта ашаршылықтың тауқыметін көрген жандармен дидарласқан болатын. Сонда әкемнен естіген сол кезеңнің оқиғасын өлкетанушыға айтуға тырыстым. Көбіне ашаршылық жылдары қаза тауып, жерленген адамдардың басына арнайы белгі қойылса деген тілегіміз бар, – деді көпті көрген қария.
«Әкем көзі тірісінде шарбақпен қоршап, мал аяғы баспасын деп қорғап жүретін жерді көрсетейін» деген ақсақал күрежолдың бойына әкелді. Шындығына келгенде, өткен ғасырдың нағыз трагедиялық оқиғасына айналған жер бүгінде төмпешікке айналғанын байқадық. Анығын айтқанда, Ақжарма ауылының іргесінде 41 адамнан бөлек, көптеген адамның мүрдесі белгісіз күйде жатуы ықтимал.
Балтабай АЯБЕКҰЛЫ