Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 98 газет

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 газет

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Шежіре тұнған тарих

Шежіре тұнған тарих

Мұражай – өлкенің тарихы, халықтың қазына­сы. Қайсыбір елдімекен мен жердің тарихи мұрасы мен жәдігерлері мұражайда сақталады. Кез келген сырттан келген мейман елдің болмыс-бітімімен, тарихи тұлғаларымен, көне жәдігерлерімен танысқысы келсе, осы орынға бас сұғары анық. Мұнда ел шежіресінің айнасы келушілерге мың сан сырды шертіп тұрады.

Мереке қарсаңында аудан орталығында орналасқан «Еңбек даңқы» музейіне бас сұғып, тарихи жәдігерлерді тағы бір шолдық. 2017 жылы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақала аясында аудан орталығындағы ескі мешіт ғимараты музей меншігіне берілді. Музейдің ашылуына сол кездегі аудан әкімі Ғ.Қазантаев пен мәдениет саласының белгілі ардагері А.Бақтиярова айрықша үлес қосты. Ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, аудандық тарихи-өлкетану музейінің қосымша ғимараты ретінде мұражай жұмысы жолға қойылған болатын.

«Еңбек даңқы» залы 3 бөлімді қамтиды: бірінші бөлім ауданнан шыққан қоғам қайраткерлеріне арналса, екінші бөлім Сырдария ауданының Тәуел­сіздік жылдарында жеткен жетістіктеріне бағытталады. Ал үшінші бөлімде ауданда жемісті қызмет атқарған үздік қызметкерлер мен ардагерлер, спорт, өнер жұлдыздары туралы деректер мен жәдігерлер топтастырылған. Сондай-ақ ауданның негізі – 13 ауылға арналған арнайы көрме-сөре бар. Әр көрме-сөреде сол ауылдың тарихи тұлғалары мен маңызды оқиғаға толы жылдарынан көрініс беретін ақпараттар, арнайы кітаптар сақталған.

Сондай-ақ мұражайда аудан көлеміндегі Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне арналған арнайы экспозиция бар. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында ашылған мұражай филиалында тарихтан сыр шертетін арнайы сөренің орналастырылуы орынды.

Алғашқы екі шағын витринада сұрапылды көзбен көрген аудан азамат­тарының медальдары орналастырылса, үлкен витринада отты жылдары майдан даласында болған батыр бабалардың суреті қойылған. Аталған витринаға әр ауылдан бір батырдың суреті орналастырылған. Мұражайға бас сұққан жан арнайы витринадан Н.Ілиясов, Ж.Нұрсейітов, Б.Өтепов, Б.Оспанов, Ж.Нұрышев, Е.Шүкіров, Т.Асқаров, Б.Өкшебаев, С.Баяханов, Ш.Оспанов, Д.Сақтағанов, У.Әбдуов, С.Мұхымов, Ж.Әлекеев, С.Теңізбаев, Д.Арыстанбековтердің суретін көре алады.

ҰОС жылдарында ерен ерліктің үлгісін көрсетіп, жанкештілікпен жан аяп қалмағаны үшін 449 жауынгер «Кеңес Одағының батыры» атағын алған. Ең жоғары дәрежелі марапатты біздің ауданымыздан екі азамат – Нағи Ілиясов пен Жаппасбай Нұрсейітов алғанын мақтанышпен атап өткеніміз жөн. Аудан еңбекшілері елді қорғау жолында бір кісідей сапқа тұрған. Екі мыңға жуық жерлесіміз майдан даласында ерлікпен қаза тауып, елге оралмаған. Батыр бабалардың рухын ұлықтап, кейінгі ұрпаққа үлгі ету мақсатында ұйымдастырылған мұражай сөресінде батыр жерлестеріміздің төсбелгілерімен қоса майдан даласынан келген қол сөмке, қол сағат және Ұлы Жеңістің 50 жылдығына орай берілген радиоқабылдағыш сақталған. Аталған жәдігерлер мұражай келушілерінің қызығушылығын әрі бойындағы мақтаныш, ұлтжандылық сезімін туғызары анық. Осындай арнайы көрме-сөрелер қатары Ауған соғысы ардагерлеріне, Семей ядролық полигонына және Чернобыль апатына арналып жасалған құнды жәдігерлермен толықтырылып, жалғас тапқан.

– Мұражайдың ғылыми қызметкерлері батыр аталарымыздың үйіне, ұрпақтарына арнайы жолығып, қалған жәдігерлерді мұражайға өткізулерін сұрап, жинақтаған. Майдан даласын көзбен көрген батырлардың кейінгі ұрпағы «атамыздың аты өшпесін» деп, мұндай заттарды мұражайға арнайы алып келіп жатады. Кез келген сырттан келген мейман елдің болмыс-бітімімен, тарихи тұлғаларымен, көне жәдігерлерімен танысқысы келсе, мұражайға бас сұғары анық. Тарихты келешекке мұра ету – баршамыздың міндетіміз, – дейді мұражай экскурсоводы Айжан Жұмабекова.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
06 мамыр 2023 ж. 297 0