Арулар аз болды ма атқа қонған…
«Мың өліп, мың тірілген» қазақтың ерлерімен қатар қыздары да ел үшін, жер үшін батырлар сапында атойлап жауға шапқан.
Біз білетін Ұлы Отан соғысындағы Әлия, Мәншүк, Хиуаз батырлар сол айбынды да аяулы қаһарман қыздардың ерлік ісін жалғаушылар болды. Олардың болмысы мен образы ғасырлар бойы ұрпағына жарқырап жол көрсетіп жатыр.
Айтолқын – Абылай ханның қызы, ХVІІІ ғасырдағы соғыстарға қатысып, ерлік көрсеткен.
Жандәлі – Найман тайпасынан шыққан батыр қыз. Қазақ-жоңғар шайқасында ерлермен бірге майданға шыққан.
Айбике – ХVІІІ ғасырда өткен атақты Бұланбай батырдың жары, барлаушы сарбаздар қолын басқарған ержүрек әйел. Ол қазақтың батыры, ағасы Қабанбайға Алтай, Ертіс, Тарбағатайдағы жоңғар жасақтарының жайын біліп, жеткізіп отырған.
Ақбикеш – ХVІІІ ғасырдағы жойқын соғыстарда алыстан көретін қырағы қыз екен. Руы – Алшын. Ол соғыста жау жасағын бақылап, оның бағытын қазақтарға хабарлап отырған. Қаратау өңірінде «Ақбикеш мұнарасы» деген ескерткіш бар.
Ботагөз – Тама Көкіұлы Есет батырдың қызы. 1742 жылы әкесі Орынборға кеткенде еліне қалмақ шауып, жылқысын қуып кетеді. Ботагөз 150 сарбазды бастап барып, жауын тұтқындап жеңіспен оралған.
Сапар – Табын руынан шыққан батыр қыз. Кейде есімі Сапура деп те аталады.ХVІІІ ғасырдағы Е.Пугачев соғысында аты аңызға айналған. Аңызда «Көктемір», «Көрінбес» деген атпен дәріптелген, қаһарман қыз өзін Е.Пугачевтың ізбасарымын деп жариялап, азаттық көтерілісін одан әрі жалғастыруға үндеген. Ғалым Н.Бекмаханова ол туралы «Легенда о невидимке» деген (1968 ж.) кітап жазған.
Бақты – әкесі батыр болған, текті ердің қызы екен. Алаш көсемдерінің бірі Мұстафа Шоқайдың әжесі, Торғай датқаның бәйбішесі. ХІХ ғасырдың орта кезінде Бақты қыз батыр әкесімен бірге Түркістанды жаулаушы орыс отаршылдарына қарсы күресіп, барлаушылық қызмет атқарған.
Қойсана – Тарақты Байғозы батырдың қызы. Сардар Шұбыртпалы Ағыбай батырдың анасы. Ер Ағыбайға екіқабат кезінде елінің жылқыларын қуып кеткен барымташыларды қуып жетіп, аттан түсіріп, байлап, ауылына әкелген соң көп ұзамай Ағыбай батырды дүниеге әкеліпті.
Назым – Қабанбай батыр мен Гауһар батырдан туған қаһарман қыз. Әкесімен бірге ХVІІІ ғасырда қазақ-жоңғар соғысына қатынасып, ел қорғаған. Назым қыз есімі және оның ерлігі жұртқа аңыз болып тараған.
Қызай – Найман елінен шыққан батыр қыз. ХVІІІ ғасыр шамасында Найман еліне жау шабады. Бұл кезде оң жақта бой жетіп отырған Қызай бойына жарағын асынып, жасанған жауға қарсы ерлікпен шайқасады. Жау жеңіліп, келген бойымен кері қайтады.
Әлемді таңғалдырған батыр аналар мен қазақтың қыздары аз болмаған. Бәрін атап шығу мүмкін емес. Әйгілі Кирдің басын алып, патшалық құрған Тұмар ханым, Шығыс әйелдерінің патшайымы Тұрқанқатын, Шыңғыс ханды бұлтартпаған қоңырат қызы Бөрте ханым, Низами ғашық болып жыр арнаған қыпшақ қызы Әппақ сұлу, бүкіл Ұлы жүздің ұлы анасы Домалақ ана, Найман елінің текті анасы Ақсұлудың қасиетті есімдерін білмейтін қазақ жоқ.
«Арулар аз болды ма атқа қонған…», – деп ақын Исрайыл Сапарбаев пен композитор Рамазан Тайманов әнге қосқан қазақ қыздары осы батырлардың прототипі, олар нағыз батырлық үлгісі болып тарихта қалды.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ
сурет ашық дереккөзден