Нағыз мүгедек өзім екен…
Дәл сол күні мен жұмыстан қуылдым. Әйелім де төркініне кетіп қалды. Бастығыммен ұрысып, қызметімнен айырылдым. Көлігім осы компанияныкі болғандықтан, жаяу қалдым. Соңғы кезде — жолым мүлдем болмай кетті. Мен үшін өмірдің еш мәні қалмады. Жұмыстағы заттарымды жинастырып жатып, басыма өлу жайлы ой келді. Иә, кәдімгі — өлім. Ең дұрысы — дәрі ішіп, қиналмай өлу болды. Заттарымды алып, сыртқа шыға салысымен дәріхана іздедім, табыла кетті. Үш түрлі дәрі түрінен отыз-қырық таблеткасын сатып алдым. Өзіме қол жұмсауға нық бекіндім. Ешкіммен сөйлескім келмеді. Күнделікті адамша аялдамада автобус күттім. Көп күттірмей, 69-маршруттың қарасы көріне кетті. Мінген бойда көз алдымдағы орындыққа жайғаса кеттім. Автобус іші тып-тыныш. Адамдар әр жерде отыр. Алдым бос кеңістік, жанымда автобустың есігі. Көзімді жұмып, терезеге сүйене кеттім, әлі ой үстіндемін. Тезірек мына дүниемен қоштасқым келді.
Екі-үш аялдамадан соң, темір-терсек сықырлатып, біреу мінді. Мән бермедім, көзім әлі жұмулы. Жаңағы темір затын алдымдағы бос жерге қойды. Өзі отырғысы келмеді ме, әйтеуір, сол жерде тұрды. Бірде, әлгі адам телефонмен сөйлесті, даусына қарағанда орта жас шамасындағы жігіт екен. Өзі жақын тұрған соң даусы жарқын естілді: «— Иә, апа, шүкір шүкір. Жақсы апа. Иә, жағдайым жақсы уайымдамаңыз. Жоқ, қиналып жатқаным жоқ, келініңіз бар емес пе, өзіңіз амансыз ба? Көкем қалай?!» Арасында күліп қояды. Не деген бақытты жан. Мүмкін ол бай шығар. Өмір неткен әділетсіз, неге мен қиналуым керек. Iшім өртеніп тұр. Өзімді өмірден мүлде сызып тастаған мен — әлгі бақытты жанға көз салып, қарағым келді. Жәй ғана иығымнан қарай салдым. Не болып кетті өзі, мынау әлгі адам ба? Өзіме өзім сенер емеспін. Жаңағы бақытты жан арбаға таңылған — мүгедек жан. Еңкілдеп жылап жібердім, даусым қатты шығып кеткен болуы керек көлік іші түгел маған қарады. Әлі жылаудамын, жан жағымнан:
— Молодой человек, что с вами?
Елесбай Жумабеков
https://elana.kz/