Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қайым айтыстың хас шебері

Қайым айтыстың хас шебері

ХІХ ғасырдағы қазақ халқының айтыс өнерін қозғағанда оның құзар шыңындағы Ұлбике ақынды бөліп айтамыз. Өйткені, қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырында артына өшпестей мұра қалдырған әйгілі ақын қайым айтыстың нақ үлгісін көрсетіп, дара дарынымен көпті тәнті ете білген. Жастайынан ақындығымен танылған Ұлбике Жанкелдіқызы жезтаңдай әнші, дәулескер домбырашы да болған. Биыл қазақтың әйгілі ақын қызының туғанына 195 жыл толып отыр.

Ақынның теңіздің толқынындай мол мұрасынан бізге тек тамшыдай ғана дүниесі жетті. Ел-жұрт Ұлбикенің он шақты айтысы мен оннан аса өлеңін ғана біледі. Соның өзінен халық сөз зер­герінің арман-тілегін, ішкі жан-дүниесін сезіп, өз заманының мұң-мұқтажын жырға қосқанын аңғарады. Тағдырлы ақын туа бітті талантымен айтыс­керлерге тұтқиылдан ұтқыр жауап беріп, таң қал­дырып отырған. Оны Ұлбике ақынның Күдері қожамен, Жанкелмен, Таспақожамен, Мәделімен айтыстарынан анық білуге болады. Айтыскер ақынды әйгілі еткен де осы Күдерімен, Жанкелмен сөз қағысуы.

Қазақ зиялысы М.Әуезов «Жақсы ақын өз өмір­баянын өлеңмен жазып қалдырады» дейді. Сол айт­қандай, небәрі 24 жылдық ғұмырын ақын қыз өз өлеңдерінде бейнелеп отырған. Айтыс, өлең­дерін оқып отырып, оның ғұмырнамасымен танысып шығуға болады. Мәселен, Күдерімен айтыс­та:
Ішінде жұрттың жүрмін аман-есен,
Өлеңді халқым қоймас қойдым десем.
Қожеке, сен айтқанда мен де айтайын,
Жанкелді – әкем аты, Жаңыл – шешем, – деп таныстырса, өз өнері жөнінде:
Әке сөзін жасымнан жаттап алғам,
Тал бойыма жинақтап хаттап алғам.
Жеке шығып бәйгеден тұлпардай боп,
Өлеңімді әніммен баптап алғам, – дейді.

Сөздің мәйегі мен уызына жастай тояттаған ақын ойы орамды, тілі ұтқыр. Өз өлеңінде ол он екі жасқа дейін сөйлемей, тілі өлеңмен шыққанын айтады. Бұл туралы ақын өмірі мен шығармашылығын зерттеген Мәшһүр Жүсіп Көпеев он екіге дейін булығып сөйлей алмаған Бұқар жырауды мысал ете отырып айтады: «Бұқарды өз заманындағы жандар «Көмекей әулие» деседі екен. Бір сөз білмейді, тек сөйлесе көмекейі бүлкілдеп, жырлай бастайды екен. Ұлбике де өмірінде қара сөз сөйлемеген, біреуге жауап берсе де, біреуге әңгіме айтса да өлеңмен толғаған. Осы себепті көзінің тірісінде-ақ жұрт: «Ұлбикенің таңдайында өлеңнің ұясы бар» деп аңыз етіседі екен...». Кешегі өмірден өткен Шерхан Мұртаза да «Он екі жасына дейін тілі шықпаған бүлдіршіннің алғашқы үні өлең сөзбен ашылғаны – аса биік Құдыреттің ісі...» дейді.

Тереңөзек табанында туып, Тараздың топырағы бұйырған дара ақынның тағдыры аянышты. Осы маңда туып-өскен ақын қыз бой жетіп қалған тұста Есмырза деген дуалы ауыз би әулетін бастап Әулиеата жеріне көшіп барады. Сол шақтан бастап Ұлбикенің ақындығы елге мәшһүр болады. Оның ақындық тегеурініне, тапқырлығына ешкім шыдамайды. Күдері қожа Ұлбикемен айтысқысы келетінін білдіргенде әкесі Ер Көшек қожа: Ұлбикемен айтысамын десең, Бұқарға барып үш жыл оқып кел, әйтпесе, сен онымен айтысуға жарамайсың, – деген екен. Осының өзінен-ақ сөз зергерінің ерекше дарындылығын, ұтқырлығын түйсінуге болады.

Жаңағы айтқан Шераға: «Ұлбике – ұлы поэ­зия­ның ақ періштесі. Періште жүрген жерді қара күш иесі – диюлар аңдиды» дейді. Сол айтқандай, өз за­­­ма­нында озық туған ақын ғұмырының сонша­лықты қысқа болуына, өнерден хабары жоқ, ұр да жық, қызғаншақ, атастырылған күйеуі Бойтан кінәлі. Өйткені, Ұлбике ақын нағыз кемеліне келіп, өз дарынымен ел-жұртқа танылған шағында тентек күйеуінің қолынан мерт болады. Ол туралы ақын қыз «Қайда барсам жолымды кес-кестейтін, құрып қойған Бойтанның тұзағы бар» деп өз өлеңінде келтіреді.

Ұлбике Жанкелдіқызының қайғылы қазасына байланысты М.Ж.Көпеев мынадай деректі келтіреді: «Жаман шірік иті үйде жоқ болған қарсаңда бір той болып, ауыл аймағы мен қайын ағалары: «Сені біз сабатпаймыз» деп тойға алып барып, қайтып келсе, иті келіп қалып «сені ме?» деп кіжініп отырған үстіне оқтай ұшырып, қойдың бір қатқан санымен қақ бас­тан періп қалғанда, мұрттай ұшып кете барыпты. Одан әрі жұрт жиылып қалды, төркіні де аралас-құралас екен. Құн сұрады. Үй іші: «Пайғамбар шариғатына салдық» деді. Сонда шариғат айтатын Күдері қожа екен. Айтқан шариғаты: «Өлер Ұлбике өлді. Аяр да ас жоқ, тояр да ас жоқ. Мұны сойыңдар, өкпесін алып көріңдер. Өкпесінде жазу жоқ болса, онда тойға бару, өлең айту әйел жынысына дұрыс емес, өзі кінәлі, бұған түк болмайды. Егер өкпесінде жазу болса, онда ғұзыр айтпаса, ішін жарып кетеді. Үш кісінің құнын берсін: сүйек құны, өнер құны, қара құн. Ұлбикені сойып, өкпесін алып көрсе, өкпесі жыбырлап тұрған жазу екен. Көрген жұрт ботадай боздапты. Көзімен көрген жұрт күйгендіктен Бойтан серіні бас жетімі үшін құнына беріпті». Ел аузында «Бойтан Ұлбике ақынның шүйкесінен балтамен салып қалып, үш күн қансырап жатқан ақын үш жүздің үш биіне өлеңмен сәлем жолдайды» деген әңгіме де бар.

Сөз басында Ұлбике ақын қайым айтыстың нақ үлгісін көрсетті дедік. Енді соған тоқталсақ. Ақынның сол заманның сөз ұстағандарымен сөз қағыстыруы айрықша. Ғажап ақынды әдейі іздеп келіп Күдері қожа, Майлықожа, Жанкел, Мұхамеджан Сералиннің әкесі Серәлі де айтысқан. Сол сөз саптауларда қайымдасып, Ұлбикеден талайының тауы шағылып қайтыпты. «Бұрынғылар домбыра ұстап айтатұғыннан «Қайым білесің бе?» деуші еді. «Қайым» деп екі ақынның айтысқанын айтады екен. Сонда «қайым» өлеңінің басын Күдері қожа мен Ұлбике айтысқан. Бұл екеуінен бұрын қайым өлең де жоқ, айтыс та жоқ. Бұрынғылардікі мақал, тақпақ...» дейді М.Ж.Көпеев.

Ұлбикемен айтыста Күдері:
Сексеуіл құмға бітер басы алмалы,
Зинақор бір Құдайды еске алмады.
О дүние бұ дүниеден жақсы дейді
Барайық бәріміз де, жан қалмалы, – десе, Ұлбике:
Өлең, өлең дегенге өтер елі,
Өлең айтып көңілді көтерелі.
Бұ дүниеден о дүние жақсы болса,
Адамға айтпай қожекем кетер еді, – деп жауап береді.
Ал көктем мезгілінде Жанкел мен Ұлбикенің елдері қыстаудан жайлауға көшкенде, жол-жөнекей Жанкел:
Көк қамыс құрақ-құрақ сайда болар,
Көп жылқы көк алалы байда болар.
Келіп ем сұрағалы Ұлбикеден
Кешуі Көкөзектің қайда болар? – дегенде Ұлбике:
Жүрмейсің, Жанкел кедей, аттай жарап,
Келеді әкең қақпас алдыңды орап.
Жылқың өтпей бара ма, жазған кедей,
Кешуін Көкөзектің менен сұрап?
Жанкел:
Бұлғаймын қамшы сабын қарағанға,
Көрінер айғыр сұлу жарағанға.
Шырағым, бұған неге шамданасың
Кешуін Көкөзектің сұрағанға?
Ұлбике:
Бұлғаймын ұршық сабын қарағанға,
Көрінен шашым сұлу тарағанда.
Қолыңда жетелеген қотыр тай жоқ,
Кешуді таң боп тұрмын сұрағанға!

Жалпы, Сырдан шыққан, оның ішінде Тереңөзек топырағынан түлеген Ұлбике ақын жөнінде қазақ фольклорын жинақтаушы М.Ж.Көпеев, Ә.Диваев, В.В.Радлов зерттеген. Одан бертінде оның ақын­дығына М.Әуезов, С.Мұқанов жоғары баға берген. Кейін келе М.Жолдасбеков, К.Ахметова және басқа да қазақ руханиятының майталмандары жазды. Бәрі де шын талант иесінің шығармашылығына тәнті болды. Оған бір ғана дәлел, қазақтың Қадыр Мырза-Әлісі «Қазақта адуынды ақын қыздар аз болмаған. Бірақ, әдет-ғұрып, салт-сана қыспағында рухани ауа жетпей, өкпесі өшкен аруларымыз көктемдегі жауқазындай бір қылт етіп көрініп, жоғалып кетіп отырған. Қыз дәурен өтті, әйелдік парыз бастала сала олардың өрісі тарылып, дала демократиясы шегінен былғарыдай қусырылған үстіне қусырылып, өлең өнерімен ерте қоштасуға тура келген. Сондай арманда өлген азапкеш арудың бірі – Ұлбике. Мен оның айтыстарымен және өмірбаянымен кештеу таныстым. Ол мені қатты таңғалдырды» дейді. Сондықтан ғажап ақын, жезтаңдай әнші, дәулескер домбырашы Ұлбике Жанкелдіқызының тұнып тұрған мол мұрасы кейінгіге рухани азық, тағылым болар дүние. Және де қазақ айтыс өнерінің қалыптасуына ақын қыздың қосқан үлесі мол, айтыскер ақындардың ең жарық жұлдыздарының бірі екеніне оның шығармашылық таланты дәлел деуге толық негіз бар.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
05 қыркүйек 2020 ж. 907 0