Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Халықтың сауатын ашқан дін қайраткері

Халықтың сауатын ашқан дін қайраткері

Сыр өңірі – бүкіл алашқа мәлім дүл-дүл шайырлар, батырлар мен билер мекені ғана емес, ахундар мен ишандардың, молда, мақсұм атанған оқымысты, ғұламалардың елі. Киелі жерде халыққа білім беріп, діни  сауатын ашуға ғұмырын арнап, өздері мешіт-медресе ашқан ағартушы ұстаздар көптеп саналады. Солардың бірі және бірегейі – Қалжан ахун Бөлекбайұлы. Ол парсы, араб, тәжік тілдерін жетік меңгерген, туған елінде   ізгілікті ісімен, жақсылық шапағатымен аты кең танылған, халық құрметтеген тұлға.

Қ.Бөлекбайұлы «Көкілташ» медресесінде он жыл білім алған. Ол негізгі оқуы шариғат және заң саласын толығымен тәмамдап, оларға қоса философия, астрономия, математика, биология ғылымдарын тауыса оқып, шаруашылық басқару ісін игеріп шыққан. «Көкілташта» оқып жүргенінде Сыр өңірінен келіп дәріс алып жүрген Ораз ахун Бекетайұлымен жақын дос болады. Қалжан ахунның білімдарлығын танып білген Ораз ахун оған қызы Зәйтекті қосып, 1890 жылы Сыр еліне алып келеді.

Дүйім жұртқа аты мәшһүр ғұлама, зарыққандар мен тарыққандардың қамқоршысы бола білген Қалжан ахун – халықты отырықшылық мәдениетке үйретуде үлкен еңбек еткен жан. Қалжан ахун 1901-1906 жылдары «Орынбор-Ташкент» теміржолының салынуына байланысты құрылысшылардан кірпіш зауытын сатып алып, қыш, кірпіш құйдырып, медресе салуды қолға алады. Ахунның бұл бастамасын жергілікті халық қызу қолдайды. Хиуа мен Бұқарада жоғары білім алған ол туған еліне мешіт салып, оқу-ағарту саласында еңбек сіңірді. Өз шәкірттерін ежелгі Шығыстың жұлдыздары Фирдауси, Саади, Рудаки, Омар Хайям поэзияларымен сусындатып, халықтың діни сауатын ашқан. Сырдың атақты шайыры Тұрмағамбет Ізтілеуұлы Қалжан ахуннан дәріс алғаны туралы деректер кездеседі.

Діни қайраткердің дүниетанымы мен өскен ортасы өз дәуірінің тарихи, рухани және саяси қырлары арқылы танылды. Ол өзін ислам философиясы мен мұсылман әлемін тұтас сезініп, келешегін осы негізде қайта құруды мақсат етті. Және де соған сай нақыл мен ақылды қатар ұстаған ойшыл бола білді. Асқан білімдарлығымен, қайраткерлігімен елге атақ-даңқы жайыла бастаған Қалжан ахун да отаршыл саясаттың құрығына ілініп, қуғынға ұшырап, түрмеге жабылады. Ахун 1916 жылы өмірден өткеннен кейін салдырған медресе құрылысы толық аяқталады.
Бүгінде Қалжан ахун мешіт медресесі республикалық маңызы бар мемлекеттік ескерткіштер қатарына жатады. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасымен 2007-2008 жылдары медресеге республикалық бюджет қаржысына қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген. Бүгінде медресенің аумағында Қалжан ахунның өзі тұрған үйінің орны бар. Қалжан ахунның жанұясы осында жерленген. Жергілікті өлкетанушы Жәнібек Маханбеттің айтуынша, Қалжан ахун бабамыз осы жерде қоныстанған уақытында дарияның сағасынан арық қаздырып, үйінің айналасын бау-бақшаға айналдырған. Есігінің алдына шығыс үлгісімен хауыз салдырып, айналасы гүл жайқалып, құстар сайрап жататын керемет орын болған екен.


Асхат АСҚАРҰЛЫ,
Сырдария аудандық мешітінің бас имамы
18 сәуір 2023 ж. 261 0