Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 66 газет

03 қыркүйек 2025 ж.

№ 65 газет

30 тамыз 2025 ж.

№ 64 газет

26 тамыз 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» » Қызметіне адал Калила

Қызметіне адал Калила

Еңбекте маңдай термен істеген әр жұмысы құрметке лайық жандар – кіші буын қызметкерлері. Кез келген мекеменің тазалығы үшін техникалық жұмысшылар жауапты. Осы орайда Аманкелді ауылының тұрғыны ауылдық амбулаторияда кіші буын қызметінде еңбек ететін Калила Садықбекқызы туралы қалам тербемекпіз.

Аманкелді ауылының тумасы Калила Бекеева 1965 жылы дүниеге келген. Он жыл­дық орта білім алғаннан кейін ТУ-46 учи­лищесіне түсіп, тігінші мамандығын алып шыққан. Бірақ оқыған мамандығы бойынша қызмет атқара алмай, отбасына қолғабыс етеді.

– Училищені бітіргеннен кейін ата-анамның денсаулығы нашарлауына байланысты мал шаруашылығына көмектестім. Әкем мен анам үкіметтен мал алып бақты. Ірі қараны бор­дақылап, еті мен сүтін үкіметке өткізіп отырдық. Жалпы отбасымызда 3 ұл, 2 қызбыз. Мен үйдің тұңғышымын. Сондықтан болса керек, әрдайым ата-анама қол ұшын созуды құп көргенмін, – дейді Калила Бекеева.

Нәзік жанды қыз баласы болса да белі бекімей атқа мініп, ауылдағы мал шаруа­шылығының дамуына үлес қосқан. Ата-ана­сына қарайласып, еңбек жолы ірі қара бағу­мен басталды. Әр жылы үкімет бекіткен жоспарын тыңғылықты орындап, жұмысына жауапкершілікпен қарады. Солай 1994 жылға дейін мал шаруашылығында еңбек етті. Одан әрі 1995 жылы ауылдық емханаға аспазшы­ның көмекшісі болып жұмысқа орналасқан. Кез келген жұмысты ыждағаттылықпен қатар мұқият орындайтын қызметкер бола білген Калила Садықбекқызы 2014 жылы кіші буын қызметіне ауысады. Сол жылдан бері ауылдық амбулаторияның тазалығына жауапкершілікпен қарап, жұмыс істеп келеді. Сонымен қатар жұқпалы вирустың өр­шуіне байланысты ауысыммен қызмет етіп, тұрғындардың денсаулығын жіті бақылауда ұстауға септігін тигізді.

– Елімізде COVID-19 жұқпалы вирусының таралуында аудан бойынша алғашқы науқас біздің амбулаторияда тіркелді. Біз үшін ең үрейлі, қорқынышты кезең болды. Түрлі жағ­дайдағы науқастарды көрдік. Сол алғаш науқас анықталған кезде мені біршама уақыт жұмыстан алшақтатты. Себебі, сол науқаспен байланыста болған барлық адамды тексерістен өткізіп, байланыста болмағандарды вирустың өршуінің алдын алу мақсатында оқшаулады. Солай әріптестерім біршама қызметкерлерді ауру жұқтырудан аман алып қалды. Тіпті өз туыстарымызбен 2 метр арақашықтықта сөйлесетін едік. Міндетті түрде бетперде болуы маңызды. Осындай ауыр жылдардан да өттік, – дейді Калила Садықбекқызы.

Дәрігердің емі қаншалықты маңызды болса, тазалық та соншалықты жауапты іс. Еден уақытылы жуылмаса, шаң сүртілмесе, кез келген аурудың таралу қаупі жоғарылайды. Ал кіші буын қызметкерлері осының алдын алу үшін күн сайын тынымсыз еңбек етеді. Әр жұмыс күні мекемені залалсыздандырудан басталады. Көзге көріне бермейтін осындай жауапкершілігі жоғары жұмыста абыройлы қызмет етіп келе жатқан Калила Бекеева зейнет жасына таяды. Еңбек жолын мал шаруашылығымен бастаған аяулы жан алдағы жылы зейнеттік демалысқа шыққалы отыр.

Гүлсезім ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ
03 қыркүйек 2025 ж. 180 0