Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Өмірдің соқпағына көнген жігіт

Өмірдің соқпағына көнген жігіт

Қазақ әдебиетінде балалар жазушысы ретінде көптеген классикалық шығарманы жарыққа шығарған Бердібек Соқпақбаевтың туғанына биыл – 100 жыл толып отыр. Бір ғана «Менің атым – Қожа» шығармасына кино түсіріліп, Франция елінде өткізіл­ген халықаралық фестивальде арнайы жүлдеге ие болғанын көпшілік жақсы біледі. Небәрі 67 жыл ғұмыр кешкен қарымды қаламгер Бердібек Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» романы 3 бөлімнен тұрады. Өмірдің кермек тұстарын суреттейтін роман желісі жөнінде жазуды жөн көрдік.

Шығарманың басты кейіпкері – Еркіннің соғыс жылдарына тұспа-тұс келген жастық шағы қиындыққа толы болады. Өзінен үлкен ағасы Сәрсенбек қаланың қызы Қанышамен отау құрғанымен көп ұзамай соғыс қатарына алынады. Әскерге жасы жетпеген Еркін қарт анасы мен жеңгесіне бас-көз болып, өмірдің ауыртпалығын аз тартқан емес. Тоғыз құрсақтан жалғыз өзі қарашаңырақтың тіреуі атанған жас жігіт сов­хоз басшысы ретінде сайланған Нұрәлінің ауыл адамдарына жаса­­­ған озбырлығына көндіге алмайды. Туған жеңгесі Қанышаға күш көр­сетпек болғанда сов­­­хоз басшысымен бет көрместей ренжіседі. Осындай сәтте Нұрәлі Еркінді үйінен алыстатып, ФЗО-ға жібереді. ФЗО-да оқыған адам жұмысшы маман ретін­де қалыптасады.

Бала күнінен жазушы болуды армандайтын Еркін шахтер болғысы келмеді. Оның бар ойы – қалам мен қағазды жанына серік етіп, халық жазушысы атану еді. Ауылда жүргенде Қаныша жеңгесінің жақын туысы Ғалияға небір ғашықтық хаттарын жазатын еді. Негізінен ауыл баласының алғашқы махаббатымен ара-қатынасы көпке созылған жоқ. Қарағандыда оқып жүр­генде ФЗО-дан қашу­­ға себепкер болған оқиға – ауылдағы жең­гесі­нің мұғалімдік қызметтен босатылуы еді. Көмір тиелген вагон тіркемесіне мініп қашып шыққан Еркін Қарағандыдағы сапары ұзаққа созылмады. Бірнеше күн жол азабын тартқан жігітті жүк пойызына рұқсатсыз мін­гені үшін КПЗ-ға қамайды. Ғұмырының бір жылын колонияда өткізген жас жігіт барынша азып-тозып кетеді. Ауылдағы ағайыннан бірде-бір хат-хабар келмеген.

Еркін колониядан босап шығып, Алматыға атбасын бұрады. Әбден өмірден қиындық көрген жас жігіт ескі жауы Нұрәліні кезіктіреді. Базар аралап жүрген ескі жауын жолықтырғанда осындай хәлің келеке етеріне назаланды. Күндер өтіп, Еркін туған жерге оралады. Сырқаттанған шешесінің тірі екеніне көз жеткізіп, алтын кеніне жұмысқа аттанады. Мұнда Мұса дейтін шешесінің туысының үйіне жайғасады. Бірнеше ай алтын кенінде қызмет еткен Еркін жақсы ақша табады.

Кітаптың екінші бөлімі Еркіннің әскер қатарына қабылданып, майдан даласында жаумен кескелескен сәті суреттеледі. Соғыста жүріп те, өзінің сүйікті ісі жазуды тастамайды. Жарақат салдарынан еліне қайтқан Еркін сан түрлі салада қызмет етеді. Ұстаздық мамандықты игеріп, балаларды оқы­тады. Оңтүстік өңірге сапар шегіп, мұғалімдік қызметтің қыр-сырына қанығады. Студенттік жылдары курс­тастарымен талай қызықты бастан өткереді. Зағипа есімді арумен отау құрып бақытты ғұмыр кешкен Еркіннің ағасы соғыстан оралмады. Ал жалынды жас шығармашылық әлемінде өзіндік орнын табады.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
23 сәуір 2024 ж. 152 0