Қадірін біл барында

Шалалық пен балалықтан арыла алмаған кей перзенттің «өзім білемділікке» салынғаны талай әкені қажытқаны мәлім. Таразының екі жағын салыстыра қарасаңыз, еркеліктен есірген бала мен ішкіліктен қолы босамаған әкенің отбасында өмірдің байыбына бара алмаған, тәрбиеге көндікпеген ұрпақ өсіп келеді. Құзырлы орган есебінде тұратын кез келген баланың отбасылық жағдайын саралаған мезетте әке мен баланың арасындағы берік байланыс үзілгенін байқайсыз. Қай кезде де әке мен бала арасында ортақ тандем қалыптасқан уақытта ұл озбырлыққа бармайды.
Әкенің қадір-қасиетін арттыру – саналы ұрпақтың парызы. Расында, әкенің айбарлы мінезінен тайсалатын баланың тәрбиесі жақсы болады. Асқар тауыңмен ортақ сырласа алған жағдайда шешімін таба алмаған мәселенің түйіні тарқатылады. Сен үшін алаңдайтын, тағат таппайтын әкеге «жекіріп, әкіреңдеп» сөйлеу – нағыз көргенсіздіктің көрінісі. Тірісінде әкенің қадірін білу арқылы үлкен кісінің ақ батасын алып, ісіңнің алға басуына себепкер атанған дұрыс. Кейде нарықтық заманға икемделу мен табыс табуға бейімделуді алға тартып, әке мен шешені үйде қалдырып, бөлек шығуды, басқа қалаға қоныс аударуды әдетке айналдырған жандар көп. Көңілі құлазыған, жалғыздықтың қамытын киген қос қарияның ойында мәңгі жазылмайтын кірбің тұрады.
Белгілі ғалым, абайтанушы Мырзахметтің баласы Мекемтастың балалық шағы ашаршылықпен тұспа-тұс келеді. Оның отбасында 12 бала болды. Бауырлары ашаршылық пен індеттен бірінен соң бірі көз жұмады. Әкесі сонда кенжесінің есімін «тастай мықты болсын» деген үмітпен Мекемтас қояды. Үш жасында әкесінен айырылған Мекемтастың шешесі ер-азаматының жолын жалғар қамшыгерін бір топ қасқырмен бетпе-бет келгенде сегіз айлық қызын тастап, аман алып қалады. Міне, әке ізін жалғаған Мекемтас күллі қазаққа танылған ерен тұлғаға айналды.
Отбасын жеткізуде бейнет көрген барлық асқар тау әкенің өмір жолы кімге болсын өнеге. Тағылымды ғибратымен баласынан ақылын аямайтын әкенің арманы – есті, жөнді білетін ұрпақ өсіру екені даусыз. Балаға қорған болған әкенің барында қадірін білген абзал.
Балтабай ОРДАБЕКОВ
Фото: Ашық дереккөзден