Ерлігі дастан – Бәйтен батыр
Ұлт тарихында елін, жерін жаудан қорғап, ерлігімен аты шыққан батырлар аз болмаған. Солардың бірі – Бәйтен батыр. Ол қазақ-қалмақ соғысында ерлігімен ел есінде қалған айбынды батырлардың бірі. Бәйтен батырдың ерлігі, әсіресе, ұлт бірлігін нығайтып, жауға қарсы күрестегі ұйымдастырушылық қабілетімен ерекшеленеді.
Деректер бойынша Бәйтен батыр қалмақтарға қарсы ірі шайқастарда ерекше ерлік көрсетіп, сарбаздарын жеңіске жетелеген. Оның стратегиялық ойлауы мен батылдығы жауынгерлерге үлкен сенім ұялатты. Жауға қарсы жорықтарда Сәрке батырмен тізе қосып, тойтарыс беріп, үзеңгілес дос ретінде танылды. Сәрке батыр мен Бәйтен батырдың достығы халық арасында аңызға айналған. Олар тек жауға қарсы күресте емес, ел ішінде бейбітшілік пен тәртіпті сақтау жолында да бірлесіп қызмет етті.
Қазақ даласында қаншама шайқас болды. «Ақтабан шұбырындының» қасірет іздері Сыр бойын басып өтті. Замана зардабын арқалаған еліміздің таңдаулы ұлдары осынау нәубетке қарсы тұрды. Аты ұранға айналған Сәрке батыр жолы да, жасы да үлкен бауыры Бәйтен батырмен бірге жауға қарсы шауып, оларға тойтарыс беріп отырғанын белгілі қаламгер Камал Бердәулетов өзінің кітаптарында жазған.
Бәйтен батыр туралы әңгімелерінде Сәрке батыр:
«Мен әртүрлі қиындықтарда, тығырыққа тірелген сәттерде Бәйтенді екі-үш рет паналағанымды жасырмаймын, ал ол менің бір рет артыма шыққан жоқ», – деген екен.
– Ел басына күн туған кезде есімдері Алашқа белгілі Сәрке мен Бәйтен қол бастап жоңғарларға тойтарыс беру мақсатында «Қарақұм құрылтайына» қатысып, үш жүздің жасағына барып қосылады. Құрылтайда үш жүзден құралған біріккен қолдың бас қолбасшысы болып Әбілхайыр хан сайланды.
1728 жылы Сарысудың батыс торабындағы Бұланты өзенінің бойында алғашқы айқас басталады. Қалмақ бектері Жоршын мен Тойшы бастаған 35 мың әскер шегінген қазақ қолын өкшелей қуып, қазіргі Жезқазған өңіріндегі Білеуті, Бұланты өзендерінен өтіп, Қарақұмның «Ұлы Құмындағы» ат бауырын жазып шаба алмайтын құмдарға кіріп діңкелейді. Осы сәтті пайдаланған қазақтың 7 мың қолы жеңіске жетіп, бұл жерлерге «Қалмаққырылған» деген ат беріледі. Жеті мың әскерімен тосқауылда қалуына бұйрық берген Әбілхайыр хан: «Сәрке батыр, мына қалың қалмақты он екі күн осы жерден жылжытпайсың. Құдай қалап, амандықта болсам мен де жетермін», – дейді. Сонда Сәрке: «Хан, он екі күнің ұзақ қой, біздің жаназамызды шығарып кет», – дейді. Әбілхайыр осы жерде жергілікті молдаға жеті мың адамның жаназасын тірілей шығарып, елден әскер жинауға аттанады. Сәрке мен Бәйтен батырдың жасағы қиян-кесті ұрысты бастан кешіріп, көбі шейіт болады. Осы шайқаста жау ортасында қалған Сәрке батыр «Ақши» деген жерде қаза табады. Оның сүйегін уақытша былғарыға орап сол жерге жерлеп, қыс түсе мәйітті Қорқыт ата бейітіне жерлейді. Сөзінде тұрған Әбілхайыр қалың қолмен келіп, жоңғарларды талқандайды. Қалмақтардың қазақтарды басынып шабуылдауы осымен аяқталады. Бәйтен батыр қанды көйлек серіктерімен елге оралады, – дейді қаламгер, Жалағаш ауданының Құрметті азаматы Рысбай Кәрімов.
Сыр бойының белгілі шайыры Шоңбай өзінің «Өмір өрнектері» деген дастанында Бәйтенді батыр адам деп атайды, «Ақбоз ат, тоз найзамен алған жауын» деп жырлайды. Бәйтен батыр тоқсанның үстіне шығып дүние салған.
Батыр дүние салар алдында: «Мен өлімнен қорқып айқайлап жатқаным жоқ. Шырақтарым, көптен иығымда жүрген екі жолбарыс бар еді, солар сытылып мені тастап барады. Байқаймын, өздері Естекбай ауылына қарай беттегендей болды», – деген екен. Сол жолбарыстар жиені Бұқарбай батырдың иығына қоныпты деген сөз бар.
Шайқаста жаудың бетін қайтарғаннан кейін, хан немесе әскер басылары: «Жаудың бетін кім қайтарды, кімдер қандай ерлік жасады?» – дегенде «Жаудың бетін Ақ боз атты, тоз найзалы батыр қайырды», – дейтін болған. Осы сөзге наразы болған Бәйтен батыр тоз найзасын тізесіне салып сындырмақшы да болған. Бірақ тоз найза майысып сынбаған. Сонда батыр: «Менің атым шықпай Ақ боз атты, тоз найзалы батыр болып кетемін-ау», – деген екен. Бәйтен батыр тарихта осылай қалған.
Бәйтен батыр тек батырлығы ғана емес, қарапайымдылығымен, әділдігімен де халықтың жүрегінен орын алған тұлға. Оның ұрпақтары да бабаларының есімін ардақтап, ерлігін ұмыт қалдырмады. Соның бір дәлелі – Жалағаш ауданында ұйымдастырылған үлкен ас болатын.
Ұрпақ сабақтастығын дәріптеген, батыр рухына тағзым етілген іс-шарада ел тарихына, ұлттық құндылықтарға деген терең құрмет көрсетілді.
– Ас беру рәсіміне тек батырдың ұрпақтары ғана емес, сондай-ақ Қызылорда облысының әр өңірінен келген қонақтар, ел ағалары мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Бәйтен батыр – ел басына күн туған қиын-қыстау замандарда халықтың мүддесін қорғаған, әділдігі мен батырлығымен аты шыққан тарихи тұлға. Оның есімі бүкіл қазақ жұртының жадында сақталған. Батырдың ерлігі ұрпақтан-ұрпаққа аңыз болып айтылып, халқына адал қызмет етуімен елге өнеге болған. Айтулы жиында батырдың өмірі мен ерлігі туралы тағылымды естеліктер айтылып, оның туған жерін қорғаудағы қызметі ерекше атап өтілді. Батырдың есімі қазіргі ұрпақ үшін ұлттық рух пен патриотизмнің үлгісі ретінде мадақталды, – дейді баба ұрпағы Сұлтанбейбарыс Бақытбек.
Шын мәнінде ас беру – қазақ халқының рухани және мәдени өміріндегі айрықша дәстүрі. Бұл шара тек ата-бабаларды еске алып қана қоймай, қазіргі буын мен келешек ұрпақты бірлікте болуға, ұлт құндылықтарын құрметтеуге шақырады. Жиында Құран оқылып, батырдың рухына арналып дұға жасалды. Арнайы құрбандық шалынды. Бұл дәстүр ұлттық болмысты сақтаудың маңызды бөлігі. Батыр ұрпақтарының бас қосуы – ата-баба рухына тағзым ету ғана емес, сондай-ақ ұрпақты рухани тәрбиелеу мен бірлікке шақырудың жарқын көрінісі. Бәйтен батырдың есімі мен ерлігі халық жадында мәңгі сақталады. Оның ел қорғаудағы батырлығы, достыққа адалдығы және халыққа жасаған қызметі әрдайым ұрпақтан-ұрпаққа үлгі бола бермек.
Бибісара ЖАНӘЛІ