Әке жүрегі

Есіме түскен бұл оқиғаға біраз жыл өтіп кеткенімен, маңыздылығын қазір де жоғалтқан жоқ. Әңгімені оқыған адамның бей-жай қалмайтынын білемін. Біреуді ойландырар, мүмкін көмегі тиіп, біреуді тоқтатар. Ең болмағанда жақын жүрген адамдарына айтар деп ойладым. Балаларды жылатқан – бәрі сол құрғыр қу дүниенің кесірі.
Өмір бойы адал қызметінің арқасында халыққа танымал болған Сәрсенбай аға (атын өзгертіп жаздым. – авт.) соңғы кезде ұлының бойындағы өзгерісті арагідік байқап қалып, «ойпырмай… бұл қалай болды екен?» деген түйсігіндегі үнемі ызалап тұратын салқын мазасыздықтан айырыла алмай жүрді. Әрине, ішкі істер қызметінде жоғарғы шен алып, дәрежесі жоғарылағанда бірінші қуанған әке еді. Қызметі жоғарылаған сайын адамның табысы да көтеріліп, жүрген ортасының да өзгеретіні заңдылық. Бірақ баласының күнделікті өмірде араласып жүретін, қызметтік жолдастарды айтпағанда, балалық шағынан бірге келе жатқан достарының да үйге келуі сиреп, араларының суып бара жатқанын іші сезіп, біліп жүрді. Орган адамдарында басқа ұжымдардағыдай ыстық ықыласты қарым-қатынас бола бермейтінін жолдастарының әңгімелерінен естіп жүретін. Олардың сыйластығы қызметтік сыйластық, көбіне иығындағы погонның дәрежесімен, тең-теңімен шектелетінін бұл да білетін. Сондықтан баласының таңдап алған мамандығына сай, әрдайым пышақтың жүзіндей болған қызметте антына берік болып, өзін елімізді жаулап алған жемқорлықтан алшақ ұстап, қазақ атамыз айтқандай «Қайғысыз ішкен қара судың қаймағы бір елі» болатындығы туралы үнемі есіне салып, тәрбиелеп өсіргеніне сенімді болып жүрді. Әкенің арманы – баласының отбасына еге болып, абыройлы қызмет істеп, аман-есен жүруі. Баланың беймезгіл көп жүруін алғашқыда қызметтен туындаған жұмыстарға жатқызып, онша мән бермей жүрген. Өзі де жас болды, қызметтің арқасында талай азаматпен жора-жолдас, дос болып қатынасты. Күнделікті қызметтегі әріптестердің қызметтен кейін таусылмайтын себепті-себепсіз басқосуы жиі-жиі болып тұратын. Ол кезде қазіргі замандағыдай бірін-бірі аңдып, аяқтан шалып, қызғаныштан көрінген нәрсені желіге шығарып масқаралау болған емес. Елімізде күнде болып жатқан өзгерісті, үкіметтің жемқорлықпен күресі жағдайларында ұсталып қамалып жатқан небір лауазымды қызметте отырған жігіттердің қазіргі қасіретті тағдырын айтып, баласына сақтанып жүруді ескертуден жалыққан емес. Осы қызметке келгеннен бері жаңа салынған еңселі үйдегі алты ай сайын ауыстырылатын қымбат жиһаздың, қымбат көліктің, аста-төк, көл-көсір есепсіз дүниенің бекер тегін келмейтінін сезінген әке бірнеше рет отбасында отырып баласына ескерткен. Үйдегі жылтыраған дүние бұған жау болып көрінетін. Бір нәрсе айтсаң, баласы мен келіні «Қойшы, папа, жұрттың бізде несі бар, тапсақ жұмыс істеп тауып жатырмыз. Қазір заман бөлек, жұрттың үйіне барсаң, жәннатта өмір сүріп жатқандай, анау мынадай алыпты, мынау анадай салыпты» деп бетбақтырмайтын әңгімені айтуды әдетке айналдырды. Соңғы кездері шешелерін де өз қатарларына қосып алды.
Жастайынан әкесі ерте кетіп, анасына қолқанат болып, артында өсіп келе жатқан іні-қарындастарына қамқор бола білген бұл әке жүгінің ауыртпалығын арқалап өмір сүрген соң, еңбекпен тапқан адал нанның бағасын, қадір-қасиетін біліп өсті. Ауылдағы үйдің тіршілігі бұны ертерек ер жеткізді. Қыстық отын, мал азығын дайындау, бау-бақша егу, оның күтімі, бәрі бұның мойнында еді. Ол кезде оқушылар ала жаздай көрпе-төсегін арқалап, совхоздың пішенін дайындауға, күріштің суын кешіп отағын орып, күзде масағын теруге баратын. Сол қиындықтарға мойынсұнбай мектепті өте жақсы бітіріп, институт оқып, қызмет еткен уақыттары, жылдар бойы арқаланып пәтер жалдаған күндер көз алдынан елестеп өтті. Уақыт өте осы болып жатқан жағдайларды ойланғанда кейде тынысы тарылып ауа жетпей, жүрек шаншып сыр білдіре бастайтын. Қанша рет басқа келген жаман ойларды алып тастайын деп тырысқанмен, іштегі баяғы салқын мазасыздық түйсігінде қалып қоя берді. «Бүлінген ешнәрсе жоқ, бұл да заманның ағымы шығар» деп өзін жұбатумен күндер өтіп жатты.
Адамның ішінде екі қасқыр болады екен: «имандылық пен нәпсі», қайсысына қамқор көп болса, сол жеңеді дейді. Бізде нәпсіге қамқор жүйе қалыптасқандықтан, ұятсыздау ұрпақ тәрбиелеп келе жатқанымыз жасырын емес. Бірақ жоғарғы шенді ынсап етіп, қызметтің берекесін келтіріп, қарапайым өмір сүріп, жарқырап жүрген қаншама азаматтар бар. Зейнетке шыққаннан кейінгі ең үлкен ермек ол Құдайдың берген немерелері екен. Оларды көлікпен балабақшаға, мектепке апару, алаңға ойнату – ол да үлкен жұмыс, бақыт. Алланың шеберлігінде шек жоқ, жылдарды өмірге тоймайтындай қылып сатылап қойған. Құда-жекжат, ағайын-туғанмен араласу, қатарыңмен құдайыға, тойға бару, ол да бір маңызды тіршілікке айналғаны қашан. Өмірде өз уақытына сай қанша қызық болып жатса да, өз ошағының шеттен шығып бара жатқан берекесіз тірліктері бұны әлсін-әлсін мазалайтын. Сырттан қараған ағайынға оның үйі төрт құбыласы түгел, тіпті араласқан ортаға үнемі өнеге болып көрінетін. Бірақ көлденең ақша жүрген, оған бойы үйренбеген отбасында ыдыс-аяқтың сылдырлауы жиі-жиі болып жататын. Әкенің «тәк-тәгімен» ол жағдайлар сыртқа білінбейтін.
Осы ойлар бұның жүрегіне арагідік салмақ салып, асқынып бара жатқанын өзі де сезді. Ауырды, алыс-жақын шетелде болып, үнемі ем алып жүрді. Көбіне Астанада тұратын дәрігер қыздарының отбастарында айлап жатып емделетін. Қыздардың қамқорлығын әке жүрегі ерекше сезініп «шүкір» дейтін, қуанатын, олардың ыстық ықыласы бұған күш беретін. Бірде дәрігерлер «жүрекке ота жасау керек» деп шешті. Жүрекке отаны елімізге белгілі хирургтің өзі сәтті жасады. Үш айдай кіші қыздың үйінде болып, оңалту орталықтарында, кешенді емдеудің түрлерін алып, күнделікті өмірге қалыптасып, әп-әдемі тәуір болып ұшаққа мініп, ауылға қарай бет алған. Бәленің бәрі өз үйінің ауласына аттағаннан басталды. Сағынышпен қаумалап күтіп алған ағайын бұны басқа аулаға кіргізіп жібергендей болды. Өзі салған үйінің орнында екі қабатты еңселі коттеджді көріп, басы айналып құлап бара жатқаны, «сюрприз-сюрприз» деп алыстан айғайлаған жақындарының дауыстары еміс-еміс есінде қалыпты…
Досымен бөліскен осы сырдан кейін қайта қалыпқа келмеген ағамыз жүрегіндегі мазасыздықты арқалаған күйі ұзамай осы ауруханада көз жұмыпты. Ағаның досы облыс орталығынан келе жатып әдейі маған соғып, осы әңгімені айтып бергеніне де біраз жыл өтті. Сол жолы досының бір жылдық асынан келеді екен. Әке жүрегін күйдірген шенді бала бар абыройдан айырылып, ұзамай-ақ 10 жылға сотталып, жинаған дүние, отбасының берекесін бірге алып кетіпті.
«Ұшқан құсты торға түсіретін, жүйрік аңды орға түсіретін тамақ екен. Жұтқан тамағына ие болған адам торға да түспейді, орға да түспейді» деп айтып кеткен екен данышпан Мәшһүр Жүсіп жарықтық.
Марат ОМАРОВ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі
Фото: Ашық дереккөзден