Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Еңбек даңқы» – аудан тарихы

«Еңбек даңқы» – аудан тарихы

Мұражай – өлкенің тарихы, халықтың қазынасы. Қайсыбір елді мекен мен жердің тарихи мұрасы мен жәдігерлері мұражайда сақталады. Кез келген сырттан келген мейман елдің болмыс-бітімімен, тарихи тұлғаларымен, көне жәдігерлерімен танысқысы келсе, осы орынға бас сұғары анық. Мұнда ел шежіресінің айнасы келушілерге мың сан сырды шертіп тұрады.

Мұражай ісіне мән беру маңызды. Осы орайда аудан орталығынан орын тепкен «Еңбек даңқы» музейіне ат басын бұрып, орталық жұмысымен танысып қайттық.

2017 жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашақ­қа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында аудан орталығындағы ескі мешіт ғимараты музей меншігіне берілді. Ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, аудандық тарихи-өлкетану музейінің қосымша ғимараты ретінде мұражай жұ­мысы жолға қойылған болатын.

«Еңбек даңқы» залы 3 бөлімді қамтиды: бірінші бөлім ауданнан шыққан қоғам қайраткерлеріне арналса, екінші бөлім Сырдария ауданының Тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктеріне бағытталады. Ал үшінші бөлімде ауданда жемісті қызмет атқарған үздік қызметкерлер мен ардагерлер, спорт, өнер жұлдыздары туралы деректер мен жәдігерлер топ­тастырылған. Сондай-ақ ауданның негізі – 13 ауылға арналған арнайы көрме-сөре бар. Әр көрме-сөреде сол ауылдың тарихи тұлғалары мен маңызды оқиғаға толы жылдарынан көрініс беретін ақпараттар, арнайы кітаптар сақталған.


Құнды әрі тарихи орталық Елбасы бағдар­ла­масының «Туған жерге тағзым» акциясы аясында ұйымдастырылып, бүгінде аудан орталығына көрік беріп тұр.

Мұражайға арнайы келіп, танысуды жөн санайтындар жетерлік. Республика, облыс көлемінде келген қонақтардан бастап, аудан, ауыл тұрғындары, сондай-ақ мектеп оқушылары да арнайы экскурсия ұйымдастырып тұрады.

Келушілерге залды мұражай экскурсоводы Айжан Мейрамбекқызы таныстырып, әр бөлімнің қыры мен сырын түсіндіруден жалықпайды.

– Біріншіден, тарихты келешекке мұра ету – бар­шамыздың міндетіміз. Мұражайға келушілер қатары күн санап артуда. Әсіресе, жаз айларында тынығу ла­герінде демалып жүрген оқушылар жетекшілерімен арнайы келеді. Мектеп оқушыларына арнап мұндай танымдық шаралар өткізу өте маңызды. Себебі, бүгінгі бала – ертеңгі болашақ. Ол өз ұлтының жа­нашыры болуы үшін тарихи тұлғалардан үлгі алып өсуі керек, – дейді фил­иал экскурсоводы А.Мейрамбекқызы.

Орталықтағы музей залы жаңа заман талабына сай жабдықталған. Кең әрі жарық залға кір­генде бойыңа тыныштық сезімі ұялап, жан дүниең тынығып қалады. Үлкен залға енген бойда көзіңіз ең алдымен үлкен «Суреттер композициясына» түседі. Ол ауданның дамуы мен қарыштауына аянбай күш салған тұлғалар мен Еңбек Ері, қоғам қайраткерлерінің суреттерінен құрастырылған. Арнайы композицияға барлығы 102 тұлғаның суреті кіріктірілген.
«Еңбек даңқы» залында арнайы іс-шаралар мен дөңгелек үстелдер, аудандық көрмелер өткізіліп тұрады. Жайлы орталықта шараға қатысуға кел­гендердің де рухани демалып, жаңа дүниелермен танысып қайтатыны сөзсіз.

Есіктен енгеннен керемет күйге бөлейтін мұра­жайдың бізге ерекше әсер сыйлағаны – «Сырдария ауданы Тәуелсіздік жылдарында» деп аталатын бөлігі болды. Аталған залға республикадағы, қоғамдағы орын алған өзгерістер мен әр жыл кө­лемінде атқарылған істерге орай ішінара жаңарту жұмыстары жүргізіліп тұрады.

Мұражайда Сырдария ауданының 2013-2014 жыл­дары ауыл шаруашылығы саласы бойынша жоғары көрсеткішке жеткені үшін облыстың озат ауданы атанғандығын, 2015-2016 жылдары егін шаруа­шылығы саласында үздік жетістікке жетіп, мара­пат­талғанын көрсететін сол кездегі облыс әкімі Қ.Көшербаевтың тағайындаған арнайы дипломдары қойылған.

«Еңбек даңқы» музейіне кіреберістегі қонақтарды қабылдауға арналған шағын үстел үсінде «Құрмет кітабы» деген жазуы бар пікір кітабына көзіміз түсті. Мұражайға келген қонақтар арнайы залды аралаған соң, осы кітапқа өзінің алған әсері мен ізгі ниет-тілектерін жазып қалдырған екен. Оның ішінде мұражайдың құрметті қонақтары – Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының төрағасы, Сырдария ауда­нының тумасы Жақып Асановтың, Дүниежүзілік Банкінің өкілі Қайни Манабаеваның, Нұр-сұлтан және Алматы қалаларының жұмыспен қамту бөлімдерінің өкілдерінің, ауданның «Құрметті азаматы» Дина Айсинаның, облыстық «Сыр бойы» газетінің бас редакторы Қуат Шарабидиновтің, Батыс Қазақстан облысынан, Маңғыстау қаласынан арнайы ат басын тіреген қонақтардың жүрекжарды тілегі мен арнайы алғыстары тасқа басылғандай болып жазылып, сақталыпты. Бұл да бір тарих екені анық.

Рухани орынға 2018 жылдың мамыр айында қонақ болған Ж.Асанов: «Өткенсіз бүгін жоқ. Бүгінсіз ертең жоқ. Сондықтан тарихты сақтау, құрметтеу – ол баршамыздың азаматтық парызымыз. Мына экспонаттарды көріп, шынайы рахаттандым. Тереңөзек ауданының басшылығына, ең алдымен Ғ.Қазантаевқа, мұражай ұжымына мың алғыс. Еңбектеріңіз осылай жандана берсін. Сіздерге сәттілік тілеймін!» деп жүрекжарды тілегін жазып қалдырса, Д.Айсина: «Елбасымыз аман, тұрақтылығымыз мәңгі болсын! Ауданның 90 жылдығы құтты болсын!» деп пікір қалдырыпты.

«Еңбек даңқы» музейі – өткен мен бүгін үндес­тігінің жарқын көрінісі. Бұл жерге келген тұрғындар мен аудан меймандары аудан тарихымен жақын танысады.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы және ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында ашылған «Еңбек даңқы» музейі осы күнге дейін халыққа қалт­қысыз қызмет көрсетіп, ел егемендігімен бірге жасасып келеді.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
15 маусым 2021 ж. 769 0