Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 газет

30 қараша 2024 ж.

№94 газет

26 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Нұран Қожа мешіт-мед­ресесі

Нұран Қожа мешіт-мед­ресесі

Сырдария аудандық тарихи-өлкетану музейінің «Аудан көлеміндегі мешіт-медреселердің тарихы (ХІХ-ХХ ғғ)» тақырыбындағы ғылыми жобасы аясында А.Тоқмағамбетов ауылының территориясында орналасқан тарихи нысандардың бірі – Нұран Қожа мешіт-медресесінің орны мен тарихы зерттелген болатын. Сол зерттеу барысында нысанның орналасқан жері, өлшемі, суреттері, тарихты білетін жергілікті тұрғындар мен Нұран қожаның ұрпақтарынан алынған мәлімет топтас­тырылды. Оқырманға ой салу және басылымның сапалық мазмұнын арттыру мақсатында Сырдария аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Әкімжан Ержанұлы Әжікеновтің мақаласын жариялауды жөн көрдік.

Редакция

Нұран Қожа мешіт-мед­ресесі – Сырдария ауданына қарасты А.Тоқмағамбетов ауылының солтүстігінде, шамамен 25-30 шақырым жердегі Қаракөл маңында орналасқан. Тереңөзектен қарағанда солтүстік шығыс беткейде орналасқан мешіт ғимараты қам кесектен салынған. Бірақ қазіргі күнде құлаған, тек қабырғалары қалған. Дәл қазіргі биіктігі 3 метрдей болса, негізгі биіктігі одан үлкендеу болған деген деректер бар. Жақында осы тарихи орынға арнайы барудың сәті түсті. Сонда көрген-білгенімізді, көңілге түйгенімізді аудандық басылымға ұсынуды жөн көрдім.

Мешіттің сыртқы және ішкі қабырға қалыңдықтары 45 см-ді құрайды екен. Ал мешіттің сыртқы өлшемі 19,2х13,3 метрді құрайды. Мешіт бес бөлмелі етіп салынған және де шығыс беткейіндегі бөлмелерде терезелері бар. Мұнан бөлек батыс құбыла беткейіндегі бөлме қабырғасында күмбез тәріздес ойықшам кездеседі. Ол намаз оқу орны ретінде пайдаланғанға ұқсайды. Ойықшамның өлшемі 1,88х1,10 метр екенін өлшеп, үстіңгі бөлігі жоқ екенін де көрдік. Ол уақыт өте келе бұзылған. Бірақ 1-2 өрлік бөрене мешіт ішінде жатыр. Өрлік бөренелер мен мешіт қабырғаларының көп бөлігі жаңбыр, қар суларынан эрозияға ұшыраған.

Негізі Нұран Қожа мешіті хронологиясы 19 ғасырдың екінші жартысы мен 20 ғасырдың бірінші жартысында салынып, қызмет атқарған. Оның қазіргі Асқар Тоқмағамбетов ауылынан 30 шақырым жерде Қаракөл маңында орналасқанын жоғарыда айттық. Бұл жерлер «Ақболтай», «Зортөбе» немесе «Басқынбайдың қыстауы» секілді атау­лармен танымал. Зортөбе маңындағы Нұран Қожа мешіті сол заманда медреселік жұмыс атқарған. Мешіттің салынуына сол жердегі тұрғындар көмектескен. Сондай-ақ сатира сардары Асқар Тоқмағамбетовтің әкесі, яғни Тоқмағанбет Тоқтышақұлы, Басқынбай болыс секілді тұлғалардың демеушілігімен тұрғызылған. Осы ретте Тоқмағамбет Тоқтышақұлының 1856-1931 жылдары өмір сүргенін айта кетейік. Медресе салудағы басты мақсат халықтың көзін ашып, келешек ұрпаққа діни және білім жолдарын дәріптеу болған. Сонымен қатар осы Ақболтай мен Зортөбе тұсынан өзек каналдары арқылы су жүріп, халық сол жерге тұрақтап мекендеген. Мешіттің айналасы бау-бақша болған. Оған дәлел қазіргі таңға дейін сақталған қураған ағаштардың көктеп жатқаны.

Егіншілік пен мал шаруа­шылығымен айналысуға қолайлы мекен туралы:

«Ақболтайдың қамысы будан будан,
Атым үркіп жүрмейді аққан судан» деп өлеңдететін Әжікен Ібірашұлы бабамның естеліктерін ардагерлерден естимін. Осы сөздер біз тақырыбымызға арқау етіп отырған аумақтың жері сулы,егінге және мал шаруасына қолайлы мекен болғанын сипаттап тұрғандай. Мешіттің батыс беткейінде адамдардың тұрғанына тағы бір дәлел қам кесектен салынған үйлердің орындары. Қазір бұл үйлердің тек бұрыштары ғана қалған. Мешіт маңынан оңтүстік шығыс беткейде үлкен бейіттер мен қорымдардың орындары бар. Бұл орындардың ерекшелігі, қиын-қыстау, қуғын-сүргін кезеңінде сол маңда өмір сүрген адамдардың мәйітін осында әкеліп жерлейтін болған. Мәйітті жерлеуге және көктас орнатуға халықтың жағдайы болмаған деседі, соған байланысты қоршалған молаға бірнеше адамдарды ғана емес, тіпті әулетімен жерлеп көметін болған деген деректер бар. Бұл жерлер қиын заманның қаралы кезеңдерінен өткен ата-бабаларымыздың да жатқан жері десек қателеспейміз.

Бұл маңда көбіне Қарақойлы және Жаппас Қожа руынан шыққан кісілердің ата-бабалары көп жерленген. Ардагерлердің, көнекөз қариялардың айтуынша, басқа да рудан шыққан азаматтар да осында жерленген екен. Яғни, сол замандағы Зортөбе маңындағы өмір сүрген халық үшін бұл жер ауыл бейіті болған. Нұран Қожа мешіт-медресесі жанында үлкен қоршалған мола орнының болуы, белгілі діни ғұламалар мешітінің жанына халық о дүниелік болған ағайын туыстарын әкеліп жерлейтін болғанын аңғартады. Оған дәлел киелі орындарымыз Қожа Ахмет Яссауи, Қалжан ахун секілді мешіт медреселердің жанындағы көптеген бейіттерді және қаза болған адамдардың көптеп жерленуін айтсақ болады. Осыған орай Нұран Қожа мешіт медресесінің өз заманындағы осындай мықты, діни білім, тәрбие беретін орын болғанын көрсетіп тұр десек қателеспейміз.

Асқар Тоқмағамбетов ауылының тұрғыны Бақтияр Наурызбаев есімді арда­гердің айтуынша, Нұран Қожа қазіргі Аманкелді ауылында сол заманда діни білім беріп ұстаз болып жүрген тұлға­лардың бірі болған. Халықтың діни сауатын ашу мақсатында Басқынбай бабамыз Зортөбе маңына осы кісіні алып келген екен. Кеңес өкіметінің зұлым саясатының кесірінен осындай тұлғаларымыздың көптеген еңбегі жойылып, діни білім жолында ұстаздық етіп жүрген кісілердің барлығы шет елдерге қудаланған. Кейіннен колхоздас­тыру кезеңінде осы өңірге Ошақтылар мен Қарақойлылар келіп қоныстанған. Қазіргі таңда ол жерге адам аяғы аттап баса қоймағанымен, жолай өткен және сол маңды білетін кісілер ата-бабаларына Құран бағыштап, дұға тілейді. Сондай-ақ ол жерге апарар жолды қазіргі таңда санаулы адамдар ғана біледі. Тарихи мекенге апарар жолды және де жер-су атауларымен қосымша осы өлкенің тарихын ұмытпай жүрген Асқар ауылының тұрғындары Тұрсынбек Сұлтанұлы, Жәнібек Маханбет секілді өлкетанушыларымыздың еңбегі зор.

ХХ ғасырдың басында Нұран Қожа мешіт медресесі аймақ халқының діни білім, тәрбие, тәлім алатын жері болған. Сол медреседен оңтүстікке қарай 100 метр­дей жерде Асқар Тоқмағамбетовтің әкесі, яғни Тоқмағам­бет Тоқты­шақ­ұлының жеке дара орналас­қан күм­без­делген бейіті тұр. Бұл медресе жанына осындай ұлы тұлғаны жақындау етіп жерлеуінің бір себебі бар. Зерделей келе Тоқмағамбет Тоқтышақұлы тірі кезінде мешіт медресенің салынуына септігін тигізіп ғана қоймай, сондай-ақ қара халыққа көмегін көрсеткен деп бағамдаймыз. Халқына көмегі тиген осындай тұлғаларымыздың бірі Басқынбай бабамыз еді. Нұран Қожа мешіт-медресесінің солтүстік батыс бөлі­гіне қарай 1 шақырымға жетер жет­пес жерде Басқынбайдың қыстауы орна­ласқан. Басқынбай болыс тұрған үй биікте орналасқан және де қабырға бө­лік­тері қалған. Бұл мекендегі үйлер бір­келкі, барлығы бірдей қам кесектен са­лынған. «Басқынбай қыстауы» деп ата­луының себебі, сол мекеннің болысы және елге абыройлы кісі болғандықтан ха­лық Басқынбайдың қыстауы деп атап кеткен. Егін және мал шаруашылығы не­гізгі кәсіп болғандықтан Басқынбай болыс ірі қара малын ұстап, бағбандықпен де, шаруашылықпен де айналысқан. Оған дә­лел сол жердегі бақшаның орны мен тал ағаштарының қазірге дейін көктеп тұрғаны.

Ақболтай өлкесінің бай-болыстары ауыл маңына теміржол бағыты түсіп жат­қан уақытта теміржол бойын салып жатқан адамдарға ірі қара малмен азық-түлікпен көмек беріп, жолдың уақытын жоспарланғаннан ерте, шамамен 4-5 жыл көлемінде аяқтап бітіреді. Сондай-ақ осы мекенде елге танымал абыройлы азаматтарымыздың бірі – Басқынбайдың туған немересі қазақтың белгілі заңгері, Әділет министрі қызметін атқарған Бегайдар Жүсіпов дүниеге келген. Мұнан бөлек қаламгер ақын Асқар Тоқмағамбетов, «Сырдың екінші Мұратбаевы» атанған Нұрмағанбет Мұратбаев секілді тұлғалар да осы жердің түлектері. Осындай ұлы тұлғаларымыздың, ата-бабаларымыздың шыққан тарихи жерді келешек ұрпаққа ұмытылмастай етіп дәріптеуіміз қажет. Негізінен қазіргі А.Тоқмағамбетов ауылының тарихы мен басты нүктесі (орны) осы жерлер. Кейіннен ауыл-аймақ шоғырлана келе, күн көрістерін жақсарту және де Кеңестік заманда елді мекендерді ірілендіру мақсатында оңтүстікке қарай (18 партсъезд) теміржол бойына көшіп тұрақтаған.

Әкімжан ӘЖІКЕНОВ,
Сырдария аудандық
тарихи-өлкетану музейінің
ғылыми қызметкері
28 мамыр 2024 ж. 425 0