Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тоғанас батыр

Тоғанас батыр

Ұшқан құстың қанаты талатын осынау құт мекенімізді ғасырлар бойы жатжұрттықтардан қорғап қалған – батырлар. Қазақ халқының елдігі мен еркіндігін сақтау жолында күрескен сондай ерлердің бірі – Бәйтікұлы Тоғанас батыр.

Тоғанас Бәйтікұлы (1813-1864/67) – батыр әрі би. Шыққан тегі Кіші жүз құрамындағы Шөмекей руы. Атадан балаға мұра болып қалған шежірелі әңгімелер мен ескі сөздерде оның Сырдарияның төменгі ағысы бойында туып-өскені, атақты Бәйтік  батырдың ұлы екені айтылады. Атасы Бәймембет, бабасы Тойқожа да – елін сыртқы жаулардан қорғап, сақтап, ұрпағына аманат еткен нағыз батырлар.

Халық арасында айтулы тұлға туралы аңыз әңгімелер жетерлік. Бәйтік батыр да, оның перзенті Тоғанас батыр да Хиуа және Қоқан хандықтарының жергілікті халыққа жасаған озбырлық әрекеттеріне қарсы тұрған. Халық арасында «Бәйтік-Тоғанас» деген атпен әкелі-балалы батырлардың ерлігі көп тараған. Тоғанас батыр қарақалпақ, түркімен бектерімен де соғысып, олардың Сыр бойынан ауа көшуіне ықпал еткен. Хиуалықтармен бірнеше рет Қуаңдария  бойындағы Аққыр тауы маңындағы Қарақ деген жерде айқасып, Қожанияз бекті ойсырата жеңіп, Қожанияз қамал-бекінісін  жойып жіберуге қатысқан. Күмісқорғанды қоқандықтардан азат етуге тікелей араласып, ерлік даңқы шыққан. Қуаңдария мен Жаңадария бойында Бабажан, қарақалпақ Орынбай мен Нұртайды қуып жетіп, олардың көзін жойған ерлердің арасында есімі аталады. 

Тоғанас батырдың ел қорғаны болғанын ақындар да жырға қосқан. Мәселен, Балқы Базар:

– Қысқа күнде қырық шапқан,
Жанқожа, Есет, Қыстаубай.
Қасым, Сейіл, Боранбай,
Сәмет пен батыр Тоғанас,
Солардан да өткен сұм дүние, – деп оны әйгілі батырлармен бірге жырлаған. Тұрмағамбет шайырдың «Ел қамын жеген ерлер» атты толғауында:

– … Тоғанас туып Бәйтіктен,
Байланып қылыш, ту алған.
Ізіндегі көп дұшпан,
Қалтырап қолы қорыққаннан,
Жоқ еді белін буа алған, – деп ерекше мән бере суреттейді. Ал тарихи әңгімелерде оның Кенесары Қасымұлы бастаған қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысына қатысып, Шөмекей жасағын басқарғаны, Жанқожа батырмен бірге Созақ қамалын алғаны айтылады.

Батыр қоқандықтар мен хиуалықтардың бірнеше шабуылын тойтарып, барымталаған малын қайтарып отырған. Тоғанас  Бәйтікұлының өзінің арнайы мөрі, әкесі Бәйтік батырдан қалған ақ туы болған деседі. Ауызша дерек оның түркімен батырының қолынан қаза болғанын айтады.

Тоғанас батырдың ерлігі жазбаша деректерде де кездеседі. Ақын Т.Ізтілеуұлының «Назым» атты өлеңдер жинағында, өлкетанушы-зерттеуші К.Бердәулетовтің «Бұқарбай батыр», жазушы-этнограф Т.Дайрабайдың «Тоғанас батыр», «Сырдың сырлы сыры» атты кітаптары мен Ә.Оспановтың «Жанқожа батыр» романында аты аталады. Айта кетейік, Қызылорда қаласы мен Жалағаш, Тереңөзек және Жосалы кенттеріндегі көшелерге Тоғанас батырдың есімі берілген.

Д.АЙБОЛАТҰЛЫ
16 қаңтар 2023 ж. 355 0