Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Геннадий Головкиннің есімі Халықаралық бокс Даңқ залына енді

Геннадий Головкиннің есімі Халықаралық бокс Даңқ залына енді

Аты аңызға айналған кәсіпқой боксшы, ел мақтанышы Геннадий Головкиннің есімі Халықаралық бокс Даңқ залына (International Boxing Hall of Fame) ресми түрде енді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Головкин бұл мәртебеге ие болған алғашқы ел спортшысы атанды. Онымен бірге бұл тізімге экс-чемпиондар Антонио Тарвер мен Найджел Бенн де енді.

Даңқ залына кіру шарты бойынша соңғы жекпе-жектен кемінде үш жыл өтуі керек. Головкин соңғы рет 2022 жылдың қыркүйегінде рингке шыққан.

Енді GGG есімі Мұхаммед Әли, Майк Тайсон, Флойд Мейвезер мен Мэнни Пакьяо секілді әлемдік бокс аңыздарымен қатар аталады.
Головкин Қазақстаннан шыққан алғашқы, ал ТМД елдерінен шыққан төртінші боксшы болып осы мәртебеге ие болды. Бұған дейін бұл тізімге Константин Цзю, сондай-ақ ағайынды Кличколар енген.


Әуесқой бокста Головкин 350 жекпе-жектің 345-інде жеңіске жетіп, 2004 жылғы Олимпиадада күміс жүлде иеленген. Кәсіпқой рингте ол 42 жеңіс, 2 жеңіліс және 1 тең нәтиже көрсеткен.

GGG орта салмақта WBC, WBA, IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атанып, нокауттар саны бойынша Гиннестің рекордтар кітабына енген.

Қазіргі таңда Геннадий Головкин Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетін басқарып, сондай-ақ World Boxing ұйымының президенті қызметін атқарады.

Еске сала кетейік, бұған дейін мексикалық боксшы Сауль Альварес Геннадий Головкиннің кәсіпқой боксқа қайта оралуы мүмкін екенін айтқан болатын. Геннадий Головкин кәсіпқой бокстағы соңғы кездесуін Канелоға қарсы өткізген еді. Үш кездесудің қорытындысында бір тең нәтиже тіркелсе, екі жекпе-жекте Канело басым түсті.
15 маусым 2026 ж. 74 0