Мың бір мұң (трагедия)
Үшінші көріністегі киіз үй. Сол жасау, сол жиһаз. Іште қалтарыста тұрған Бойтан шоқпардай жұдырығымен кіріп келе жатқан Ұлбикені бір қойып ұшырып түсіреді. Шалқасынан жатқан келіншегін етігімен кеудесінен басып біраз мыжғылайды.
Ұлбике. Қинамашы, Бай-еке қинамашы! Садағаң кетейін, қинамашы.
Бойтан. (Аяғын алып, сұлап жатқан Ұлбикені айналып жүреді.) Сен мені хайуан деп ойлайтын болуың керек. Мен сені қинайын деп қинап жүрмін бе?! Менің қинағым келіп жүрген жоқ! Қинап жүрген сен! Сен өзің!
Ұлбике. (Кемсеңдеп) Не жазығым бар сонда! Кінәм не?!
Бойтан. Мүләйімсіме! Мүләйімсіме, Ұлбике! Бар жазығың! Бар! Өзің үйде болғанмен; көңілің басқа жақта! Өзгеде! Керек десең, өзгелерде! Сен мені түк білмейді деп ойлайсың ғой. Жо-оқ! Бәрін білемін! Кетерімде бір апта жүремін деп өтірік айтып кеткем. Бірақ бір апта жүрмей, екі күннің ішінде оралдым. Оралғанда не көрдім? Ол жөнінде кейін. (Басының тұсына келіп сәл кідіреді. Тебеді екен деп, Ұлбике басын қолымен қалқалайды.) Мен саған кетерде «Үйден шықпа! Ешқайда барма!» – дедім. Солай ма?
Ұлбике. Аттап шыққаным жоқ! Тойға шақырды онда да бармадым! Құдай ақы, шыным осы! Сенші!
Бойтан. Ал жаңа қай жерден келдің?
Ұлбике. Құдық басынан. Су алуға барғанмын.
Бойтан. Құдық басындағы неғылған жиын?!
Ұлбике. Кездейсоқ жиын. Тойға келген ақындар мені тойдан кездестіре алмай, аттарын суаруға барғанда құдық басынан кездестірді. Сол жерде айтысуға мәжбүр етті.
Бойтан. Олардың сенде не шаруасы бар?
Ұлбике. Білсем бұйырмасын!
Бойтан. Сен білмесең, мен білем! Олар сені сағынған. Сен мені түк сезбейді деп ойлайсың ғой! Сезгенде қандай! Жаңағы жиналған қалың жұрттың сыртында мен де тұрдым. Олардың саған, сенің оларға не дегеніңді өз құлағыммен естідім. Бұл жерде өтірік айтып, құтыла алмайсың!
Ұлбике. Мен қандай өтірік айттым?!
Бойтан. Дәл қазір айта қойған жоқсың. Бірақ шындық та түгел айтылмады. Оны мен-ақ баяндайын. Жангел саған «Күдерімен ойнассың!» – деді. Ал Күдері сені «Жангелмен көңілдессің» – деді. Деді ме? Деді!
Ұлбике. Деді, деді. Бірақ айтқандары қып-қызыл өтірік. Болашақ балаларымның қызығын көрмейін, айтқандары рас болса! Жала! Жала! Түгелдей өтірік!
Бойтан. Олар неге өтірік айтады?!
Ұлбике. Олар мені сенен қызғанады.
Бойтан. Жо-о-қ! Менен емес, бірінен бірі қызғанады! Неге? Білесің бе?
Ұлбике. Жоқ, білмедім!
Бойтан. Мен қызғансам жөні бар. Сен менің қатынымсың. Менің жеке меншігімсің. Соған қарамай, олар да қызғанады. Демек, олар да өздерін белгілі дәрежеде қожайын санайды. Неге өйтеді?! Оған кінәлі сенсің! «Бүлдіршін көзін сүзбесе, буыршын бұйда үзбес еді», – дейді халық. Барлық пәле сенде, өзіңде! Бір қора төбет ерткен иттің қаншығы секілді жәләп! (Дауысы қатты-қатты шыға бастайды) Тұр, кәне,! Өтірік өлімсіремей, тұр! Тұрып отыр!
Ұлбике. Тұрайын, көке! Тұрайын! Ұрмашы тек мені! Ұрмашы! Тұла бойымның сау жері жоқ! Толған жара! Толған таңба! Аясаңшы бір, байеке! Мен өлімнен қорықпаймын. Менің жаныма азап батады.
Бойтан. Сенің ойыңша мен азап шекпей жүрмін ғой, шамасы! Жоқ! Қателесесің! Менің азабым сенің азабыңнан да бетер! Сенікі тән азабы! Менікі жан азабы! Маған сенің қылығың батады! Байың тіріде төбет іздейсің! Өліп қалсам, қайтер едің?! Жүйріктің тоқымы кеппейді, жәләптің тақымы кеппейді! Осы босағаны аттағалы ыңырсытпаған күнім бар ма?! Әлде қанағат етпей жүрсің бе?!
Ұлбике. Жоға! Құдай сақтасын! Мәселе нәпсіде емес!
Бойтан. Енді неде? Неге түсіндірмейсің маған?!
Ұлбике. Білмеймін. Түсіндірмек түгіл, өзім де түсінбеймін! Маған шынында да өлгеннен басқа жол қалмаған сияқты!
Бойтан. Өлесің! Өлесің! Бірақ бәрін түсініп, мойындап барып өлесің. Әйтпесе, бәріне мен кінәлі болып шығамын! (Ойланып) Сені өлтіруін өлтірем! Бірақ сені өлтірердің алдында мына домбыраның түбіне жетем! Сенің сорың – сол. Содан кейін – көңіл жәләптығы!
(Керегенің ұшында тұрған домбыраға қол созады.)
Бойтан. Бірінші күнәкар осы! Сондықтан да оны бірінші кезекте құртам! Немен құртсам екен?!
(Айнала алақтап қарайды, бірдеңе іздейді. Ақыры босағаға тақау жерде жатқан ірі малдың сүйегіне көзі түседі. Соны алып домбыраның быт-шытын шығармақ болып қолын көтере берген кезде Ұлбике атып тұрып, домбырамен екі араға кіріп үлгереді де Бойтанның сілтеген жілігі Ұлбикенің басына, қарақұсына дәл тиеді. Ұлбике бірден сылқ етіп құлайды. Бойтанның өзі не істегенін сезбей де қалады. Бір кезде қимылсыз жатқан Ұлбике жиырылып барып, денесін қайта созады. Көзі аларып, аузынан қан ағып, бірден жан тапсырған әйелін көргенде Бойтан шошып кетеді)
Бойтан. О, сорлы басым! Сорлы басым, менің! Не істеп қойдым мен, Жаратқан?! Хайуанмын мен, хайуанмын! Осының бәріне мен, мені хайуан ғып жаратқан сен кінәлісің, Құдай! Сен кінәлісің!
(Осы кезде аспан түнеріп, найзағай ойнайды. Бір кезде көктен күркіреген дауыс естіледі)
Дауыс. Жоқ, Бойтан! Мен емес, өзің кінәлісің! Рас, сені жаратқан мен. Бірақ мен сені адам ғып жаратқам. Хайуан боп кеткен өзіңсің! Сенің түбіңе жеткен де сол хайуандық! Қолыңа қонған бақытты қолыңмен құрттың! Саған енді екі дүниеде де қызық жоқ! Барар жер, басар тауың жоқ. Ендігі орның тамұқ! Тамұқ! Тамұқ!
(Дауыс өшеді. Дүниені түгелдей қараңғылық басады)
Шымылдық.
(Соңы)