Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАРАЛЫ ЖЫЛДАР ЖАҢҒЫРЫҒЫ

ЖАРАЛЫ ЖЫЛДАР ЖАҢҒЫРЫҒЫ


Ядролық қару – адамзатты, тіршілік атаулыны жаппай қырып-жою қаруы. Ол алып күш. Ал, Кеңестер Одағы заманында Қазақ жерінде атом бомбалары сынақтан өтті. Ол үшін Қазақстан өңірінен 18 млн. гектар жер бөлініп, Семей ядролық полигоны ашылды. Бастапқыда табиғатқа, адамдарға, жанжануарларға зиянды әсерін тигізген жер бетіндегі ашық сынақтар жүргізілсе, кейіннен жер астында жасай бастады. Осы жылдар ішінде полигонда 456 рет жарылыс болған. Оның адам өміріне қауіп төндіретін, зиянды әсерін сол маңда тұратын халық әлі көріп келеді.
Осыдан 27 жыл бұрын 1991 жылы 29 тамызда еліміз үшін тарихи шешім қабылданды. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 40 жыл бойы ядролық сынақтар жүргізіліп, қазаққа зор қасірет әкелген Семей полигоны жабылды. Сондықтан Қазақстан ядролық қарудан бас тартқан алғашқы ел. Бұл тәуелсіздіктің теңдессіз жеңісі.

Жақында аудандық кент мәдениет үйінде қасірет ошағы саналатын Семей полигонының жабылғанына орай аудан әкімінің қолдауымен «Болашаққа қадам» қоғамдық бірлестігі және аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен «Жаралы жылдар жаңғырығы» тақырыбында кеш өтті.

Шараны аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев ашты. – Қазақ халқына зор қасірет әкелген Семей полигоны екені баршаға мәлім. Атом бомбасының зардабы өте ауыр болды. Семей радиациялық әсер аймағында тұратын қаншама адам жапа шекті. Қасіретін әлі де тартып келеді. Семей атом полигонының ел мен жерге тигізген зардабын әрбір азамат естен шығармауы тиіс, – деді аудан әкімінің орынбасары.

Зиянды радиоактивтік заттар топырақты, суды, егістік жерлерді және мал жайылымдарын ластады. Ядролық сынақтардың салдары сол жерде тұратын адамдарға үлкен қайғы-қасірет әкелді. Жарылыстан радиация алған мыңдаған адам қатерлі ісік, иммунды жүйе мен қан құрамының бұзылуына байланысты ауруға шалдығып, көптеген сәби дүниеге жарымжан болып келді. Жалпы, бұл радиациядан зардап шеккендердің саны 2 млн.адамнан асады.

Таза табиғат, ядросыз ғасыр заман мен адамзаттың қалауы. Алапат апатқа ауданнан 83 азамат қатысты. Ядролық қаруға қарсы шыққан ағалар есімі тарихта қалатыны сөзсіз. Зұлмат тажалға қарсы тұрған ағалар алдында бүгінгі ұрпақ бас иеді. Шара соңында Семей полигонын жоюға қатысқан, зардабын тартқан 2-ші және 3-ші топтағы мүмкіндігі шектеулі жандарға «Болашаққа қадам» қоғамдық бірлестігі төрайымы А.Әбдуова сый-сияпат жасап, құрмет көрсетті.

А.МАРАТҚЫЗЫ
30 тамыз 2018 ж. 2 139 0