Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Туған өлкеңді танып, біл

Туған өлкеңді танып, біл

Ақжарма ауылдық модельді кітапханасының ұйымдастыруымен «Туған өлкеңді танып, біл» жобасы аясында танымдық кеш өтті. 

Тағылымды кештің басты мақсаты – ел азаттығы мен бірлігін сақтауда ерен еңбектің үлгісі болған тарихи тұлғаларды жас оқырмандарға таныту болды. Іс-шарада ерліктің үлгісі болған тұлғалардың бірі – Түлкібай Жаңатайұлының ерлігі оқырманға кеңінен насихатталды. «Ерлік пен батырлықтың үлгісіндей» атты тарихи-танымдық кешке кітапхана оқырмандары мен батырдың ұрпақтары және сала мамандары қатысты.

«Гүлім-ай» би үйірмесі бишілерінің «Шашу» биімен ашылған кеште кітапханашы батырдың өмірбаяны мен ерліктерін оқырманға кең көлемде таныстырды. «Парасат жолы» бұрышында өткен шарада батырдың ұрпақтары Дәулетияр Медетбаев, Мәлік Құрманқожаев, Жанұзақ Шатаевтар сөз сөйлеп, көзі қырағы оқырманға Түлкібай батыр туралы тың мағлұматтармен бөлісті. Сонымен қатар іс-шарада №130 Абай Құнанбаев атындағы орта мектептің оқушылары Замаддин Ибадуллаевтың «Түлкібай батыр» атты жырынан үзінділер оқыды. Батырдың Сыр бойын жағалай өмір сүрген халықтардың басын біріктіріп, жауға қарсы күресте ерен ерлігімен танылған Түлкібай батырдың ерлігі ұрпақ жадында мәңгі сақталатыны анық. Кеш соңында кітапханашы Ақмарал Айқынбаева «Түлкібай ерлігі елге үлгі» атты кітап көрмесін оқырмандарға таныстырды.

Айдана ҚАЛИЕВА
26 ақпан 2022 ж. 474 0