Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Өлке тарихының бір өзегі

Өлке тарихының бір өзегі

Сыр өңірі – әңгіме мен шежіреге тұнып тұрған тарихи мекен әрі өнер кеніші. Осындай елдің бай мұрасын сақ­тау, оны көрегенділікпен кейінгі ұрпаққа табыстау, аға ұрпақ өкілдерінің естеліктерін жаңғырту – бәріміз үшін ортақ жұмыс. Тарих беттерінде, «Сыр – Алаштың ана­сы» деп аталуы жайдан-жай болмаса керек. Қазақ елі­­нің батысы мен шығысынан, оңтүстік өңірлерінен Терең­өзекке ағыла келіп, қоныстанушылардың ішінде «Балта­лылар» әулеті де болғанын ешкім жоққа шығара алмайды.

Ауданға қиын-қыстау кездері сырттан көп адам қоныс аударды. Мәселен, орта жүздің Найманының «Балталы» аталығының үлкендері Тереңөзек топырағына Жезқазғаннан келдік дейтін. Олар Сырдың бір тармағы болып келетін, Қараөзек арнасының арқа тұсына қоныстаныпты.Тұрғылықты халық өздері орналасқан аумақтағы арқаштарға, көлдерге, өзек-жармаларға, түрі мен түсіне қарай атау берген. Сондай көлдердің бірі – Әйтек көлі. Ол Соркөлдің шығыс жағындағы №8 бекеттің тұсында, ұзындығы екі шақырым, ені бір жарым шақырымды құрайды. 1951-1952 жылдары арнасы қайта қазылып бүгінде «Әйтек» каналы деп аталады. Кезінде «Жіңішке» жармасы бас­та­уын Қараөзек дария­­сынан алып, аяғы Соркөл көліне құйып отырған.

1938 жылдары Жіңішкеден су ақпай, осы өңір халқы жарма сағасын қайта қазып, жарманың екі қапталына егінін, бау-бақшасын егумен айна­лысқандықтан халық «Балталы жармасы» деп атаған. Осы секілді заманында ел игілігін көрген көлдер «Қарой», «Астаукөл», «Жаманкөл», «Иіркөл» бастауын Сырдан алып, қайта құйғанда сақылдап дыбыс шығара аққаннан кейін халық «Сақылдауық» деп атаса керек. Осы көлдердің ішіндегі ең суы мол әрі көлемдісі – Соркөл. Оның жоғарғы жағы №8 бекеттен басталып, төменгі жағы бүгінгі Тереңөзек кентіне дейін жетсе, оң қапталы тас жол, сол қапталы Сырдария. Көлдің ұзындығы 6 км, ені 3 км. Су қоймасын жасау бағытында 1945 жылы ауданның 39 колхозынан, ел халқы кетпенмен Сырдариядан канал қазып, саға түсіреді. Суға толған Соркөл су қоймасы аудан шаруашылығындағы егістік жерлеріне 1946 жылдан бастап, «Бидайкөл», «Қызылорақ», «1-май», «Құндызды», «Коганович», «Қызылдихан», «Бостандық» колхоздарының егістік жерлерін сумен қамтамасыз етсе, 1965 жылы Сырдария суы шамадан тыс төмендеуіне сәйкес, су қоймасы өз жұмысын тоқтатады. Кешегі күнге дейін, сол ел халқы оның табиғи байлығын пайдаланып келді. Бүгінде осы көлдердің бойындағы биік арқаштар, сай-сала, өзектер осылай елеусіз, бар сырын іштеріне бүгіп жатыр.

Кезінде құтты қоныс болған киелі мекеннің аңы мен құсы, көлдегі балығы талай отбасының талғажау етер асы болған. Уақыт өте келе көл жиегінде жайқалған аумақты халық егістікке айналдырған. Иіркөл маңын Тумыш әулеті жайласа, Жаманкөл, Астаукөл, Қаройды жағалай Назар, Нысанбай, Емжар, Омар, Болатбай әулеттері қоныс еткен. Қараман бастаған бірнеше әулет, Болтайдың бүгінгі Асқар ауылының арқа тұсындағы «Бабай» ишан мешітінің маңын мекендеген. Кезінде ел ағалары «Азат» елді мекенінен Жүнісұлы Рахымбаба есімді оқымысты азаматты елге діни-ағартушылық қызмет атқару үшін алдырады. Халық күшімен салдырған мешіттің бүгінгі күнге бір қабырғасы және Рахымбабаның өз қолымен еккен ағаштары жетіп отыр.

Рахымбабаның бибісі Зеренің жасауымен келген ағаш шкафы, ұрпақтарының айтуы бойынша Абай тұтынған дүние деп, біздер кезінде ақпарат құралдары арқылы елге танытып келдік. 1928 жылғы қуғын-сүргін Ишан әулетіне бұл елде тұруға мүмкіндік бермеуіне сәйкес, Иіркөлдің жағасына қоныс­танып отырған Тумыш ақсақалға ұзақ жолға алып жүруге ыңғайсыз дүниелермен бірге шкафты да аманаттап, өздері Тәжік еліне бас сауғалайды. Сол заманның адамдары аманатқа қиянат жасамай Әсия есімді қызы елге 1942 жылдары қайта орал­ғанда тастап кеткен бүкіл дүниелерін қайтарып бе­ріпті. Шкаф бүгінде аудан музейінің құнды жәдігері ретінде сақталуда. Оған қызығушылық танытатындар көп.

Сырға қоныс аударушылардың барлығы кешегі кеңес заманының алғашқы қилы кезеңін осы алқапта өткізгенін айтпай өту мүмкін емес. «Иіркөл» серіктестігін Тумыш әулеті құрап, серіктестікті Құдайбергенов Сағындық, кейіннен Қошқарбаев Сейіл басқарады. Ал «Бидайкөл» серіктестігіне Назар, Емжар әулеттері біріксе, Құрманәлиев Сыздық, Құрманәлиев Амантай, Омаров Жармахандар басшылық еткен.

«Батпақ» серіктестігіне Нысанбай, Болатбай әулеттері бірігіп, Нысанбаев Ахмет, Сәрсенбай (фамилиясы белгісіз), Бибатыров Әбсадықтар 1928 жылға дейін басшылықта болған. 1929 жылдары осы артельдер бірігіп, «Бидайкөл» колхозы болып аталады. Колхоз төрағалары Дүйсебаев Сағи, Құдайбергенов Сағындық, Жақапбаев Баймахан, Тумышова Жұмаш, Бисембаев Нұрабай, Жанкентбаев Тұрғанбей, Ермаханов Оспан, Болатбаев Пермахандар аянбай ел игілігі үшін сол қиын кезеңде еңбек еткен.

1929 жылы Сырдарияның суы өз деңгейінен әлдеқайда төмендеуіне байланысты, жармаларда су ақпай, көлдерге су келмей, ел адамдары көлден арықтар қазып, суармалы егістікке көшкенмен «Жұт жеті ағайынды» дегендей, егілген егінге су жетпей, қолдағы бар малмен астықты, орталыққа деген желеумен, елдегі тартып алған шолақ белсенділер, елдің берекесін кетіре беру салдарынан, елде ашаршылық басталады. «Өзен жағалағанның өзегі талмайды» деген сөз бар. Осы көлдердің балығы, аң-құсы елді көп шығындатпай ашаршылықтан аман алып шықса керек.

Ел ашаршылықтан есін енді жинай бастаған шақта 1941-1945 жылғы соғыс елді тағы есеңгіретіп кетеді. Қаншама жастар соғысқа аттанып, олардың атқарар істерін, елде қалған қарттар мен әйелдер және жас балалар атқарып, ел басына түскен осындай ауыртпалықты бір кісідей өткере білген.

Соғыстан аман есен елге оралғандар, ел экономикасын көтерудегі игі істерінің арқасында ел есін жиып, болашаққа деген сеніммен еңбек ете бастаған сондай жандардың бірі әрі бірегейі Бұғыбаев Мамырай ұста, есімі ел ішінде құрметпен аталған. Кезінде Құнанбаймен Қараөзектік Мырқайдар Жарасбаев Меккеге қажылық сапарында, өз қаражаттарымен қазақ елінен қажылыққа келген, азаматтар үшін деп қонақ үй «Тақия» салдырғанда, сол үйге ат қою рәсімінде осы Мамырай ұстаның атасы Тотпан ұстаның есімі берілгені елге аян. Ол кісі азамат және екінші дүние жүзілік соғысының ардагері ел қажетін орындауда зор құрметке бөленген.

1960-1961 жылдары биліктің ұйғарымымен колхоздар біріктіріліп, кеңестік шаруа қожалық (совхоз) болып, жасақталуына орай Бидайкөл, Майлықұм, ХVІІІ партсъезд, Қызылорақ колхоздары біріктіріліп, ХVІІІ партсъезд атындағы совхозы болса, бүгінде олар Асқар ауылының тұрғындары болып ғұмыр кешуде.

Бидайкөл колхозы халқының ортасынан шығып, облыс, республика көлемінде еңбек етіп, «Балталы» аталығын паш еткен азаматтар көп. Олардың қатарында Әбіш Мейірманов, Әби, Нәби Сарқыншақовтар, Нұрділда Уәлиев, Төлебай Жүнісқұлов, Бақытбек Алпысбаев және басқалары бар. Осы азаматтар ел даңқын асырғандықтан ауыл халқы осындай азаматтарын мақтаныш тұтады. Олардың бүгінгі ізбасарлары да осал емес.

Жәнібек МАХАНБЕТ,
Сырдария ауданының
Құрметті азаматы, өлкетанушы
09 қыркүйек 2023 ж. 241 0