Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мың бір мұң (трагедия)

Мың бір мұң (трагедия)

Екінші бөлім

ҮШІНШІ КӨРІНІС

Ұлбике тұрмысқа шыққан. Іші жиһазға толы жас отау. Керегенің бәрі түгелдей түкті кілемнің астында қалған. Еденде қалың текемет. Құрамыс көрпелер төселген. Ортада дөңгелек келген аласа үстел. Үстінде қымыз толы әдемі мес. Әдемі ағаш тостағандар. Дастарқанның төменгі жағында амандығын біле келген жан досы Ұлжан. Біраздан бері көріспеген қос құрбы еркін сырласып отыр.

Ұлжан. Көп болды ғой көрмегелі. Халың қалай? Қыздардың бәрі тезірек тұрмысқа шықсақ деп армандайды. Армандайтындай нәрсе ме өзі?! Кейбір келіншектер екі беті қып-қызыл болып, жайнап жүреді ғой әйтеуір. Бірақ олардан сұрауға дәтім бармайды. Ұят біртүрлі. Ал сенің жөнің бір бөлек. Сен айтсаң, шынын айтасың. Қалай дегенмен?!

Ұлбике. Айналайын Ұлжан! Құдай берген құрбым, жарық дүниедегі жалғыз сырласым! Сенен жасыратын несі бар? Есіңде ме, ана жолы бір Күдерімен айтысатын күні шілтер тоқып отырып, мен саған мынандай бір өлең оқып берген едім ғой:

Ішімде менің мың бір мұң,
Бой жетіп міне, үлгердім.
Кеудем бір толы күй еді,
Бүгінде қуыс үңгірмін.
Ішімде толы мың бір мұң!

Ішімде менің мың бір мұң.
Ұмыттым күлкі сыңғырын.
Ұстаймын кімнің қолынан,
Кетеді кімде шылбырым,
Ішімде менің мың бір мұң.

Ішімде менің мың бір мұң.
Түсіме менің кім кірді,
Өңімде мені кім қорлап,
Тұншығып жаным шыңғырды.
Ішімде менің мың бір мұң.
Ішімде менің мың бір мұң.

Бұл менің сол кездегі көңіл күйім еді. Тыңдаушылар түршіге тыңдайтын. Бірақ менің бүгініммен салыстырғанда ол күндерім жұмақ екен! Қазіргі халім он есе, жүз есе жаман. Менің көргенімді ит көрмесін! Жұрт біліп айтады екен. Бойтан шын мәнінде Таспақожа айтқандай, «Екі аяқты нұсқа» болып шықты. Күндіз қамшымен сабайды. Түнде... Тіптен айтуға да ұят... үйде кісілер бар ма, жоқ па – оған да қарамайды. Жатар жатпастан, көрпеге кірер-кірместен, шам сөнер-сөнбестен қарғып мініп, келідей түйеді. Мен алатын ләззәттің түрі осы! Таңертең денемді жинай алмай біраз жатамын. Бұл итте бір адамды аймалау, сүю, емірену деген болмайды. Тура мал. Жалпы, еркектің бәрі осындай болса, байға шығып қажеті жоқ! Бойтаннан кейін төсек қызығын көрмей өтуге бармын!

Ұлжан. Айтқаныңның бәрі рас болса, байға шығу тамұққа барумен бірдей екен ғой. Шындығына келер болсақ, осынау бір неке түнін өз басым өліп-өшіп күтуші едім. Ұлбике! Қайдан білейін, жігіттің қолына түсіп қалсаң, тамағыңнан бастап, сүймеген жеріңді қалдырмайды! Емшегіңді уқалап, кейбіреулері бірден ышқырыңа жармасады. Басың айналып, буының босап, әрең шыдайсың! Алдап-сулап беттерін әрең қайырасың!

Ұлбике. Рас! Рас! Менің басымда да талай мәрте солай болған. Менің туған жеңгем, сезімнің отына май құйып: «Дүниеде ондай қызық жоқ! Болмайды да!» – дейтін. Құдай сақтап, Бойтанға аман жеткен едім! ... Бірақ оны қадірлеп жатқан бай жоқ!

Ұлжан. Менің жеңгем де әлі күнге солай дейді. Кім біледі...

Ұлбике. Иә, кім біледі? Солай болса, солай да шығар... Ол үшін сүйгеніңе, ең болмағанда, жаны жайсаң, жақсы азаматқа тұрмысқа шығу керек қой! Өкінетін нәрсе көп! Есіңде ме, айтысып отырып, Таспақожа маған:

Қожа жігіт тон киер көк әдіпті,
Орамамен хат жазар жеті әліпті.
Осы түнде мінгесіп бір кетейік,
Тағдыр жолы әйтеуір бір кәдікті, –

деп еді ғой. Кетіп-ақ қалмаған екенмін сол ақынмен. Ең болмағанда ол сөз түсінеді ғой! Ал сөз түсінген адам тегін адам емес. Енді айтатын несі бар?! Кеш. Кеш. Тіптен кеш. Өмір толы өкініш! Жатқан жоқ аяп, жегенім таяқ! (Көйлегін көтеріп, жауырынын жалаңаштайды) Қара! Көр! Өз көзіңмен көр!

(Ұлбикенің арқасын көргенде Ұлжанның төбе шашы тік тұрады. Қып-қызыл қамшының ізі. Қарақотырлана бастаған жара, жара!)

Ұлжан. (Соны көргенде кемсеңдеп жылап жібереді). Құдай ау! Құдай! Көрейін дегенім осы ма еді?! Мынау сұмдық қой! Дүреге жығылған жазықты жанның жотасы да мұндай болмайтын шығар! Сау жерің жоқ, сорлы құрбым! (Ұлбикені құшақтап, құрбысының арқасынан сүйеді).
Ұлбике. Таусылма, алтыным! Тері емес, менің арқам бүгінде тулаққа айналған! Бірақ тірі жанмын ғой, сабаған түн шалқамнан жата алмаймын! Бірақ ол бәрібір жатқызады. Инеге жатқандай болам! Азаптың үлкені сол – қан сорғалаған жотамнан келесі күні көрпе қып-қызыл болады. Барып тұрған хайуан ғой, хайуан!

(Ұлжан қайта-қайта көзін сүртіп, жылай береді. Жылай береді)

Ұлжан. Сұмдық қой мынау! Сұмдық! Мұндай байдың барынан жоғы жақсы емес пе?! Шықпай-ақ қоймаймын ба ондай байға?! Одан да кәрі қыз атанып, үйімде отыра бермеймін бе?!

Ұлбике. Айтуға ғана оңай, Ұлжан! Айтуға ғана оңай! Мен де осы Бойтанға шығайын деп шықты дейсің бе?! Жо-о-оқ! Қыз жат жұрттық. Ерте ме, кеш пе – кетуге тиіс. Сенің өз үйіңнен кеткеніңді өзгелер түгіл, өз ата-анаң қалайды. Отырып қалмаса екен деп тілейді. Отырып қалсаң: олар үшін бір қасірет! Ол сорлылар қыздың байға шыққанын үлкен бақыт деп есептейді.

Ұлжан. Осы ма сондағы бақытың?! Көргенің қорлық, жегенің таяқ! Бүгінің тұнжыр, ертеңің күңгірт.

Ұлбике. Сен маған тек қыз деп қарама! Мен ақынмын! Мен әйел болғандықтан ғана емес, ақын болғандықтан да таяқ жеп жүрмін. Ақын әйелдер түгіл, ақын азаматтар да таяқ жеп өтеді өмірден! Бірақ олар, әйтеуір еркек қой! Сезімдері нәзік болғанмен, төзімдері мықты! Жағаласатын жерде жағаласады. Шабысатын жерде шабысады! Ал біздің, әйел ақындардың жөні бір басқа! Мал сияқты, мүлік сияқты біздің қожайынымыз бар. Не істесе де солардың еркінде!

(Осы кезде бір кішкене қыз бала кіреді)

Қыз. Жеңеше, бейтаныс біреулер келіп, аттан түсіп жатыр!

Ұлбике. Кім болды екен бұлар? Қожайын болса, үйде жоқ. Екі-үш күнге деп шаһарға базаршылап кеткен еді. Ұят болып қалмаса жарар еді! Тез тұралық! (Жалма-жан етегін түсіріп, омырауын жөндейді. Сол кезде есік те ашылып, сақал-мұрты бар алпыстың аржақ-бержағындағы біреу және тағы бір жігіт кіреді.)

Ізтілеу. Сәлематсыздар ма, қарақтарым?! Ауыл-аймақтарыңыз аман ба? Біз бір құдайы қонақпыз. Менің атым Ізтілеу. Естулеріңіз бар шығар. Бұл жігіт – менің серігім...

Қыздар. (Ұлбике мен Ұлжан жарыса сөйлеп) Саламат болыңыздар!
Қош келіпсіздер! Жоғары шығыңыздар.

Бейтаныс жігіт. (Ұлжанға сұқтана қарап) Рақмет!

Ізтілеу. (төрге шығып, молдасын құрып отырады, айнала көз жүгіртіп, үй ішіне қарап шығады) Жақында көшіп келген секілдісіздер. Қоныстарыңыз құтты болсын!

Ұлбике. Рақмет! Айтқаныңыз келсін!

Ізтілеу. Мен өзім осы төңіректің қазағымын. Ақынсүрей ағаларыңның бірімін! Соға кетейік, көре кетейік деп келдік...

Ұлбике. Күш сынаспақ ойыңыз бар ғой шамасы! Бірақ, байқап отырмын, алпыстың аржақ-бержағындағы адамға ұқсайсыз. Біз екеуміз айтысып жарытпаспыз. Біздің үйден домбыраның үні шықса осы ауыл, тайлы-таяғына шейін қалмай түгел жиналады. Оның үстіне мен тұрмысқа шыққалы қожайынның бұйрығымен айтыстан аулақтап барамын. Айтысқанымды естісе байым бұрқан-талқан боп ашуланады. Онда маған күн жоқ. Азаптың астында қаламын.

Ізтілеу. Жағдайың шынында да қиын екен, қарағым! Әйелдігің ғой кіріптар ғып қойған. Әйтпесе ақын, адам түгіл, Алланың өзіне жалтақтамайды.

(Қолына домбыра алып, құлақ күйін келтіріп, шырқап қоя береді. Сол кезде Ұлбике айтқандай, бірте-бірте адамдар жинала бастайды.)

Күйеуің қошқар ма еді, арқар ма еді?
Мұң-шерің өлең айтпай тарқар ма еді?
О баста туғансың ғой жарты ақын боп,
Әйтпесе, жаман байдан қорқар ма едің?

Ұлбике (Шыдамай)

Кеудеге ақын жүрек сыймайды ма?
Жанымды мына сөзің қинайды да!
Жіңішке қыздың жолы о заманнан,
Қорқады және байын сыйлайды да!

Ізтілеу

Сыртыңнан сеніп едім нар дегенге,
Тасқынға опырылмас жар дегенге.
Ас іздеп жүрген жоқпын: соғып едім
Осында Ұлбике ақын бар дегенге!

Ұлбике

Сыртымнан сеніп келдің нар дегенге,
Тасқында опырылмас жар дегенге.
Қосылып теңдестермен айтысушы ем,
Көңілім толмай отыр шал дегенге!

Ізтілеу

Сөзіңе шал деп айтқан нанғаным жоқ,
Қыз ба едің адам талғар талғамың жоқ?!
Шашым ақ, сақалым ақ болғанменен,
Сұқсырды аққудан соң алғаным жоқ!

Ұлбике

Ізеке, алпыс бестен асамысың?
Тоқталмай осы жасқа, тасамысың?
Келгенде алпыс беске көзің жұмып,
Жастарды жолыңдағы басамысың?!

Ізтілеу

Ізекең талай байтал мінген шығар,
Аққуды көлден талай ілген шығар.
Аққуды көлден талай ілгендігін
Біразы бозбаланың білген шығар!

Ұлбике

Ақылын, тұрсам ойлап, көшкен екен,
Басың да талай дәурен кешкен екен.
Келгенде алпыс беске бозбала ертіп,
Сарапқа сорлы басың түскен екен!

Ізтілеу

Басыңды таң қалғаннан шайқаймысың?
Шалғымен, құрақ болсам, жайпаймысың?
Қарт дейсің, сол қартыңның күш-қуатын
Үйіңе бір қондырып байқаймысың?!

Ұлбике

Қарай гөр Ізекеңнің дәмесіне!
Одан да жиырма бесті ал есіңе!
Сарықарын бәйбішелер бар емес пе,
Қайтесің қыздың қалып пәлесіне?!

Ізтілеу

Жаныма бір жігітті ертіп те алғам,
Қырандай қанатымды серпіп қалғам.
Сен мені қарт дегенге намыстанып,
Шүлдігім шертіп отыр шертіп қалған!

Ұлбике

Бойынан Айдарлының ордым құрақ,
Баласынып отырсың өзің бірақ.
Құлы деп Құлқараның қойын баққан.
Естиді әркімдерден біздің құлақ.

Ізтілеу

Тәрбиең осы ма еді жатып алған?
Олжаны байламай ма атып алған?!
Мақтанба мықтысынып сен де маған,
Тарыға екі пұттық сатып алған!

Ұлбике

Ізеке, көрініп тұр сөз құйрығы,
Құлдарды алып ұшқан боз жүйрігі.
Тарыға екі пұттай келе қалсақ,
Мал алып, байға шықпақ Хаһ бұйрығы!

(Осы кезде есік жақтан «Ойбай! Келіп қалды!» деген үрейлі дауыс естіледі. Есік ашылып, ашуына әбден мініп, екі көз қып-қызыл болып Бойтан кіріп келеді).

Бойтан. (Кіріп келеді де, екі бүйіріне қолын қойып, айқайға басады) Бұл неғылған жын-ойнақ?! Бұл неғылған бассыздық?! (Төрде отырған Ізтілеуге көзі түсіп) Сақалды басыңызбен Сіз неғылып отырсыз мұнда! Кім шақырды Сізді?!

Ізтілеу. Қонағына бұлай айқайлап сөйлеген қазақты бірінші рет көріп отырмын! Әдептірек болуға болмайды ма?!

Бойтан. Біріншіден, болмайды! Екіншіден, Сіз маған қонақ емессіз! Мен Сізді шақырғам жоқ!

Ізтілеу. Бекер олай дейсің, бауырым! Қонақ болу үшін шақыру міндет емес! Жалпы өмірде адам адамға қонақ. Иісі қазақ үйіне келсе, досы түгіл, дұшпанын құрметтеп қарсы алады. Тіпті жыланның да басына ақ құйып шығарады. Мына қылығың не қылық?! Ақылды адамның әрекетіне ұқсамайды.

Бойтан. Маған ақыл айтатындай кімсіз Сіз?

Ізтілеу. Мен – Ізтілеу деген ақынмын!

Бойтан. Онда Сіз де нақұрыс жындының бірі болдыңыз ғой!
Ақын деген не ол, кім ол? Не егін екпейді, не бақша салмайды: не мал бақпайды. Ел кезіп, езеуреп, ұйқаспен сөйлейтін әуейі, әумесер! Жындысүрей!

Ізтілеу. Олай деп бізге тіл тигізбе! Бір ақын осы үйде де бар. Ақын болғанда қандай! Бірақ бағы жанбаған сорлы. Ол – сенің әйелің!

Бойтан. Жоқ! Бұл үйде ақын жоқ. Қатын бар! Мен оны ақындыққа алғам жоқ, қатындыққа алдым!

Ізтілеу. Егер ол, өзің айтқандай, саған қатын болса, бүкіл Сіргеліге келін. Біз ол үшін мақтанамыз. Сендей ақымақ үшін жерге кіріп кете жаздаймыз! Ақымақтық сенікі, ұят біздікі! Доңыз!

Бойтан. (Шыдамай кетіп, қамшысын ала ұмтылады). Көрсетейін мен саған доңызды! Маған сөз өтпейді. Доңыздың терісі жұқа болғанмен, сүбесі қалың. Ал сендейлерді қамшымен-ақ іреуге болады. Мә, саған! (Қамшы сілтейді)

Осы кезде таң атқалы бір сөз айтпай үнсіз отырған бейтаныс жас жігіт, Ізтілеудің серігі оқыстан тез атып тұрып, кереметтей жылдамдықпен Бойтанның қолындағы қамшыны қақшып жұлып алады. Және бір қолымен кеңірдегінен ұстап, мытып-мытып жібереді.

Қонақ жігіт. Үлкенге қол көтерген көргенсіз! Не деген ақымақ едің? Біз сен­дейлердің талайын көргенбіз. Ақын – елдің еркесі ғана емес, абыройы да! Сен қатардағы жай адамға қол көтеріп тұрған жоқсың, елдің абы­ройына да қол көтеріп тұрсың! Шошқа!

(Кеңірдегін босатып, кеудесінен итеріп жібереді. Ол екі аяғы аспаннан келіп құлайды. Жинал­ған халық түгелдей шығып кетеді.
Үйде Бойтан мен Ұлбике екеуі ғана қалады. Сахнада, бүкіл залда шам сөнеді. Сартылдаған қамшының және жанұшырып ойбайлаған Ұлбике­нің ащы дауысы шығады.)

Ұлбикенің дауысы. Ойбай, өлтірді ғой мынау өлтірді! Ойбай! Өлтірді ғой, өлтірді! Елім, бармысың? Жұртым қайдасың? Құдай қайда, құдай!? Өлдім?! Ө-ө-өл-дім! Бітті!

(Дауыс бірте-бірте өшеді. Шам жанады. Ұлбике ессіз-түссіз сұлап жатады. Қара тер боп терлеген, әбден алқынған Бойтан кішкене орындықта: қолында қамшысы; сүлгімен бетін сүртіп отырады)

Бойтан. Неге үндемейсің?! Ә-ә, өшті ме үнің?! Өшті! Бірақ бұл уақытша ғана өшу. Әлі есің кіреді. Тұра тұр! Көрместі көрсетемін мен саған! Алдыңда сені, өмір емес, тамұқ күтіп тұр!

Ол тамұқ жердің астында емес, үстінде! Осы шаңырақтың астында! (Қамшы ұстаған қолын көтереді) Саған бола кез келген адамнан сөз естіп, кез келген адамға мазақ боп жүре алмаспын! Кім ол ақын дегенің?! Жынды! Екі есті! Есуас! Әумесер! Байлықтың, дәулеттің не екенін білмейтін бейшара! Сорлы! Қайыршы! Қаңғыбас!

Иә, иә, қаңғыбас! Үйім бар, бала-шағам бар, әйелім бар демейтін әулекі! Біреудің қызын, біреудің әйелін қызықтап жаман үйренген! Ал әйел ақын деген не?! Бұл да солардың бірі. Шетінен жәлап! Шетінен сайқал! Рас, сен маған қыз күйіңде бұзылмай бүтін жеттің! Бірақ тәнің бүтін келгенмен, көңілің бүтін емес! Шынына келер болсақ, тән жәләптығынан көңіл жәләптығы жаман! Тәнді жууға болады. Көңіл кірін кетіре алмайсың! Жатқанда жаныңда жатады. Ал көңілі басқа жақта! Оңбаған! Неге үндемейсің? Өшірдім бе үніңді?! Өшірдім! Айттым ғой, бірақ бұл уақытша. Ертең-ақ есіңді жиясың. Ыңырсып тұрып кетесің. Бірақ мен мұнымен тынбаймын! Не ақындығыңды қоясың, не өміріңмен қоштасасың! Үнің мәңгі өшетін болады! Бұл жай ғана ашу сөзі емес. Ойланып айтылған сөз! Еркектің сөзі!


(Жалғасы бар)
18 ақпан 2025 ж. 76 0