Қазақстан триатлоншылары Азия чемпионатының алғашқы күнінде екі алтын жеңіп алды
Қытайдың Сючжоу қаласында өткен 2026 жылғы триатлоннан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы 2 алтын, 1 күміс жеңіп алды, деп хабарлайды Egemen.kz.Жарысқа Азияның ең мықты спортшылары қатысып, бірнеше жас санатында жүлделер сарапқа салынды. Бірінші жарыс күнінде ел спортшылары екі алтын медаль иеленді.
Астана қаласының намысын қорғаған Рамазан Айнегов Youth (U17) санатында суперспринт қашықтығында Азия чемпионы атанды. Ол мәреге 25:49 уақытта жетіп, жапониялық қарсыласынан бір секундқа озып кетті. Қола медаль Қытай спортшысына бұйырды.
Сондай-ақ Ақмола облысынан келген Ясмина Бузуртанова U15 санатында чемпион атанды. Ол 30:56 нәтижесімен мәре сызығын кесіп өтіп, екінші орын алған Қытай спортшысын үш секундқа басып озды.
14 маусым күні өткен аралас эстафетада Қазақстан құрамасы күміс медаль жеңіп алды. Команда сапында Алуа Нұрмұхамет (Астана), Гор Депершмидт (Ақмола облысы), Калерия Шнейдер (Шымкент) және Альхам Мурат (Түркістан облысы) өнер көрсетті.
Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 2 алтын және 1 күміс медаль жеңіп алып, жоғары нәтижеге қол жеткізді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Филиппиннің Субик-Бей қаласында өткен триатлоннан Азия кубогінде Қазақстан құрамасы айтарлықтай табысқа жетті. Жасөспірімдер мен ересектер арасындағы бәсекеде отандастарымыз 4 медаль иеленді.
Фото: ҰОК










