Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 66 газет

03 қыркүйек 2025 ж.

№ 65 газет

30 тамыз 2025 ж.

№ 64 газет

26 тамыз 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» » Асқар тауымнан қалған бұйым

Асқар тауымнан қалған бұйым

Қолға қалам алып, тілшілік қызметке кіріскенімде авторлық кітабымды жарыққа шығаруды алдыма мақсат етіп қойған едім. Сол мақсат жолында жүріп, өмірлік тәжірибе жинадым. Өткен жылдың қарашасында әкем келместің кемесіне мініп кете барғанда осындай жетістікке жетуімнің бір себебі – асқар тауымның қолдауы екенін айқын сезіндім. Осылайша, «Әке – қорғаным» тақырыбында кітап оқырман қауымға жол тартты. Кітап дайындалып жатқан мезетте отбасым мен өзім үшін тосын оқиға болды. Ғибраты мол ерекше жағдай оқырманға ерекше әсер қалдыратыны сөзсіз.

Ер-азаматынан көз жазып қалған анамның көңілі құлазып жүргені рас. Осындай қиын сәтте бір кісімен жолыққанымда әкемнің айбаты басым мінезіне тоқтала отырып, «оның бұрыннан қол­данып жүрген үйде заты бар ма?» деп сұрады. Мен еш ойланбастан, ертеректен әкемнің ұстап жүрген пышағы бар екенін айттым. Қазіргі уақытта сейфте тұрғанын назарына салып қойдым.

– Әкең қолданған пышақты жоғары көтеріп қойғаның дұрыс. Үйдің отағасы бар берекені пышаққа тастап кеткен секілді. Көзі тірісінде қолданған заттарымен оны бірге мәңгілік сақтау керектігін айтайын, – деді ол.

Қайбір жылдары әкемнің мал соятын пышағын сүртіп, тазалап сейфте ұстайтынын көзім көрді. Ендігі жерде әкемнің пышағын көздің қарашығындай сақтайтыным ақиқат.

Ойсыз, ешнәрсеге қам жемей жүру – әкенің бар кезіндегі бақытты баланың болмысы. Перзент қанша есейгенмен, әкесі үшін құндақтаулы сәби секілді. Үнемі амандығын тілейді, толық адам ретінде қалыптасу үшін жол сілтейді. Үлкенді-кішілі қателік барлық адамда болады. Сол қателікті түзейтін, арқасүйейтін әкең. Шалыс басқанда түзу жолға түсіретін асқар тауың. Желдің өтінен қорғап, дұшпанның теріс пиғылынан сақтайтын қадірлі жанның әр сөзінің байыбына бара алмай жатамыз. Кейде іс-әрекетіміз «балалық пен шалалық» деп өзімізді ақтап алайық де­сек, «Он үште отау иесі» екені сана­мыз­ға сарт ете қалады.

Қапия­да деген сөздің құны жоға­ры болатындығын әкем өмірден өткенде сезіндім. Айналдырған аз уақыттың ішінде қарашаңырағым қазалы үйге айналды. Жылай-жылай жас сарқылғанымен, өзге біреу маған қайта әкемді әкеліп бермесі анық. Менің қорғаным құлаған емес, қайта әкемнің берген тәлімі мен тәрбиесі ғұмырлық құндылығыма айналады. Шын мәнінде, өзгелер күзді ұнатар, мен күзді жақтыра бермеймін. Оның ішінде, қарашаны жек көремін. Өйткені, қарашаның алғашқы күнінің таңы атар-атпастан әкемнің жанымда жоқтығына көндігуді үйретті.

PS. Өмірден өтпестен бұрын әкем автокөлігімен жолаушы тасымалдап жүріп, қомақты болмаса да, жеткілікті деңгейде қаражат тауыпты. Арқасүйер азаматының маңдай терімен тапқан табысын анамыз перзенттеріне бөліп берді. Сонда келіншегім екеуміз қамшы сатып алдық. Ал қарындасым жолдасымен бірге Құран кітап алып, үйінің төріне апарып қойды.

Балтабай АЯБЕКҰЛЫ
03 қыркүйек 2025 ж. 175 0