Ерлік көрсеткен қос жауынгер
Сұрапыл соғыс жылдары майдан даласына бір отбасынан бірнеше адамның да жіберілгені ел есінде. Қиян-кескі соғыстың бел ортасынан табылған сарбаздардың ерлігі ешқашан ұмытылмасы анық. Отанды қорғау үшін асқарлық ағайынды қос жігіт Нұрғали және Ерғали Есжанұлы – кеудесін оққа тосқан майдангерлер.
Мұздай қаруланған фашиспен арпалысқан ағайынды Нұрғали Өтеков пен Ерғали Есжанов – бұрынғы Тереңөзек ауданына қарасты Майлықұм ауылының тумасы. Нұрғали 1914 жылы дүниеге келсе, араға 1 жыл салып інісі киелі шаңырақтың көзқуанышына айналады. Қос перзенттің үлкені Нұрғали Өтеков 16 жасынан ағартушылық саланың басы-қасынан табылған. Яғни, оның қызметтік жолы Ташкент ағарту қызметкерлері одағында №20 жергілікті комитеттің мұғалімі болып басталады. Араға бірнеше ай салып ол аталған одақтың кәсіподақ комитетінің төрағасы ретінде сайланады. Жалынды жас «Правда Востока» газетінің тілшісі бола жүріп, Орта Азия ОК, Өзбек ССР Орталық атқару комитетінің, Орта Азия ВЦПС бюросының мүшесі атанады. Кейіннен туған жерге оралған білім саласының майталманы Майлықұм және Қызылөзек ауылында орналасқан мектепте директор қызметін атқарады. Қажырлы еңбегімен танылған ұстазға КСРО-ның «Еңбекте ерекшеленгені үшін» медалі табысталады. Сыйлық ретінде Мәскеу қаласынан патефон келеді.
Осылайша, 1939 жылы Кеңес Армиясы қатарына шақырылған ұлағатты ұстаз аға лейтенант шенін алады. Сібір №129 атқыштар полкінің рота командирі атанған жауынгерге жауапты қызмет жүктеледі. Сталинград майданында шайқасқан майдангер ротаны бастап, кескілескен бірнеше ұрыста ерлік танытады. Өз кезегінде жаудың бетін ықтырған жауынгерге «Отан соғысы», «Қызыл жұлдыз» орденімен қатар, 30-ға жуық медаль берілгені сөзімізге дәлел. Кезекті ұрыс кезінде командир аяғынан ауыр жарақат алып, елге оралады.
Аяқтан алған жарақат салдарынан ауылына оралған майдангер Молотов пен Шымбөге 7 жылдық, Калинин атындағы орта мектепті, Тереңөзек аудандық халық ағарту бөлімін басқарады. Қызыл Ту ауылдық кеңесінің депутаты болып сайланып, ауылдық атқару комитетінің төрағасы қызметін абыроймен жүзеге асырады.
Әрине, Есжан әкейдің екінші перзенті Ерғали Есжанов жөнінде ой өрбітсек, ғибраты мол дүниеге қанығамыз. Ағасы секілді Ерғали де, қиян-кескі соғысты көзімен көрген. Бұған дейін Қызыл Ту ауылдық кеңесінің хатшысы қызметін атқарған Ерғали Есжанов ауылдың жағдайын түзеуге күш салады. Соғыс жылдары қалжыраған әрбір отбасының аяқтан тұруына жағдай жасайды. Соғыстан жалғызы мен ұлы оралмаған талай жесірге қамқорлық танытып, халқына адалдығын танытады. 1943 жылы соғысқа аттанған қатардағы жауынгер майданда өшпес ерлік көрсетеді.
– Біз жыл сайын айтулы мереке қарсаңында әкелерімізді еске аламыз. Олардың ерліктерін ұрпағымызға айтудан жалықпаймыз. Екеуі де соғыстан аман оралып, ел үшін қызмет ете білді. Ерғали әкемізден тараған 2 ұл, 4 қыз қарашаңырақты құлатпай ұстап отыр. Сонымен бірге үлкен әкемнен 2 ұл, 1 қыз бар. Аналарымыз ердің бабын тауып, лайықты құрмет көрсете білді. Қос ағайынды майдангер лауазымды қызмет етіп, еңбегі үшін халықтың арасынан лайықты бағасын ала білді. Әркез майдангер ұрпағы болғанымыз үшін мақтанамыз. Барша ағайынды Жеңіс күнімен құттықтаймын, – деді ұлы Алтынбек Есжанов.
Саналы ұрпақтарының жадында жарқын істері сақталатын Ерғали Есжанов соғыс біткеннен кейін 1 жыл салып елге оралады. Халық шаруашылығын қалыпқа келтіру мақсатында Ташкент ауыл шаруашылығы институтында білім алады. Оқуды бітіргеннен кейін Шымкент қаласында агороном болған Ерғали Есжанұлы Қызылорда облыстық шегірткеге қарсы күрес экспедициясының Тереңөзек ауданы бойынша бөлім бастығы болып еңбек етеді. «Серікбай» түбегінде тұңғыш жеміс бағын ашқан Ерғалидың орасан еңбегі осы уақытқа дейін ел аузында жүр. Бірнеше медаль мен орден иеленген майдангер туған жердің гүлденуіне зор үлес қосты.
Биыл Жеңістің 78 жылдығын атап өтудеміз. Қос майдангердің әрбір ұрпағы әкелерінің есімін жаңғырта бермек. Міне, ұрпақтар сабақтастығы айқын көрініс тапқаны осыдан болар.
Балтабай ОРДАБЕКОВ