Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қылыштай рух

Қылыштай рух

Кеңестік қиын жылдарда жыраулар рухы, қобыз сарыны бізге Махамбет жырларымен бірге келді. Намыс бол­маған жерде, ұлы сүйіс­пен­ші­лік болмаған жерде ерлік пен елдік те, кеңдік пен теңдік те жоқ-ау, шамасы. Былайынша айтқанда, ештеңе жоқ. Ұлы сүйіспеншілік үлде мен бүлдеге оранған Күнікей қыз болып қана көріне ме? Алтын тақ, хан сарайы сияқты қылаң беруі керек пе әлде?

Ат басындай алтын ба, атқа мінген дулығалы елес шығар мүмкін? Ол туралы қазақтың мыңжылдық рухының ұстыны Махамбеттен сұраңыз:

«Мінгені Исатайдың Ақтабаны-ай,
Сүт беріп, сұлы беріп баптағаны-ай.
Зеңбірек үш атқанда дарымады,
Құдайдың, міне, қара сақтағаны-ай».

Зеңбірек атқылағанда тимеген не деген құдірет ол? Алдында зымырап жан сауғалап бара жатқан аң, яки құс емес, аттылы адам Исатай ғой. Басқа емес! Дардай аттылы батырға оқ неге дары­мады? Исатай да, Махамбет те сол кезде халықтың іңкәр сезімі мен арман-мұратынан, ұлы махаббатынан жарал­ған жандар еді. Сондықтан екеуі де өл­мей тірі қалды. Атқа мінген күйі қазақ да­ласында қалып қойды екі батыр.

Білуімізше, Махамбеттің қадірі артып тұрған ол кезде. Хан сарайында аталық деңгейінде, әлденеден тарықты дейтін емес. Оқыған, сауатты, ақын, алды-арты түгел, не жетпеді? Халықтың басына түскен ауыртпалыққа төзбеді. Әділетсіздікке көнбеді. Халықтың, елдің талабы мен тілегін, қалауы мен жүрегін алдаспан рух, желкілдеген ту етіп төбесіне тұтты.

«Ханнан қырық туғанша,
Қарадан бір-ақ тусайшы,
Халықтың кегін қусайшы», деп кесіп айтты. Қазақ санасындағы, қазақ даласындағы, ұлт көкейіндегі қастерлі ұғым­дар, тәңірінің сыйлаған ұлы сезімі – бұл. «Көптің қамын әуелден тәңірі ойлаған» (Абай). Оны оқып, үйреніп, сұрап ала алмайсың біреуден. Өтеміс­тен туған онның біріне қонған қасиет. Махамбет өзіне дейін ұлы дала төсінде жорық құрған жыраулардың заңды жалғасы, солар кешірген алапат рух пен сезімдерден жаралған біртуар сардар, қайталанбас тумыс еді. Шалкиіз бен Ақтамбердіден қалған азаттық рухының сардары. Туған халқының еркіндігі мен азаттығын көкірегіне түйген ұлттың асыл перзенттің басқа мақсұт-мұраты болмағанға ұқсайды.

«Еділдің бойы ен тоғай,
ел қондырсам деп едім.
Жағалай жатқан сол елге
мал толтырсам деп едім», деп арқаланды.

Бірақ осының бәрі Алашқа бола туған арыс­тан жүрек ерлерсіз бекер еді. «Қара қазан, сары баланың қамы үшін қылыш сермеген» сардар қолбасшылар­сыз халық қалай жетімсіресе, ақын да сондай жетім. Хан-сұлтанның көзіне тік қарап, жұртын қорыған ерлерсіз елдің ісі бітпеген. Бұл да сахараның жазылмаған заңы.

«Айқайласа белдік байлаған, астана жұртын айналған,
Астына тұрман болсам деп, жұр­ты­на құрбан болсам деп», тағдырын туған халқының күйімен ғана байланыс­тыра алған ерлердің басынан не өтпеген? «Алтын ердің қасы еді, ағайынның басы еді», дейтін Исатай да ерлік пен елдік­тің туы.

Мұндағы мән берер жол – «астана жұртын айналған» қазақы ерліктің үлгісі. Махамбетке өзінен бұрынғылардан мұра болған қастерлі өсиет. Сөзіміздің басында келтіргендей, қазақ рухнамасының сыбағалы үлесі осылайша ұрпақтан ұрпаққа көше берген. Ұлт санасындағы азаттық ұғымының бір баламасы – Астана жұртыңды қызғыштай қору.

«Еділ үшін егестік, Тептер үшін тебістік. Жайық үшін жандастық, Қиғаш үшін қырылдық, теңдікті, малды бермедік. Теңдіксіз малға көнбедік» дейтін Махамбет сөзінің сырына үңіл­сеңіз ұлан-ғайыр кеңістікке тап боласыз. Теңдіксіз, яки азаттықсыз малдан қайыр жоқ екен. Бас еркіндігің болмаса­ алтын сарайда тұрғанның құны көк тиын. Басына байлық беріп, қандай жағ­дай жасаса да көнбеген қазақ баласы.­ Махам­беттен бізге мұраға қалған бір құндылық осы. Астаналы жұрт болу және оны өле-өлгенше қызғыштай қорып өту.

P.S. Қазіргі жас ақындар мойнына тұмардай тағып, қастерлейтін Есенғали Раушановтың «Бабырнама» жырында мынадай жолдар бар:

«Арғымақ ару аттар жалында
Жел ұйықтайды бұл түнде.
Кешегі кескекті ерлер барында,
Ол ұйқы он бұзылар еді бір күнде...» деп басталып, былай аяқталады:
«Ал айташым, айтар болсаң
сол ерлерді айт, іркілме,
Қазақ өлсе – көмілер,
Көмілмесе, иманы Хаққа аманат,
Қазақтығың өлмесін...» 


Жәнібек ӘЛИМАН,
«Egemen Qazaqstan»
Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»
19 желтоқсан 2023 ж. 168 0