КӨТІБАР ҰРПАҚТАРЫ кім? қайда?
Сыр өңірін Қоқан басқыншыларынан азат етуші әйгілі жүзбасы Көтібар Итаяқұлы өткен ғасырдың шамамен 1825-30 жылдар аралығында қазіргі Сырдария ауданы Нағи Ілиясов ауылы төңірегінде дүниеге келген. (Бұрынғысынша айтқанда Перовск уезі «Царская» болысының жетінші ауылы). Кіші жүздің Жаппас руынан, оның ішінде Мойнақтың Құрымшы аталығынан тарайды. Әкесі Итаяқ ауыздан ауызға жеткен әңгіме бойынша дәулетті, мұрап болған кісі. Қазақ жеріне орналаса бастаған орыстар үшін «дипломды гидротехниктер» – мұрабтар сыйлы мамандық болған.
Қызылорда қаласының орталығындағы «Сарқырама» каналын Көтібар Итаяқовтың қаздырғаны туралы деректерде айтылады. Оның үстіне Көтібар Қоқан хандығы бектерінің Сыр бойы халқына жүргізген озбыр саясатына қарсы тұрған адам. Көтібардың үлкен адамгершілік, азаматтық, атаға адалдық қасиетінің бірі - әкесі Итаяққа арнап мұнара тұрғызуы. Сырдария өзенінің сол жағалауындағы Сырдария ауданы (Тереңөзек) шекарасында төбе басындағы бұл белгіні «Самара-Шымкент» тас жолы бойынан анық байқауға болады. Ол 1906 жылдың шілде айының 26-шы жұлдызында дүниеден өткен. Көтібар аса момын, шаруақор жан болған. Сақтық пен ыждағаттылықты ұнатқан екен. Ол бар болғаны су мұрабы болып еңбек етіп, ел ішінде «Арық ақсақал» атанған. Қоқан хандығы бектерінің Сыр бойын жаулап алу саясатына қарсы тұрып, орыс әскерінің қолбасшылары Перовский мен Колпаковскийге қолғабыс тигізген. Оның көрсеткен ерлігі, үлкен жәрдемі үшін «Орыс–қырғыз жүзбасы офицері» деген атағы берілген.
Өткен дәуірдің зұлмат айдаhарының шеңгеліне тек қана Көтібар ғана емес, оның әулеті түгел іліккен еді. «Бай баласысыңдар» деген жаламен 1937-1938 жылдары Итаяқ әулетінің ұлдары Әлмағамбет, Пірмағамбет, Жанғабыл, Ибраhимдер іліккен. (Пірмағанбетов Ибраhим Ташкенттегі САГУ–дің жұмысшы факультетінде оқу ісінің меңгерушісі болып істеп, 1930-1940 жылдар аралығында Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы Ғабит Мүсіреповтың іс жүргізушісі болып та қызмет еткен. (Ол жайлы Қ.Жұмағалиевтің «Жайсаң жандар» атты естелігінде айтылған).
Бұлардың ішінде дәм-тұзы таусылмай елге оралғаны Көтібардың ең кенжесі Жанғабыл Көтібаров қана. Бірақ 1953 жылға дейін оның соңынан «бай баласы» деген атақ қалмаған. Тек 1953 жылы ғана ақталып, партия мүшелігіне қайта алынған. Ал жарқын өмірін қайта бастап, партия және еңбек ардагері ретінде ел құрметіне бөленген Жанғабыл Көтібаров 1986 жылдың 30-шы қарашасында дүние салған. Жұбайы Зылиха Тастемірқызы өзінен 25 күндей бұрын көз жұмған. Ол «Қазақ ССР-іне еңбегі сіңген кітапханашы» атағын алған. Зылиха Хамза Есенжановтың зайыбы Софияның апасы.
Көзі тірісінде Жанғабыл ауылдастарын кездестіріп қалса, «Мұнара тұр ма?», – деп әкесі Көтібардың мұнарасын сұрайды екен. Кезіндегі қуғын-сүргін заманында әкесі жайында халық алдында әңгіме қозғамақ түгілі, атын атауға да қаймыққаны өкінішті. Оған себеп, әуелі Қарқаралыда, кейіннен Алматыда заң орнында қызмет істеп жүрген жерінен Жанғабылды біреулердің «Мынау Көтібар деген бай-манаптың баласы, әкесі қажы болған» деп көрсетіп, жазықсыз сегіз жылға соттатып жіберген көрінеді.
Көтібардың ұлдарының ең үлкені – Омар. Ол әділдік пен тазалықты жақтап, «сопы» атанған. Сонымен қатар сынық салып, әртүрлі ауруларға ем жасаған. Ел аузындағы әңгімеге қарағанда Омар емшілікті өз інісі, Петербург Жоғары Әскери медициналық академиясының түлегі Әлиден үйренген екен.
Қазақ Совет Энциклопедиясының 6 томының 53 бетіндегі мына жолдарға назар аударсақ: «Көтібар мұнарасы – мұнара. Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданына қарасты «Қызыл қайрат» колхозының жанында. Мұнара шикі кірпіштен салынған (кейбір деректерде жылқының қылы мен жылқының сүтін араластырған), ішінде айналып шығатын баспалдағы бар. Көтібар мұнарасының биіктігі 10 метрден асады. Әуесқой архелог А.О.Омаровтың хабарына қарағанда Көтібар мұнарасы 1869 жылы салынған».
Осы бетте тұңғыш қазақ дәрігерлерінің бірі Әли Көтібаров жайлы да мәліметтер бар. Бірақ бұл жерде «Қызыл қайрат» колхозы деп жаңсақ айтылған. Себебі, Әли Көтібаров пен оның ата-бабасының өсіп, өнген жері – бүгінгі Н.Ілиясов ауылы, ертеректе Қазақ ССР-інің 50 жылдығы атындағы совхоз, ол Карл Маркс атындағы колхоз және «Қызыл коммуна» деп аталған.
Көтібар о баста бұл мұнараны өз әкесі Итаяққа арнап салдырған көрінеді. Сөйтіп бұл әулеттен төрт азамат Сталиндік репрессияның құрбаны болса, оның үшеуінен күні бүгінге дейін хабар жоқ.
Көтібар Итаяқұлының ешқандай да бай-манап болмағандығын архив құжаттары дәлелдеген. Оған жалғыз бұзаулы сиыр мен көтерем аттан басқа байлық бітпегені, тіпті 1893 жылы Ташкент генерал-губернаторының ұйғарымымен Петербургтегі Академияға қабылданған екінші ұлы Әлидің елге хат жазып, әкесінің кедей-шаруа екендігі туралы анықтама алдырып, Теңіз ведомствосының стипендиясымен оқып, сол алған ақшалай көмегі үшін патша армиясы қатарында 4 жыл 9 ай қызмет етуге мәжбүр болуы бұлтартпас дәлел бола алады.
Әли Қоқанда қалалық дәрігер болып қызмет атқарып, Әскери Бас инспектордың 1906 жылдың 23 шілдесіндегі №59 бұйрығына сәйкес Сырдария облысының Перовск оязындағы Жөлек селосына учаскелік дәрігер болып тағайындалады. Ол дәрігер болып қана қоймай, «Капитан» дәрежесіне көтеріліп, 3-ші дәрежелі «Қасиетті Станислав» орденімен де наградталған.
Сонымен қатар ол жоғары мәртебелі азаматтық хал-актілерінде 1908 жылдың 21 шілдесінде тіркелген. №41 бұйрыққа сәйкес Юстиция министрлігінің бекітуімен Ташкент округтік сотының құрметті судьясы да болып істеген. Қазақстанда Совет өкіметін орнатуға белсене атсалысқан революционерлер Тоқаш Бокин, Ораз Жандосов, Мағзы Масанчи, Дмитрий Фурманов, Бари Шагабуддинов, Кәрім Сүтішевтермен бірге Жетісу бойында Черкасск қорғанысында өткен шайқастарда Әли бригада бас дәрігерінің міндетін абыроймен атқарып, жараланған мыңдаған жауынгерлердің қатарға қосылуына дәнекер болуы, 1922-23 жылдары Ақмешіт өлкелік денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі, 1924-25 жылдары қалалық аурухананың аға дәрігері, сот-медициналық сарапшы әрі санитарлық дәрігер болып еңбек еткен өмір жолдары арнайы зерттеліп, тиісті бағасын алуға тұрарлық дүниелер деп есептейміз.
–1906 жылдың 30 маусымында Сырдария облысының Перовск уезінің Жөлек поселкесіндегі дәрігерлік бөлімшеге дәрігер болып тағайындалған Әли жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігінің ауырлығын көзімен көреді. Көзі ашық, сауатты кісілерді төңірегіне топтайды. Сол кезде жаңаша хат танитын, сауатты Фазыл есімді ауыл мұғалімімен достасады. Фазыл бірде Әлиге дос көңілден өлең арнапты.
Әлижан, кәріптерге көңілің жуық,
Тимейді еш адамға сөзің суық.
Атаңда қалың дәулет болмағанмен,
Оқытты тәуекелге белін буып.
Жаға ма айтқан сөзім құлағыңа?
Көңіліңе мақұл болып ұнады ма?
Айырылып, әуре болып қалып едім,
Жеттім бе, себебімен мұратыма!
Бұл ағаң мұнан артық сөз білмеген,
Ойланып жай айтады тез білмеген,
Ақылың мол, пейілің кең Әли жансың.
Жерің жоқ қысылғанды көзге ілмеген,–депті өлеңінде.
Осылайша, қазақтың алғашқы дәрігерінің бірі – Әли Көтібаровтың Қазан төңкерісіне дейінгі өмірінен табылған деректер аз болған. Ал Ұлы Октябрь революциясынан кейінгі дәрігерлік қызметі – Қызылорда өңірімен тікелей байланысты. Қызылорда облыстық архивінен шыққан кейбір деректерге сүйенсек, оның 1922-23 жылдары Ақмешіт өлкелік денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі, 1923-24 жылдары қалалық аурухананың аға дәрігері, 1925 жылы сот-медициналық сарапшы әрі санитарлық дәрігер болып істегені жайлы бұйрықтар мен нұсқаулардың түпнұсқасы сақталған. Өмірінің соңғы жылдарында далалық жағдайда аянбай қызмет етіп жүріп, денсаулығын бұзып алып жіңішке (туберкулез) ауруына шалдыққан Әли әрі қарай жұмыс істеуге мүмкіндігі болмай, 1925 жылдың аяғында өз еркімен жұмыстан босанып, туған топырағы Ақмешітке келіп тұрады. Оның зайыбы Бибіайша Асфендиярова белгілі дәрігер, тарихшы, мемлекет қайраткері Санжар Жағыпарұлы Асфендияровтың апасы. Әли Көтібаров Бибіайша екеуі бір ұл, бір қызы – екі перзент сүйген. Ұлы гимназия бітіріп, Мәскеуде қызмет атқарып жүрген жерінде қыршын кеткен. Әнел есімді қызы 1937 жылы Ташкентте оқып жүріп бейхабар кеткен. Дәрігердің өзі «Көтібар» мұнарасының жанындағы кесенеде әкесінің қасында жерленген. Аяулы дәрігер 1926 жылы 55 жасында дүние салады.
Н.Ілиясов ауылдық модельді кітапханасы жанынан құрылған «Ізденсем, білсем» танымдық клубы Сырдан шыққан алғашқы дәрігер Әли Көтібаров жайлы 2015 жылы зерттеу жүргізген болатын. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» тас жолында Н.Ілиясов ауылынан 18 км жерде орналасқан «Көтібар» мұнарасына барып, мұнара тарихымен және Әли Көтібаров пен оның әкесі Итаяқ Көтібаровтың жерленген кесенесі басында болып, әруақтарға құран бағыштап қайтқан. «Ізденсем, білсем» клубының жетекшісі Т.Жұмабековтің айтуынша казіргі бейіт орналасқан жерде бұрын ауыл болған. Бала кездерінде осы «Көтібар» мұнарасында үлкен кітапхана болғанын, сол жерден керек кітаптарды алып оқып, кейін қайтарып апарып орнына қоятынын айтты. Қазіргі таңда мұнараға 151 жыл толып отыр.
Көтібар ұрпақтары бүгінде Алматы, Қызылорда, Қостанай өңірлерінде тұрады. Омар, Әлмұхамед, Пірмағанбет, Нұрекеш пен Нәрекеш ұрпақтары бар. Алғашқы әскери қазақ дәрігері Әли Көтібаровтың атында Қызылордада көше бар.
Айдана МАРАТҚЫЗЫ