ДАМУ КӨКЖИЕГІ: ӨТКЕН МЕН БҮГІН
Ұлт болашағын қалыптастыру мақсатында қазақ зиялылары ықылым заманнан талай соқпақты, сүргелең жолмен жүріп өтті. Өткен ғасырдың қасіретке толы көріністері ата-баба жадында мәңгі сақталады. Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы қақында айтады. Бұл ретте ХХ ғасыр тоғысында адамзат баласына зор әсерін әкелген революция сілкіністері әсерінен ұлттың болмысы айрықша өзгеріске ұшырады. Тауқыметті аз тартпаған қазақ жұртшылығы қадір-қасиетін әсте жоғатқан емес. Өзге елмен етене араласып кеткен қазақ санасында екіұдай пікір қалыптасты. Мақала өзегінен жарып шыққан пайымды ойлар мынаны көздейді. Алғашқыдан ұлт болмысын сақтай алмаған жағдайда қазақылық тұрпатымыздан айырылып қалар едік. Дегенмен біздің рухымызды төмендетуге өзгелер күш салғаны хақ. Сонымен қатар даму жолындағы көнеден келе жатқан өзімізге ғана тән үлгісі біржола күйретіліп, қоғамдық құрылымның бізге жат үлгісі таңылғандығы байқалады. Бұл дегеніміз таза қазақ ұлтына жасалған ашықтан-ашық қарсылық еді. Бұл орайда нағыз жарқын елдігіміздің айғағы саналатын ана тіліміз бен мәдениетіміз жойылып кетудің сәл-ақ алдында тұрды. Дегенмен ұлт жаңашырлары ондай жойқын соққыға тойтарыс беріп, жер бетінде қазақ ұлты мәңгі сақталатындығын дәлелдеді.
Ал, түрлі экологиялық факторлар мен демографиялық ахуал әсерінен қазақ үшін орасаң шығын орын алды. Оның зардабы бүгінгі күнге дейін жойылған емес. Қашанда орны толмас оқиғаларды ел халқы ұмытпақ емес. Бірақ, өткен ғасырдың елге тигізген пайдасы да жетерлік. Индустрияландыруды, әлеуметтік және өндірістік инфрақұрылымдардың құрылуын, жаңа интеллигенцияның қалыптасуын осыған жатқызуға болады. Бұл уақыт аумақтық жаңғыру негізі саналады.
Бүгінде жаңғыруға бет бұрған қазақ халқы өткеннен сабақ алып, келешек ұрпақтың болашағы жарқын болуына өлшеусіз еңбек етеді. Ендеше, қоғамның ескі салтынан аяқ тартып, жақсылығын үйренуге тырысуымыз керек. Қазіргі таңда ұлтқа төнген қауіп сейілген шақта құндылықтар көкжиегін жан-жақты дамыту көзделген. Шет мемлекеттердің озық үлгідегі тәжірибелері енгізіліп, Қазақстан соңғы ширек ғасырда кәдуілгі әлем державаларымен иық теңестіретін дамушы мемлекетке айналды. Ендеше, эволюциялық тұрғыдан өркендеуге қадам басып, өткеннің орнын жарқын жетістіктермен толтырып, тарих беттерінде келешегі кемел, Егемендігі айшықты елдің жарқын жетістіктері таңбалануы тиіс.
Б.АЯБЕКҰЛЫ