Жіп иірген тоқымашы

Ежелгі қолөнерді жаңғыртып, тоқымашылық өнерінен табыс тауып отырған Нұршаһар Құдайберген – жас кәсіпкер. Ол – Аманкелді ауылының тумасы. Орта мектепті бітіргеннен кейін 2016-2019 жылдар аралығында Қызылорда қаласындағы М.Ықсанов атындағы техникалық-ІТжоғары колледжінің химиялық талдау зертханашы мамандығын оқып, тәмамдаған. Араға бір жыл салып, ауылдасы әрі өмірлік жары Талғат Елеусіновпен шаңырақ көтереді. Бұл кәсібін келін болып түскен жылы бастап, шеберлігін шыңдайды.
– Келін болып түскенде менің бос уақытым көп болды. Сонымен қатар тұңғышымды күтіп жүрген шақ. Бос отырмай қолымнан келетін іспен айналысқым келді. Солай әлеуметтік желі арқылы шығармашылық жұмыс іздей бастадым. Алдымнан тоқыма саласы шығып, тоқыма өнеріне бет бұрдым. Курсқа қатысып, ақырындап шәйнектің, табақтың астына қоятын төсеніш тоқып бастадым. Дайын болған туындыларды ауылдағы әлеуметтік дүкенге сатуға қойып, табыс таба бастадым. Одан әрі енем бастамама қолдау көрсетіп, біршама заттарды әперді. Қолөнердегі білімімді шыңдаудан жалықпадым. Түрлі өрнектер жасауды үйреніп, қыз балаларға сөмке тоқып, келіншектерге орамалды түрліше әсемдеп тоқып тәжірибе жинақтадым. Үлкен әжелерім сияқты тоқыма өнерімен шыңдалып, Батыр анамның ізін басқан шебер келін болуды армандаймын, – дейді жас кәсіпкер.
Тоқыма – тек тұрмыстық бұйым ғана емес, ол – өнер. Әрбір өрнектің өзіндік сыры, мағынасы бар. Түрлі түстің үйлесімі мен өрнек нақыштары тоқымашының талғамын, дүниетанымын көрсетеді. Бүгінде тоқымашылық жаңа сипат алып, сән әлемінде де кеңінен қолданыста. Сәнді киімдер, аксессуарлар, үйге арналған интерьер бұйымдары – бәрі тоқыма өнерінің жаңа тынысын ашуда.
Бүгінде тұрақты тұтынушы қалыптастырып үлгерген Нұршаһар – бесаспап шебер. Аяулы жар, үлгілі ана, ата-енесіне сыйлы келін. Қолы қалт ете қалса тоқыма жібін серік ететін жас кәсіпкер 2 баланың анасы. Өзінің сүйіп істейтін ісін махаббатпен жасайды. Қазіргі таңда көп сұранысқа ие үйге киюге арналған тоқыма аяқ киімі және жаздық жібек жіптен тоқылған жеңіл әрі ыңғайлы сырт аяқ киімін көптеп жасауда. Сондай-ақ қыз-келіншектерге арналған арнайы жіптен өрнектеп тоқылатын орамал да Нұршаһардың еңбегі.
Алдағы мақсаты ұлттық нақышты айқындайтын қолөнер шеберлігін өскелең ұрпаққа үйретіп, жаңа туындылар жасап шығару. Бұл тоқыма өнерін республикалық деңгейде дамуына үлес қосу арманы екенін жас кәсіпкер айтып өтті.
Жіп иірген тоқымашының еңбегі – тек бүгінгі күннің қажеттілігі емес, болашақ ұрпаққа қалатын мәдени мұра. Өйткені қолөнер – халықтың тарихы мен дәстүрін бойына сіңірген асыл қазына. Осы өнерді жалғастырып жүрген әрбір әйел – қазақтың рухани байлығын сақтаушы екені сөзсіз.
Гүлсезім ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ