Ағайынды жауынгер


Сырдариялық ағайынды Нұрғали және Ерғали Есжанұлы – майдан даласында от кешкен майдангерлер. Бір үйдің екі баласы соғысқа аттанып, ел үшін жан алысып, жан беріскен майданда ерлік көрсеткен жауынгерлер. Ағайынды қос жігіттің үлкені Нұрғали Есжанұлы Майлықұм ауылында туып өскен. Соғыс басталғанда 27 жастағы жігіт ағасы мұғалім болған. Еңбек жолын небәрі 16 жасында Ташкент ағарту қызметкерлері одағында №20 жергілікті комитеттің мұғалімі болып бастап, көп ұзамай осы одақтың кәсіподақ комитетінің төрағалығына сайланған.
– Менің майдангер атам Нұрғали 17 жасында «Правда Востока» газетінің тілшісі болған. Көзі ашық, көкірегі ояу атам Орталық Азия Орталық комитетінің, Өзбек ССР Орталық атқару комитетінің, Орталық Азия ВЦПС бюросының мүшесі болып сайланған. Атамның өмірдерегінде 1935 жылы туған жерге оралғаны айтылады. 1938 жылға дейін Майлықұм бастауыш мектебінің, 1939 жылға дейін Қызылөзек 7 жылдық мектебінің директоры болып жұмыс істеген. 1937 жылы КСРО-ның «Еңбекте ерекшеленгені үшін» медалімен марапатталып, сыйлыққа Мәскеуден патефон келгенін кезінде көзін көргендер айтқан еді, – дейді майдангер ұрпағы Серік Алмасұлы.
Нұрғали Есжанұлы әскерге 1939 жылы шақырылады. Кеңес әскері қатарында аға лейтенант шенін алған Нұрғали Өтеков Сібір №129 атқыштар полкінің рота командирі болады. Жауынгер 1942 жылдың қысында «қанды қасап» атанған Сталинград майданында шайқасады. Көптеген кескілескен ұрыстарда ротаны жауға бастаған Н.Есжанұлы ерлігі үшін бірінші, екінші дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл жұлдыз» орденімен және «Сталинградты азат еткені үшін», барлығы отыз шақты орден, медальдарымен марапатталған. 1943 жылдың қысында кескілескен ұрыс кезінде командир сол аяғынан ауыр жарақат алып, далалық госпитальде емделеді. Дәрігерлердің қорытындысы бойынша соғысқа жарамсыз деп танылып, елге қайтарылған.
Туған жерге оралған соң майдангер мұғалім мамандығын қайта жалғастырады. Молотов, Шымбөгет жеті жылдық, М.Калинин атындағы орта мектепті, Тереңөзек аудандық халық ағарту бөлімін басқарады. Бірнеше жыл туған ауылында Қызыл Ту ауылдық кеңесінің депутаты болып сайланып, ауылдық атқару комитетінің төрағасы болады.
Майдангердің өзінен бір жас кіші інісі Ерғали Есжанов Майлықұм ауылында 1915 жылы туған. Жауапты қызметте жүріп, 1940 жылдан 1943 жылға дейін Қызыл Ту ауылдық кеңесінің хатшысы болады. Ерғали Есжанұлы 1943 жылы соғысқа аттанып, басқыншы жауды өз ұясында талқандауға дейінгі қиян-кескі ұрыстарға қатысады. 1945 жылы Жеңіс орнағаннан кейін бір жылдан соң елге оралады.
Ерғали Есжанұлы соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру кезеңінде Ташкент ауыл шаруашылығы институтында оқиды. Жоғарғы оқу орнын бітірген соң Сарыағаш ауданында агрономдық қызмет атқарып, 1967 жылы туған жерге оралады. Елдегі қызметін Қызылорда облыстық шегірткеге қарсы күрес экспедициясының Тереңөзек ауданы бойынша бөлім бастығы болып еңбек етумен жалғастырған.
Ұлы Отан соғысының ардагері, атақты бағбан, агроном Ерғали Есжанов ауданда «Серікбай» түбегінде тұңғыш жеміс бағын ашты. Туған жердің көркеюіне, гүлденуіне елеулі үлес қосты. Майдангер Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі үшін көптеген орден, медальдармен марапатталған.
Ағайынды жауынгерлердің бүгінде ұл-қыздары, немере-шөберелері ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып, түрлі салада абыройлы еңбек етуде.
Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ