ЖЕРІ БАЙДЫҢ – ЕЛІ БАЙ
Ахмет – құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде.
Әйтек – темір жол бекеті. Қызылорда қаласынан солтүстік-батысқа қарай 29 км жерде. Ру атынан қойылған атау.
Баршынкент (Қызқала, Қышқала) – ортағасырлық қала орны. Сырдария өзенінің төменгі ағысы маңында, Қызылорда қаласынан оңтүстік – батысқа қарай 25 км-дей жерде орналасқан. Қала орнына өткен ғасырда П.И.Лерх, В.А.Каллаур, 1946 жылы С.П.Толстов бастаған Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы зерттеу жүргізген. Академик Ә.Марғұлан Баршынкентті Алпамыс батыр жырындағы Гүлбаршынның есімімен байланыстырады. Баршынкент Шыңғыс хан шапқыншылығына дейін оғыздар мен қыпшақтардың арасындағы шекаралық аймақтағы үлкен маңызды стратегиялық бекініс және мәдени-сауда орталығы болған. Баршынкентте теңге соғатын сарай болғаны да белгілі. Осының бәрі оның Алтын Орда тұсында да ірі саяси, мәдени және білім ордасы болғандығын көрсетеді. Қаланың аты 15-ғасырдан бастап жазба деректерде кездеспейді. Оның күйреуіне не себеп болғаны әлі зерттелмеген.
Бейбіт – құдық. Дариялық жазығының батыс бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.
Белқұдық – құдық. Дариялық Тақыр жазығының солтүстігінде. Бел және құдық сөздерінен жасалған. «Кезең астындағы асудың ар жағындағы құдық» немесе «орта тұстағы құдық» мәніндегі атау.
Бесарық – ауыл, өзімен аттас ауылдың округ орталығы. Тереңөзек кентінен оңтүстік-шығысқа қарай 56 км жерде, Жаңадария каналының жағалауында, шөлді белдемде орналасқан. Іргесі 1948 жылы ескі «Тораңғылсай» арнасы бойында қаланды. Ауыл 1993 жылға дейін Жамбыл атындағы қаракөл қой кеңшарының орталығы болып келді.
Дариятам – құдық. Дариялық Тақыр жазығының шығыс бөлігінде.
Докилан – құдық. Бетпақдаланың солтүстік-батысында.
Еспе – сор. Арысқұм құмының солтүстігінде. Жағалауы құмдауыт келген борпылдақ, бостау, жазда құрғап қалатын жер болғандықтан қойылған атау болса керек.
Жайлыбай – жайлау. Арысқұм құмының солтүстігінде. Кісі есімінен қойылған атау.
Жайсан – қыстау. Арысқұмның оңтүстік-батыс бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.
Жамансу – артезиандық құдық. Дариялық Тақыр жазығының солтүстігінде.
Жаңаталап – қыстау. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде, Жаңадария өзенінің аңғарында.
Жартықұм – ауыл орны. Тереңөзек кентінен оңтүстікке қарай 12 км жерде, Сырдария өзенінің аңғарында.
Жасқайрат – канал. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде, Сырдария алабында.
Желді – артезиандық құдық. Арысқұмның оңтүстік-шығыс бөлігінде.
Жетікөл – ауыл, Аманкелді ауылдық округі құрамында болған. 2004 жылы Жетікөл елді-мекені Аманкелді ауылдық округінен бөлініп, өз бетінше ауылдық округ болып қайта құрылды. Тереңөзек кентінен оңтүстік-шығысқа қарай 78 км жерде орналасқан. Іргесі 1957 жылы қаракөл қойын өсіретін Аманкелді атындағы кеңшар бөлімшесінің орталығы ретінде қаланған.
Жетікөлжарма – канал. Қызылорда қаласының оңтүстігінде, Сырдария өзенінің аңғарында.
Жидебай – көл. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде, Жаңадария өзенінің аңғарында. Кісі есімінен қойылған атау.
Исақұдық – құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. «Исаның құдығы мәніндегі атау».
Келдібай – құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде, Сырдария ауданында. Кісі есімінен қойылған атау.
Кенжебай – құдық. Арысқұм құмының солтүстік-батыс бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.
Керкелмес – темір жол бекеті. Қызылорда қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 38 км жерде.
Кетеқазған – құдық. Арысқұмның оңтүстік-батыс бөлігінде. Кете есімді кісінің қазған құдығы болғандықтан қойылған атау.
Көкиірім – артезиандық құдық. Арысқұмның шығысында.
Көксеңгір – төбе. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде, Жаңадария өзенінің аңғарында. Абс. биіктігі – 171 м. Көк және сеңгір сөздерінің бірігуі арқылы жасалған. Иран тіліндегі сангяр – «биік тау». Сонда атаудың мағынасы: «көк, көкшіл биік тау» дегенді білдіреді.
Көксеңгір – артезиандық құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде, Жаңадария өзенінің аңғарында.
Көшеген – құдық. Арысқұм құмының солтүстік-батыс бөлігінде. Тереңдігі – 4 м, шығымы – 250 л/с. Кісі есімінен қойылған атау.
Көшен – құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.
Күмісқорған – қоқандықтар қорғаны. Қоқандықтар мен Хиуалықтар шекарасында 1818 жылы салынған. Күмісқорған қалдығы Сырдария (Тереңөзек) ауданының Ақжарма мен Шаған ауылының шекарасында «Шіркейлі» каналының жағасында сақталған.
Қорғанның Күмісқорған аталуы туралы түрлі аңыз-әңгімелерде сақталған. Соның бірі – зорлықпен келген Күміс атты қазақ қызының қазақ ауылдарына астыртын көмектесуіне байланысты сол қыздың есімімен аталған деседі.
Кілемжайған – ұсақ көлдер аты, ежелгі қоныс орны. Аудандағы Қараөзек ауылына жақын жерде, Қызылжарма (11-темір жол айырмасы) ауылының солтүстік-шығысында орналасқан. Романовтар патшалығының 300 жылдығында Перовский шаңырағын патша әулеті қонаққа қоңыраулы күймемен саяхаттап келе жатып, осы Кілемжайған жеріне тоқтаған. Жергілікті болыс, билер көл жағасына 300 кілем жайып, 3-4 қатар ақ үй тігіп, патша әулетін қонақ еткен. Сол жер кейін Кілемжайған аталған.
Қабылкөл – темір жол бекеті. Жалағаш кентінен шығысқа қарай 16 км жерде. «Қабылдың көлі» деген мағынадағы атау.
Қазансынған – құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде, Жаңадария өзенінің аңғарында. Құдық басында болған белгілі бір оқиғаға байланысты қойылған атау.
Қазымбеткөл – көл. Дариялық Тақыр жазығының оңтүстік-батысында, Қараөзек тарамының бойында. «Қазымбеттің көлі» мәніндегі атау.
Қалғандария – елді-мекен. Қалғандария атауының мағынасы: «Сырдария өзенінің бөлініп қалған тармағы, бөлігі», сол себептен Қалғансу, Қалғандария деп аталса керек.
Қалжан ахун – ауыл, өзімен аттас ауылдық округтің орталығы. Тереңөзек кентінен оңтүстік-батысқа қарай 37 км жерде, Сырдария өзенінің сол жағалауында, сарсазан, қарабарақ, бұйырғын, баялыш, т.б. сораң шөптесін өскен қуаң шөлді белдемде орналасқан. 1967-97 жылдары күріш өсіретін Ильич атындағы кеңшардың орталығы болып келді. 1997 жылдан бастап Мәлібаев атындағы кеңшардан бөлініп шықты.
Қалжан ахун мешіті – сәулет өнерінің ескерткіші. Діни ғұлама Қалжан ахун Бөлекбайұлы салдырған. Іргетасы 1902 жылы қаланған. 1922-30 жылдары алғашқыда «Ақжол» мектеп-интернаты, кейін жеті жылдық мектеп болды. 1937 жылы кеңес белсенділері бұзған. 1989 жылы мешіт облыстық тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамының есебіне алынған. Қазір Жалағаш пен Сырдария аудандарының тұрғындары қамқорлыққа алған.
Қалмас – құдық. Дариялық Тақыр жазығының солтүстік-шығыс бөлігінде.
Қамысбұлақ – бұлақ. Арысқұмның оңтүстік-шығыс бөлігінде. Бұлақ маңында қамыс көп өскендіктен қалыптасқан атау.
Каналықұдық – құдық. Дариялық Тақыр жазығында, Сырдария өзенінің аңғарында.
Қарабұлақ – құдық. Арысқұмның оңтүстік-шығыс бөлігінде. Бұлақ қыста да қатпай, алыстан қарағанда жағалауындағы аппақ қардан ерекше боп қарайып ағып жатқандықтан осылай аталса керек.
Қарадария – құрғақ арна. Жаңадария өзенінің алабында, Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. Түркі-иран тілдеріндегі «үлкен өзен» мәніндегі атау.
Қаракемпір, Қаракемер – жер атауы, қоныс. Дариялық Тақыр жазығының солтүстігіндегі қыратты жазық дала. Даланың солтүстігін плейстоценбор кезеңдерінен түзілген (Саралаң, Сарыалаң) қыратты өңірі және Телікөл көлі аралығындағы жазық далаға ұласады. Дала Қызылорда қаласынан 65 км жерде жатыр. Бұрын малшылар мал жайылымына пайдаланған. Атаудың бірінші сыңарындағы қара сөзі бұл жерде «үлкен», «зор» мәнінде қолданылып тұрса, екінші сыңарындағы иран тіліндегі кемер – «бір жақ қабағы биік су орған арна» мағынасындағы сөз. Яғни, атау мағынасы: «су орын кеткен үлкен, кең арна, қарайып жатқан тік қабақ» дегенді білдіргендей.