Мың бір мұң (трагедия)
Құдық басына бірнеше қыз-келіншек жиналған. Өзара әңгіме айтып, өзара сырласып, әлденеге күліп мәз болады. Араларында Ұлбике мен Ұлжан бар.
Бірінші қыз. (Ұлбикеге қарап) Өмірде неше ақынмен айтыстыңыз?
Ұлбике. Әзірше оншақты ақынмен арпалыстым-ау деймін. Бәрінде де жеңдім деп айта алмаймын. Дүние кезек деген дұрыс. Жеңген күндерім де, жеңілген күндерім де болды.
Бірінші қыз. Бір жеңілгеніңізден, бір жеңгеніңізден қысқаша айтып беріңізші.
Ұлбике. Айтыстың өзі ұзақ әңгіме. Кейбіреулерінің сөздерін де ұмытып қалыппын. Дегенмен бір-екеуін еске түсіріп көруге болады. Бірде Қасым деген қожамен қақтығысып қалдым. Құдай ұрып, өзім тиістім.
Сүмеңдеп түлкі қашар терең сайдан,
Менімен айтысқанда болар майдан.
Ұрпағы асыл әулет қожакеңнің
Түк-түк боп аузы-басың келдің қайдан? – дегенде ол ойланып жатпай:
Қожаның қай кезде де өрісі кең.
Жүремін жүйрік аттың желісімен.
Түк басқан жеріңді сен жақтырмасаң,
Астыңды кесіп таста терісімен! – деді.
(Қыз-келіншектер сыңқылдай күліп, мәз болады)
Екінші қыз. Енді кімді қалай ұтқаныңыз жайлы айтыңызшы!
Ұлбике. Бір орайда Өске деген ақынмен айтысып қалдым. Құрбымның үйінде аяғымды емін-еркін көсіліп, емін-еркін тымақ тігіп отырғанмын. Аяғымды жинап та үлгерген жоқпын. Өске кіріп келген бойда:
Үйіңнен үш күн болды ылаққан қыз,
Олжа алдың пайда қылып тымақтан қыз.
Көсілген аяғыңды жия алмайсың
Астынан бұлақ қайнап, су аққан қыз! – демесі бар ма?
Сонда мен жалма-жан:
Ей, шіркін, өзің де қу, сөзің де қу
Қолыңда аға-екемнің желпінді ту.
Астымда бұлақ қайнап: сулар ақса,
Сол сумен аузың шайып, бетіңді жу! – дедім.
Ей, шіркін, өзің де қу, сөзің де қу
Қолыңда аға-екемнің желпінді ту.
Астымда бұлақ қайнап: сулар ақса,
Сол сумен аузың шайып, бетіңді жу! – дедім.
(Қыз-келіншектер тағы да мәз болып күледі. Бұл күлкіні естіп жұрт жинала бастайды. Ұлбикенің соңғы әңгімесін тыңдап үлгерген бір жігіт, Жангел ақын сөйлеп береді.)
Жангел
Сай-сай қамыс, сай қамыс сайда болар,
Көп жылқы көгалалы байда болар.
Жүк артқан ауыл көшіп қыз бен қатын
Кешуі Көкөзектің қайда болар?!
Ұлбике
Жангел жарлы келеді қардай борап,
Жаяу келер әкесі алдын орап.
Жылқың өтпей жатыр ма жазған кедей,
Кешуін Көкөзектің менен сұрап?!
Жангел
Кездікке қын табылса, сап табылар,
Әкем көшке мінердей ат табылар.
Шыжбалақтай бермеші, Ұлбикежан,
Сендей байтал айғырға көп табылар.
Ұлбике
Уа, Жангел, күйгеніңнен байтал дедің,
Жақсы болсаң, байтал деп айтар ма едің?!
Әкең көшке мінгендей ат табылса,
Жаяу барып жайлауға қайтар ма еді?!
Жангел
Ұлбике-ау, кедейлігім жасырдым ба?
Немесе кедеймін деп бас ұрдым ба?!
Кісіге қарап тұрған соқтығасың,
Үстіңе ұзыныңнан асылдым ба?!
Ұлбике
Жоқтықты айтар едің жасырмасаң,
Алдыма неге келдің бас ұрмасаң?!
Қыз түгіл, сен шіркінге қатын қайда,
Сиырға бұқа болып асылмасаң?!
Жангел
Жайына жігітшілік қоймаса екен,
Ел-жұртым өлеңіме тоймаса екен.
Тарап жүр ел аузында бір әңгіме:
Ұлбике Күдерімен ойнас екен!
Ұлбике
Салады қойын шопан қалған қаққа,
Мінеді құдай сүйген алтын таққа.
Бір итті итаяқтан тойыпты деп,
Келіп пе ең итаяқты жаламаққа?!
Жангел
Ұлбике, ат алайын, түйе алайын.
Несіне кедейліктен ұялайын?!
Төсіңнен, қос алмаңнан бір сипатсаң,
Төрт түлік мал алғандай қуанайын!
(Бұл екеуі осылай айтысып жатқан кезде Күдері келіп қалады. Соны көріп, Ұлбике сөйлеп береді)
Ұлбике
Жангел-ау ұста болдың құрамаға,
Айтылды талай өлең сынағанға.
Орныңнан тұрмаймысың, Жангел кедей,
Кеп қалған қожа емес пе құба бала?!
Күдері (Жангелге)
Қыздар бар, жігіт емес, қырғи теңі,
Өткен соң жігітшілік кім бүйтеді?!
Берсеңіз маған кезек, Жангел аға,
Көрейін айтысып бір Ұлбикемен!
Жангел
Қыздар бар, жігіт емес, қырғи теңі,
Өткен соң жігітшілік кім бүйтеді?!
Кішкене сабыр етсең, ақын қожам,
Беремін басыменен Ұлбикені!
Күдері
Замана алдымызда қызыл түлкі.
Ғанибет тіршілікте ойын-күлкі.
Төрт-бес жыл болып кетті көрмегелі
Бармысың аман-есен, ау Ұлбике?!
Ұлбике
Қожаның арғы атасы барды Мекке,
Баласы сұңқар құстың шықты көкке.
Сағындым, көрмегелі бес жыл болды,
Келдің бе аман-есен, ау Қожеке?!
Күдері
Ұлбике, Бақтиярдан сенің атың,
Жайылған қалың елге Ұлбике атың.
Кітаптай айтқан сөзің мәнді болған,
Туар ма мұндай артық перизатың?!
Ұлбике
Қарайған қарағайдай қарағым-ай!
Аспалы алдаспандай жарағым-ай!
Жабығып жүргенімде, жүдеп-жадап,
Қазанат қайдан келдің, арабым-ай?!
Күдері
Қайтады саудагерлер құман алып,
Тәшкентке тұрады олар жылда барып.
Ұлбике, ойымнан бір кетпедің ғой,
Сонда да ақыл-есім мұнда қалып!
Ұлбике
Есіңе Ұлбикені алсаңыз да,
Бірдейсіз бәрімізге, баршамызға.
Сары Арқа сылқымдарын сүйіп-құшып,
Қолыңыз жетті деймін қанша қызға?!
Күдері
Серілік Сары Арқада құрып жүрдім,
Сол жерде қадіріңді біліп жүрдім.
Өлеңмен отыз қызға таныс болдым,
Бірақ та бәрінен де ығып жүрдім.
Ұлбике
Серілік Сары Арқада құрып жүрдің,
Сол жерде қадірімді біліп жүрдің.
«Халық айтса, қалт айтпайды,» – деген сөз бар,
Басыңды неге өсекке іліндірдің?!
Күдері
Ұлбике, сен сенбейсің қасқырыңа-ай.
Жалаңды отырсың құр жапсырып-ай!
Жангелді мұнда неғып байлап қойдың,
Сенің де әңгімең жүр асқынып-ай!
Ұлбике
Мақтаныш бір-біріне қылып бекер,
Біріне бір келіп ұлып кетер.
Ит мінез жігіт деген болады екен
Иттерше жемес астан үміт етер!
Күдері
Ұлбике, көңіл бөлдің алған жарға,
Өзің айт, бұл сөзімде жалған бар ма?!
Ауылың ұстап апты Жангеліңді,
Танатын бұл дәлелден айлаң бар ма?!
Ұлбике
Жангел кеп жүруші еді қымыз ішіп,
Жастардан таяқ жеді көті қышып.
Әзіл сөз айтпайтындай болды маған,
Бүгін түн соры қайнап қолға түсіп.
Күдері
Ауылдан шаңқай түсте аулаққа айдап,
Жаттыңдар Көкөзекте бір жай сайлап.
Жангелдің өсегінен аман болсаң,
Бойтаның сабар ма еді үш күн байлап?!
Ұлбике
Құранда «Құлағызу рабим палек»,
Өсекті жаратады бір зәнталақ.
Жаныма келмек түгіл, жолаған жоқ,
Айтты екен, өтірікті қандай қазақ?
Күдері
Жангелге жолаған жан болар қарық,
Байлардан жүрмесе де малға жарып.
Бұл Жангел уәде сөзбен қолға түскен,
Болмаса, жын ұрды ма түнде барып?!
(Тып-тыныш тыңдап тұрған халық наразылық білдіріп, шулап қоя берді. Біреулері жұдырығын түйіп, алға ұмтылады)
Дауыстар: – Тоқтат, Күдері! Өсек осындайдан тарайды!
– Отпен ойнауға болмайды!
– Өз әйеліңе біреулер солай да солай деп жала жапса, қайтер едің?!
– Немене бұл ауылда Ұлбикеден басқа келіншек жоқ па екен?! Жангелің де оңып тұрған жоқ. Жаңа сен жоқта ол «Ұлбике Күдерімен ойнас екен!» – деп оттаған. Сендерге айту оңай, ал әйелге ше? Әйел үшін ол сөз өліммен бірдей. Қой, Күдері!
Ұлбике
Бар менің жалғыз ғана Ел – тірегім,
Ақталып қандай дәлел келтіремін?!
Қосылып екі азамат жала жапты,
Бойтаным бүгін мені өлтіреді!
(Осы кезде кішкене қайынсіңлісі жүгіріп келеді)
Қайын сіңлісі. (Жеңінен тартқылап.) Жүр, жеңеше! Үйге жүр! Көкем келді. Тез қайтсын деп жатыр!
Ұлбике. Көтек! Не дейді мынау? Қашан келді?!
Қайын сіңлісі. Жаңа бір әзірде келді!
Ұлбике. Жар бола гөр, Жаратқан! Сенен басқа сыйынарым да жоқ, сүйенерім де жоқ! Өлтіреді ол мені! Өлтіреді! Өз түбіме өзім жететін болдым-ау! Енді маған күн жоқ! (Кетіп бара жатады.) Хош халқым! Хош! Хош болыңдар! Менде кінә жоқ! Мен жазықсызбын?
(Жалғасы бар)
Фото: ашық дереккөзден