Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Әдепті келін – ауыл көркі

Әдепті келін – ауыл көркі

Республика күні мерекесі қарса­ңында аудан көлемінде ауқымды іс-шаралар өткізілуде. Соның бірі – С.Сейфуллин ауылдық округіндегі келіндер сайысы. «AMANAT» партия­сының «Ұлттық мұра» партиялық жобасы аясында өткен мәдени іс-шараға партияның Сырдария аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы, «С.Сейфулин» бастауыш партия ұйымының төрағасы Қайрат Есекеев, ардагерлер мен ауыл тұрғындары қатысты.

Сайысқа қатысушыларға сәттілік тілеген фракция жетекшісі Ақтөре Ибрагимұлы жиналғандарды ауыл­дың 50 жылдық мерейтойымен және Респуб­­лика күні мерекесімен құттық­тады.

– Биыл бәріміз үшін қуанышты жыл. Ауылдың құрылғанына 50 жыл толуда. Мұнан бөлек біз Республика күні мерекесі қарсаңында бас қосып отырмыз. Осынау мерекелер аясында «AMANAT» партиясының «Ұлттық мұра» партиялық жобасы аясында Сәкен Сейфуллин ауылдық округінде келіндер сайысын өткізуді жөн көрдік. Біздің басты мақсатымыз – ұлттық және отбасылық құндылықтарды нығай­ту, өнерге бейім жас келіндерге қолдау көрсету. Мәдени іс-шараға қатысуға ниет білдірген келіндерге алғы­сымызды айтамыз. Қазақ халқы ұлттық құндылықтарға, отбасылық қарым-қатынастарға ерекше мән берген. Сәкен Сейфуллин ауылы – бірлігі жарасқан, бақ қонып, құт дарыған ірге­лі ауыл. Сондықтан бұл ауылдағы әр отбасы үлгілі, өнегелі деп есептейміз. Бүгінгі сайысты ұйымдастыру арқылы бір жағынан ауылдың 50 жылдық мерейтойына тарту жасағымыз келді, – деп атап өтті Ақтөре Ибрагимұлы.

Келіндер сайысына ардагер ұстаз, білім беру саласының майтал­маны Қаламқас Молдаш, «Алтын алқа» иегері, еңбек ардагері Жанат Сүлейменова, ауыл кітапханашысы Лаура Нұрышова қазылық жасап, келін­­дердің өнерін бағалады. Сайыс үш кезең бойынша өтті. Бірінші кезеңде қатысушылар өздерінің шыққан тегін, отбасын және жетістігін таныстырса, екінші кезеңде өз өнерлерін көрсетті. Ал үшінші кезеңде қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы туралы сұрақтарға жауап берді.

Қазылар алқасының шешімімен жүл­­делі І орынды Марта Елеукеева жеңіп алды. ІІ орын Әйгерім Асанбайға бұйырса, ІІІ орынмен Аруна Ізімбет марапатталды. Жеңімпаздарға арнайы диплом, естелік сыйлық табысталды. Іс-шара соңында «С.Сейфулин» бас­тауыш партия ұйымының төра­ғасы Қайрат Есекеев, ардагер ұстаз, бі­лім беру саласының майтал­маны Қаламқас Молдаш, «Алтын ал­қа» иегері, еңбек ардагері Жанат Сүлейменова, кітапханашы Лаура Нұрышова сөз сөйлеп, байқауды ұйым­­дастырушыларға ризашылығын жеткізді.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ

25 қазан 2025 ж. 65 0