Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 газет

30 қараша 2024 ж.

№94 газет

26 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Тұрғанбай қажы медресе-мешіті

Тұрғанбай қажы медресе-мешіті

Сырдария ауданы «Шіркейлі» каналының оң қапталында Шаған елді мекені орталығынан 10-12 шақырымдай жерде қоныс болған. Мұнда кезінде кіші жүз Алаша руының Алтыбас, Жомарт, Құлтай, Дербіс аталықтарынан тараған қалың ел отырған.

Заманында ел-халқы ескі «Шір­кей­лі» каналы бойында егінін егіп, жаз жайлау­да Қызылқұм мен Қарақұм асып, қыста осы маңды мекен етеді. Осы қалың халыққа діни бағытта әрі сауатын ашуда Көкілташ медресесінің түлегі Тұрғанбай Жанқасқаұлы көп еңбек етеді. Осы өңірге белгілі діни ғұлама, әрі аса ауқатты Алтыбас Алашадан шыққан Тұрғанбай Жанқасқаұлы өз қаражаты және жергілікті халықтың қолдауымен «Шіркейлі» каналының оң жақ қапталынан мешіт-медресе құрылысын жүргізеді. «Мешіт-медресе халықтың пайдалануына берілді» деген­ге «шашу таралғысы» деп санда­ған қымбат кілем төсеніштермен қатар, басқа да қажетті дүниелерді Қызылқұмның ішіндегі ағайын-туыс­тармен Құттымұрат Тобағалов болыс 12 түйеге артып өзінің 12 жасар інісі Атамұратты керуен басы етіп жібереді. Бұл мешіт халыққа ұзақ уақыт қызмет атқарады. Мешіт үйі кешегі Кеңес үкіметі кезінде де білім беру саласында 1949 жылға дейін қызмет көрсетіпті.

Шаған елді мекенінің тумасы, өмір­ден көргенімен түйгені мол, ардақты қария Төлеп Мыханов ақсақал осы мешіт орны бүгінде үйінді төбе болып қалғанын және бұл жер киелі екенін, бұл жерден кезінде көптеген адамдар білім нәрімен сусындағанын айтады.

– Мен 1944 жылдан бастап осы жердегі мектепте бірінші сыныптан төртінші сыныпқа дейін білім алдым. Ол кезде осы орында ұзындығы 13 метрдей, ені 5 метр, сыртқы есігі шығысқа қараған, есіктен кіре ені 1,5 метрдей тар дәліз, бірден дәріс алатын бөлмеге апаратын. Тар дәліздің екі қапталында шағын екі бөлме болды. Бірі мұғалімдерге арналған, екінші бөлме есігі үнемі жабық болатын. Шағын терезеден қарағанымызда іші тола кітаптар еді. Бұл мешіт үйі сонау алғашқы кеңес үкіметі кезінде де мектеп болған шығар. 1949 жылы осы мешіт үйі ауыл басшыларының тапсырысымен бұзылған еді.

Ал осы мешітті салдырған Тұр­ғанбай қажы ХVІІІ ғасырдың орта шенінде Қалжан, Мырзабай ахундармен замандас болуы керек. Тұрғанбай қажыдан тараған ұрпақтар Ысқақ пен Үсейінқазы әке жолын ұстанып, Көкілташ медресесін тәмамдаған. Үсейінқазы қариялық дәрежеге жете­ді. Қари – Құранды әдемі әуезбен оқитын­дарға берілетін діни дәреже.

Тұрғанбай аса ауқатты әрі қажы­лығымен қатар қайырымды ісімен ел құр­метіне бөленген жан бол­ған. Сыр сүлей­лерінің бірі Керейіт Дақмұрын дүр­дің мына өлең шумағында Тұр­ғанбай аты да аталады.

– Сайыпназар Аллалаған ер еді,
Мырзакеңмен Бәймен кәмбіл
тірі еді.
Алашада өзі сақи Тұрғанбай,
Үшеуі де сөйлер сөзге
бұлбұл құстай дүр еді.
Тапал марқұм Қалжекеңмен екеуі,
Кітап айтқыш мусаннубтың бірі еді, – дегені Тұрғанбай қажының келбетін ашқандай.

Әрі қарай Тұрғанбай қажы туралы Төлеп ақсақал Ахат Жанаевтың құрастыруымен жазылған «Шежіре дастан» еңбегінде, Сыр елінің бел­гілі билері, болыс, ел басқарған ел ағаларымен қатар ахунмен батырларында атап өткен. «Алтында Әжібай Тайман және Науша Жарықта болған, кепіл жеңіс кілті Тұрғанбай, Ахун Садық алашадан Жандар еді емі шипа адал құлқы», – дей келе «1874 жылы Арқадан Қалжан ахун ауы­лына, жанында Қараөзектік саудагер Сырдың атақты алпауыты Мырқайдар Жарасбайұлы (Мырқы) бар Құнанбай сұлтан келе жатыр» деген хабар алған, Қалжан ахун осы өңірге белгілі тұлғаларды жинап Құнанбайды күтіп, оған құрметпен үлкен жиын өтсе керек.

Құнанбай Қалжаннан бата алып, Мекке Мединаға баратын қазақ бауырлар түсетін жай (тақия) салу мәселесін көтеріп, оған кететін шығындарды осы қажылыққа баратын кісілер бірге көтеруге пәтуаласқан екен.

Осылай қазақ елінен Құнанбаймен бірге осы өңірдің дәулеттілері Табыннан Досжан хазірет, Алашадан атақты бай Тұрғанбай қажылыққа бет бұрыпты. Осы сапарда Тұрғанбай немере інісі Әділбай мен үлкен ұлы Ысқақты қоса алып барғанмен жұқпалы дерттен інісі мен баласы сол елде қайтыс болады.

Тақия құрылысы аяқталып әрі қарай тақияға егелік етуді кіші жүздің бек ғұлама ғалымы Сұлтанды бас­шылыққа тағайындап, тақияға ат қойғанда кіші жүз «Досжан хазірет» есімі берілген екен.

Шәкәрім Құдайбердиев 1906 жылы Меккеге қажылыққа барғанда тақияны көріп, онда кіші жүз Қанатбек сопы бас­шылық етіп отырғанын көріпті. Ел аузында елде Мырқының моласы жоқ, ол Меккеде осы қажылық сапарында бақилық болған дейді. Тұрғанбай қажы да інісі мен баласын сол елге қалдырып қайтқан екен. Тұрғанбайдан Ысқақ, Нұғыман, Үсейінғазы тараса, Ысқақ қажылықта қайтыс болса, әке жолымен Үсейінғазы Көкілташ мед­ресесін қарилық дәрежеде аяқтап, мешітке иелік етеді. Халыққа қызмет көр­сетіп жүргенде 1937 жылы Үкіметтің үкімімен ату жазасына кесіледі.

Үсейінқазы қаридан Әбдікәрім, Әбілахат, Әбдірашит, Әбіләкім, Анар, Шынар есімді тараған ұл-қыздары әке­ге жамылған жаладан, амалсыздан аман қалу мақсатында Үсейінқазы деген әке есімінен безіп, қари дегенін фамилия етіп ауыстыруға мәжбүр болған. Әбілахат Қариев есімді ұлы Заман ағымына сай, Қызылорда қаласындағы педучилищені бітіріп соғысқа аттанып, 1946 жылы елге аман-есен жетеді. Атадан келе жатқан мешіт орнындағы мектепке мұғалім болып орналасып, білім беру саласына бар өмірін берген. Әбдірашид Қариев соғысқа 1942 жылы алынып, 1944 жылы тұтқынға түсіп, Польша елінің Радом қаласындағы концлагерінде көз жұмады. Міне, осылай кешегі елі үшін еңбек еткен азаматтардың ұрпақтары өмірдің тар-жол, тайғақ кешуін бастан өткерген балаларынан тараған ұрпақтары бүгінде облыс, аудан көлемінде ата-баба атына лайықты, өмірде өз орындарын та­уып өмір сүруде.

Жәнібек МАХАНБЕТ,
өлкетанушы
Болат МАХАНБЕТОВ,
музей қызметкері
19 қараша 2024 ж. 80 0