Тоқсанның төріндегі тракторшы

Көлік саласының майталманы атанған Өмірбек Сағындықұлы елдің ортасында отырған, көпті көрген жан. Қашанда шойын темірді жастанып, автокөлік саласында жұмыс жасаған оның бар ғұмыры техника тілін меңгеруге арналды. Өмірі қиын болғаны үшін өзгеге базына айтпады. Әжесі мен әкесінен айырылған қария жесір қалған анасына қашанда болысты.
– Біздің бала кезімізде сауат ашу өте қиын болатын. Қара жұмысқа жегілген анамыз ашаршылық кезінде ас-ауқат табудың қамымен жүрді. Ауылдың балалары жас шамамызға қарамастан, мектепте бірге оқыдық. Тереңөзекте кішкентайымнан 4 жыл жұмыс жасап, бір мекемеден табыс таптым. Содан кейін Қызылорда қаласында механика мектебінде 6 ай курстан өтіп, колхозға жұмысқа орналастым. Осылайша, тракторды тізгіндеп, ел қатарлы еңбек етуге кірістім, – дейді Өмірбек ақсақал.
Оқу бітірісімен трактордың рөліне отырған арда азамат Аманкелді, Сәкен Сейфуллин, Тереңөзек секілді елді мекен мен кенттің айналасындағы аяқсу жүретін каналдарды қазуға атсалысты.
– Дарияның қауіпті жерлерінен халықты сақтау мақсатында алғаш бөгет тұрғызған біз едік. Үнемі су арнасынан асқан кезде тракторымызды сайлап, дария етегінен табыламыз. Жұмыла көтерген жүктің арқасында талай елді мекенді су басу қаупінен аман алып қалдық. Екі ортаны жалғайтын көпір жоқ. Жас кезімде дарияның үстінен көпір тұрғызылса, «арманым жоқ» деп айтатын едім. Шүкір, бүгінде сол күнді көзімізбен көрдік. Тынымсыз еңбектің нәтижесінде, кеудемізде медальдер жарқырады. Понтоннан көрген азарды ешкімнің басына тілемеймін, – деді қазыналы қарт.
Ауылдағы Оңғарбайдың жеңіл машинасынан бастап, комбайн, Зил-150 жүк көлігін 19 жыл тізгіндеген. Ардақты азаматтың суреті құрмет тақтасына ілініп, мерейі таси түсті. Шешесінің қасынан табылып, інісі Ахметбекті Семей қаласына оқуға түсірді. Үйдегі отанасы Құндызай Ермаханқызы – 10 бала тапқан алтын құрсақты ана. Аяулы ана құрылыс салып, бау-бақша егумен айналысқан. Бірнеше жыл бұрын дертті болып, бақилыққа аттанған. Қазіргі уақытта қарашаңырақта ақсақал ұлы Баубектің отбасымен бірге тұрады.
«Жер жыртқанның қолы талып, еліне еңбегі сіңеді» деген халық арасында тәмсіл бар. Ашаршылық, соғыс, бейнет, жоқшылықта балалық шағы өткен қазыналы қарт еңбегімен елеулі, ақылымен ұрпағына дара.
Балтабай ОРДАБЕКОВ