Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖЕРІ БАЙДЫҢ – ЕЛІ БАЙ

ЖЕРІ БАЙДЫҢ – ЕЛІ БАЙ


Сырдария ауданы Қызылорда облысының орталық бөлігінде орналасқан әкімшілік-аумақтық бөлініс. Жер аумағы – 4067949 га. Ауданда 39 897 тұрғын тұрады. Оның 39374-і қазақ, 263-і орыс, 71-і кәріс, 92-сі шешен, қалғаны басқа ұлт өкілдері. Аудан халқының басым бөлігін (98,2%) осы өңірдің байырғы тұрғындары – қазақтар құрайды. Халықтың орташа тығыздығы 1 шаршы км-ге шаққанда 0,9 адамнан келеді. Аудан аумағындағы елді мекендер 1 кенттік, 13 ауылдық округтерге біріктірілген. Әкімшілік орталығы – Тереңөзек кенті. Сырдария ауданы 1928 жылы құрылған. Оның аумағында 1936-40 жылдары аралығында жалпы саны 25 ұжымшар болған. 1967 жылы Сырдария, Тереңөзек аудандары негізінде жаңа Сырдария ауданы бөлініп шықты. 1997 жылы облыс аумағында әкімшілік аумақтарды оңтайландыру саясатына байланысты Сырдария және Тереңөзек аудандары негізінде қазіргі Сырдария ауданы құрылды.
Аудан аумағы толығымен Тұран ойпатында жатыр. Сондықтан оның жер бедері, негізінен жазық келген. Тек ауданның солтүстігі мен оңтүстік бөліктерінде бірнеше шағын қырат, аласа таулар мен құмды төбелер кездеседі. Солтүстігінде Арысқұм құмды алқабы, батыстан шығысқа қарай созылып жатқан құмды-саздақты келген Дариялықтақыр жазығы бар. Бұлар ауданның солтүстік бөлігін (Сырдарияның оң жағалаулық аңғарын) алып жатыр.
Шартты түрде алынған Сырдария ауданының оңтүстік бөлігі Сырдарияның сол жағалық аңғарын қамтиды. Бұл өңірде Сырдарияның Жайылмасы, Заңғартөбе тауы, одан әрі құмды-төбелі Қызылқұм құмды алқабына ұласып кетеді. Құм төбелер мен төбелі-белесті келген аудан өңірінде мал жайылымына қолайлы көптеген қоныстар (Іңкәрдария, Айдарлы, Қараойсор, т.б.) қыстаулар мен құдықтар (Көшеген, Тасқұдық, Табаққабыл, Айдарлы, Қараойсор, т.б.) орналасқан.
Ауданның жер қойнауынан құрылысқа қажетті материалдардың (құм, саз, қиыршықтас, т.б.) қоры барланған. Олардың кейбіреуі өндіріледі. Мұнай мен газ-кен орындарына барлау жүргізілуде. Сырдария ауданының климаты тым континенттік. Аудан жерімен Сырдария және оның тармақтары (Шіркейлі, Қараөзек, т.б.) ағып өтеді. Ауданның солтүстігінде Арыс, Телікөл көлдері жатыр. Олардан басқа осы өңірде көптеген сор (Арыс, Тораңғылтүбек, Қараойсор, т.б.) кездеседі.
Сырдария ауданы аумағымен Орынбор – Ташкент темір жолының 40 шақырым бөлігі өтеді. Автомобиль жолдарымен Қызылорда – Жосалы, Тасбөгет – Жосалы трассасы кесіп өтеді. Автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 338 шақырым, оның ішінде республикалық маңызы бар жолдың ұзындығы – 90 шақырым. Сырдария ауданында қазақтың белгілі классик ақыны А.Тоқмағамбетов туып-өсті. Аудан жерінде тарихи-археологиялық ескерткіштердің саны – 40, оның ішінде археологиялық ескерткіштер – 20, тарихи – 5, сәулетті – 14, монументті – 1 ескерткіш бар. Олардың ішінде тарих пен сырға толы ХІІ ғасырдың ескерткіштері саналатын «Сырлытам», «Мүлкалан әулие мазары», т.б. тарихи-сәулет ескерткіштері бар.
Ағынбай – артезиандық құдық.
Арысқұм құмының солтүстік- шығысында. Кісі есімінен қойылған атау.
Айдарлы – ауыл, ауылдық округ орталығы. Тереңөзек кентінен оңтүстік-шығысқа қарай 115 км жерде, Сырдарияның сол жағалық аңғарында орналасқан. Іргесі 1932 жылы осы өңірдегі Әудек, Құмшығанақ, Сарықұм, 1934 жылы Ақарық, Мақпалкөл жерлерінің тұрғындары бірігіп, алғашқы мойынсерік (ТОЗ) құрды. Ол 1935 жылы ірілендіріліп «Айдарлы» ұжымшары болды. 1958 жылы ұжымшар «Бірінші Мамыр» ұжымшарына, 1963 жылдан «Амангелді» кеңшарына біріктірілді. Айзада – қыстау. Қызылорда қаласының оңтүстігінде, Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. Әйел кісі есімінен қойылған атау.
Айнакөл – жер атауы. Сырдария ауданы мен Қызылорда қаласының шекарасында орналасқан. Шеңгелді, жыңғылды айналасында құрғап қалған көл-сайлардың орны бар. 1868 жылы осы жердегі ауылда болыстық құрылып, ол «Айнакөл болысы» аталған. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін (1920) құрылған болыстық та осылай аталған. 1930-50 жылдары осы жерде «Айнакөл» ұжымшары болды.
Айман – құдық. Дариялық Тақыр жазығының солтүстік-шығыс бөлігінде. Әйел кісі есімінен қойылған атау.
Ақарық – канал. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде, Сырдария өзенінің аңғарында. Арық маңының топырағы ағарып, сортаңданып кетуіне байланысты қойылған атау.
Ақжарма - ауыл, округ орталығы. Тереңөзек кентінен оңтүстік- батысқа қарай 18 км жерде, Ақжарма каналы жағалауында, шөл белдемінде орналасқан. Іргесі 1930 жылы ұсақ артельдерді ұйымдастыру кезінде шағын «Қаратөбе», «Көптің көлі», «Қарабөгет», «Жаңаөріс», «Шандайкөл», «Тукөл» ұжымшарлары негізінде құрылған. 1950 жылы ұжымшарлар біріктіріліп, 1957 жылы Абай атындағы ұжымшар, 1963 жылы Ленин, ал 1967 жылдан Ильич атындағы кеңшардың орталығы болды. 1995 жылы Ақжарма болып өзгертілді.
Ақтоған – қыстау. Дариялық Тақыр жазығының оңтүстік-шығысында, Сырдария өзенінің аңғарында. «Үлкен тоған» мағынасындағы атау.
Ақтөбе – төбе. Қызылорда қаласынан оңтүстікке қарай 38 км жерде, Қызылқұмның солтүстік етегінде. Абс. биіктігі – 141 м. Ақ және төбе сөздерінің бірігуінен жасалған. Жота, төбелердегі ақ тас, кварцтардың түсіне қарай қойылған атау. Ақтүбек – ауыл. Қызылорда қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 30 км жерде. Ақ және түбек сөздерінен жасалған атау. Түбектің үлкендігіне, аумағының кеңдігіне, түсіне байланысты қойылған атау.
Аманкелді – ауыл, ауылдық округ орталығы. Тереңөзек кентінен оңтүстік-шығысқа қарай 77 км жерде, Сырдария өзенінің сол жағалауында орналасқан. 1997 жылға дейін Аманкелді атындағы қаракөл қой кеңшарының орталығы болған. Бұрынғы кеңшар негізінде шаруа қожалықтары жұмыс істейді.
Аңламас – жер атауы. Жаңадария каналының жағасында, Іңкәрдария қой кеңшарының аумағында орналасқан. Осы өңірде өмір сүрген Аңламас әулиенің есімімен аталған. Аңламас туралы халық ақыны Қ. Баймағанбетов тарихи дастан шығарған.
Аралқұм – құдық. Дариялық Тақыр жазығының шығыс бөлігінде.
Арбек – құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.
Артық ата, Артық төбе – орта ғасырлардан сақталған көне қала орны. Сырдарияның сол жағалауында, Ақкөл деген жерде орналасқан. Алғаш 1900 жылы Н.В.Рудаев, 1947 жылы А.Н.Бернштам басқарған Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы зерттеген. Соңғы рет 1971 жылы Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясы толық зерттеді. Қала орнының батыс және оңтүстік-батыс қабырғалары ұзынша келген төртбұрышты төбе. Үш бөліктен: цитатель, шахристан және рабадтан тұрады. Қалашықтың үстіңгі қабатынан табылған қыш ыдыстардың сынықтары Қаңлы-Хорезм дәуірінен бас­тап, Әмір Темір билік құрған кезең мүліктеріне сай келеді. Зерттеушілер арасында Артық ата көне Артук қаланың орны болуы керек деген пікір бар.
Арыс – тұзды көл (сор). Бетпақдала шөлінің батысында орналасқан. Көл табанын қалыңдығы 15 см-ден 50 см-ге дейін тұз қабаты басып жатыр, ауданы – 124,5 шаршы км, ұзындығы – 21,1 км, ені – 9,5 км. Атау ар және ыс деген екі компоненттен жасалған. Оның бірінші сыңары иран және орал- алтай тілдерінде ар – «өзен» мағынасын білдірсе, екінші компоненті де сол көне тілдерде ыс-ус-ос өзені.
Асанас – орта ғасырлардан сақталған көне қала орны. Қызылорда қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 48 км жерде, Айдарлы ауылының маңында, Асанас өзенінің құрғақ арнасы бойында орналасқан. Асанас қаласының аумағы – 60 х 800 м, дөңгелек төбе, мұнаралар бар, дуалмен қоршалған. Осы қаланың қасында Асанас ата мазары салынған. Мұнда Асанас-1, Асанас-2 деп те аталатын тұрақтар бар. Қала орны жазба деректерде монғол шапқыншылығынан бастап (1220 ж) белгілі.
Асқар Тоқмағанбетов ауылы - Сырдария ауданындағы ауыл, өзімен аттас ауылдық округтің орталығы. Аудан орталығы – Тереңөзек кентінен батысқа қарай 8 км жерде, Сырдарияның оң жағалық аңғарында орналасқан. Іргесі 1943 жылы «Ақтүйе» ұжымшары болып құрылды. 1949 жылы 18-партсъезд атындағы ұжымшардың орталығы болды. 1950 жылы «Майлықұм», «Бидайкөл», «Қызылорақ» ұжымшарлары бірікті. 1960 жылы ұжымшар орталығы Қопакөлге көшірілді. 1962 жылы ұжымшар кеңшар болып өзгерді. Ауыл 1992 жылдан осы ауылдан шыққан белгілі қазақ ақыны, жазушысы А.Тоқмағанбетовтің есімімен аталады.

06 маусым 2018 ж. 1 700 3

Гость JeaOrer от 11 ақпан 2019 13:44
Blue Pill Canadian Pharmacy cialis 5mg Std Medications Online

Гость JeaOrer от 3 наурыз 2019 19:08
Amoxicillin With Food Or Without Food pages jaunes levitra Forum Achat Cialis

Stevnohope от 8 мамыр 2019 12:17
Viagra Wirkung Glaxomed Zithromax Buy http://truthaboutstaininggrid.com Keflex Wine Effets Secondaire Viagra Viagra Hemorroides