Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ашаршылық бізге не жегізбеді?

Ашаршылық бізге не жегізбеді?

Кешегі өткен қилы заманның зардабы қанша уақыт өтсе де, санаңнан өшпейтіндей есте мәңгі сақталып қалғанын зерделі қарттар бүгінгі ұрпаққа жеткізуде. Сол заман көрінісі естіген жұртқа ертегі секілді. Аға ұрпақ өкілдерінің азаматтық парызы – сол кезеңдегі халықтың қайғысы мен азапты өмірін келер ұрпаққа өзгеріссіз сол қалпында жеткізу. Кейбіреулердің қарапайым қоңыр тірлікпен өткен өмірі жай елеусіз тез ұмытылса, саналы азаматтар өзінің тірі кезінде көрген қиыншылығы мен қасіретті күндерін, келер ұрпағы көрмесе деп бір Алладан тілейді. Сондай жанның бірі Баршабай қария келмеске кеткір 1931-1932 жылғы ашаршылықтың тауқыметін бір адамдай тартып, аштық ажалынан әзер дегенде аман қалғанын ұлы Меңдіғалиға былай жеткізсе керек.

«1932 жылға дейін елдегі адамдардың шамалары келгендері бас сауғалап кеткен. Ал ұзаққа жүре алмайтындардың не еккен егіні жоқ, не қорада малы жоқ, не істерін білмеген. Бойындағы әл-қуатынан айырылған абдыраған қара халыққа мемлекеттен келер көмек те болмаған.

Аштықтан көздері қарайған адамдар табыл­ған шикі дәнді ашқарақтана аузына құйғанды да, тіпті ұрып, өлімші етіп тепкілесе де қолына түскенді жұтып, аш құрсағын жұбатам дегендерді де, тіпті өз үйінде көмусіз қалған адамдардың мәйіттерін де көрген едік.

1931-1932 жылдары ауыл Шіркейлінің бергі оң жағалауында серкештер мен алашалар бір ауыл болсақ, сол жағалауында Сейіт Қожалар ауылы болып, заманымыз тыныштық кезеңде томар қайықпен арлы-берлі қатысып тұрдық. Қарғыс атқыр сол жылдар ел еңсесін езіп жіберген-ді. Жерден тірі жәндіктерді іздеп, тауып жеудің өзі күш еді.

Бір қызымды балалар үйіне өткізгенмін, бір қы­зым үйде еді. Үйдегі қызым үй іргесінде өліп жатқан тышқанды тауып жеймін деп шейіт болды. Сөйтсек өлген тышқан тоқшылық кезеңде үй іргесіне уды, қамырға қосып «тышқан жесе өлер» деп тастаған қамырды жеп өлген тышқан болыпты.

Әрбірде жүрек жалғар ешнәрсе табылмағанда, өзіңді-өзің алдап, ішек жабысып қалмас үшін қара тұзды суға қайнатып ішкен күндер де болды. Бойларында әлі барлар үй-үйді аралап, аштан өлгендердің жүзін жасырамыз. Көр қазуға шама жоқ. Әр үйдің есігінің алдындағы жер ошағына қойып, бетін ғана жаба саламыз. Күнде осындай әр үйден кем дегенде 1-2 жаннан, кейде бір үйдің бүкіл жаны өліп қалатын. Осылайша бір ауылдан сандаған адамдар опат болып, ауылдың әр шетінде бірді-екі үйлерде тірлік болды. Ауылды аралап келе жатып, Бедердің үйінен түтін иісі шыққасын кірдім. Кірсем Бедер үйінің барлық жандары опат болған, Бедер өзі отқа бір затты күйдіріп жеп отыр екен. Мені көре сала, жеп отырғанын жамбас астына тыға қойды. Сұрасам жеп отырғаны жылан екен, жылан еті аш өзекке түскендіктен, ертесіне ол да қайтыс болды.

Әлі есімде бір ауылда қырықтан астам жанның шейіт болғанын көріп, олардың жүзін жасырған едік.

Біздің үйде де әйеліміз екеуміз ғана қалдық. Тіске басар бірдеңе табылып қала ма деп, қалың ішін қалбалақтап жүргенімде, мен секілді әлсіреген бір атжалман тышқанды тауып, оны ұрып алып, Бедер де жылан жеп еді деп, тышқанды отқа қақтап жеймін деп үйге әрең дегенде есімнен тана жетіп құлаппын. Құлаған мені көріп, үйден әйел шығып, есік алдында көктемде егілген қауынның ащы түйнегін үзіп алып, ма­ған бере беріпті. Ашөзек не берсе де жей беріппін, Құдайдың бір құдіреті шығар аман қалыппын. Қанша жат­қанымды білмеймін, аш адамда ес болмайды екен. Есімді жиған соң әйтеуір тірі жан тірлік жасау керек болды. Аш құр­саққа бірдеңе табылып қала ма деп Шір­кейліні жағалап келе жатсам, екі қармақ құрған едім, соның бірінің жібі керіліп тұрғанын аң­ғардым. Қармақ құрған жерімнің бір қапталы жай­пақтау екен, солай қарай қармақ жібін жәймен саумалдай тарта қарасам жайын балықтың басы көрінді. «Өлмегенге өлі балық кездеседі» деген, қармақ жібін қайта босата жіберіп, үйге келіп, әйелімді, балта мен ұзын арқан жіпті ала келдім. Арқанның бір ұшын сақина тәрізді етіп байлап, сол жерден жіпті түйгендей шағын домалақ пішінге келтіріп алдым да, қармақ жібін қолға алып жәймен саумалдай тарта отырғанымда судан жайынның басы көрінді. Қармақ ілінген аузы ашыла бергенде ұшы домалақтанған жібімді жайын аузына қарай лақтырғанда жіп ұшы сағалдырығынан сыртқа шыға келмесі бар ма? Жіптің сақиналы жерінен екінші ұшын жылдамдата өткізіп алдым да, сыртқа қарай, әйел алда, мен артқы жақта екеулеп бар күшімізбен алға тарта бердік. Бір кезде не болғанын білмеймін қарақұсымнан сарт еткен соққыдан естен тана етпетімнен құлап түстім. Жайын да сыртқа шығып үлгерген. Менің желкемнен жайын құйрығымен ұрған екен. Мен есімді жия­мын дегенше, әйелім жайынның басынан балтамен шапқылай беріпті. Есімді жиып, әйеліміз екеулеп, балықты сойып, елде тірі қалғандармен бірге балық етін қорек еткен едік».

Бұл әрі қарай еккен егіннің пісетін мезгілі жетіп, әйтеуір ашаршылық тырнағынан аман қалғанын әкесінен естіген Ақжарма ауылының 83 жастағы Меңдіғали ақсақалдың естелігі еді бұл. Сенудің өзі қиын. Бірақ өмірде болған, бастан өткен оқиғалар. Мұндай нәубетті келер ұрпақ көрмесін деп тілейік.

Жәнібек МАХАНБЕТ,
«Сырдария ауданының
Құрметті азаматы»,
Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі
04 қараша 2023 ж. 235 0