Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Алдекең еске түскенде

Алдекең еске түскенде

Алдаберген Бисенов еске түскенде ол кісімен алғашқы жүздесуім еріксіз ойға оралады. Ол уақыт менің Жалағаш ауданындағы «Еңбек» колхозына киномеханик бо­лып жұмысқа орналасқан кезім болатын. Киноны «Л-3» тракторының моторымен қоятын­быз. Бірде қызықты оқиға болды. Мотор кенеттен сөніп қалып, жиналғандар кино көре алмай тарасты. Ертеңіне таңертең колхоз гаражына барып, Алдекеңнен кино қоятын тетіктің ақауын жөндеуге қол ұшын беруді өтіндім. Ол кісі көп күттірмей, бұзылған те­тікті жөндесті. Моторды пайдалану әдісін ұқыптап көрсетіп берді.

Екінші бір жүздесуім өзімнің туған ауылым «Жа­ңа­та­лапта» болды. 1962 жылы ол кісі «Жаңаталап» кол­хозының төрағасы болып тағайындалған-ды. Ол кезде колхозда жұ­мыс қолы жетіспейтін. Осы олқылықтардың орнын толтыруды тәжірибелі төраға елдегі абыройлы азаматтармен ке­лісе отырып тапты. Еңбек жасына жеткен, қолы бос жастар үл­кендердің айтуымен жұмысқа жұмыла кірісіп кете барды.

Алдекеңмен үшінші рет 1966 жылы студент уақытымда кездестім. Кездесуге менің «Социалистік Қазақстан» га­зетіне «Радио үнсіз тұр» атты шағын хабарламамның шығуы себеп болды. Хабарламада «Жаңаталап» ауылында радио желісінің істен шыққанын айтқан болатынмын. Болар істі байыппен бағалап, тез бітіруге дағдыланған іскер басшы Алдекең аудандық байланыс торабымен бірлесе қимылдап, үзілген радио желісін лезде-ақ қалпына келтірді. Осылайша, үзілген сым жалғанып, аға-іні болып қайта қауышқанбыз. Тағдыр-талайымызға жазған осы келте кез­десулер бертін келе шынайы туысқандық қарым-қа­ты­насқа ұласты.

Жаратылысынан төзімдікке тәрбиелеп, еңбекте шыңдал­ған Алдекең «Жаңаталап» ауылының өсіп-өркендеуіне ай­рықша үлес қосты. А.Бисенов төрағалық еткен жылдары ауылымыз көз алдымызда көркейіп, еңсесін көтерді. Ауылдың аты бүкіл Одаққа кең тарады. Қоғам мүддесі үшін еткен еңбек, төккен тер зая кетсін бе, Алдекеңнің омырауына жарқырап «Алтын Жұлдыз» тағылып, «Социалистік Еңбек Ері» атанды.

Ұлы Абай: «Өзі зордың ығы да зор» деген. Халыққа жасаған қалтқысыз қызметінің арқасында ағаның атақ-бе­делі артты. Алдекең көптеген ауыл азаматтарын көтерді, олардың даңққа бөленуіне даңғыл жол ашты.

«... Жаңаталап шын мәніндегі қазақы салт-дәстүрлерді берік сақтаған, ұйымшыл, ауызбірлігі мол, адамдарының бір-біріне қамқорлық қатынастары ерекше бөлек ауыл ғой» деп ауыл азаматтарына туған жер, өскен орта туралы жылы лебізін жиі айтып отыратын.

1977 жылы «Қараөзек» колхозының малы «Қазақ ССР-ның 50 жылдығы» совхозының күріштігіне қыстады. Аязды күндердің бірінде «Социалистік Еібек Ері», шопан Ахмет Халықовтың үйінде елужылдықтармен бірге болып, әңгіме-дүкен құрудың сәті түсті. Әңгіменің бір орайында Алдекең «Оспантай шырағым, сен Тынышбектің әкелерін білмейтін шығарсың, ол елдің тұтқасын, біртілін ұстаған ақсақал еді. Біздер сол кісілермен дастархан басында бірге болғанға қуанатынбыз» деп мені бір көтеріп тастағаны есім­де.

Ұлы Отан соғысына қатысып, жеңісті тездетуге үлесін қос­қан жауынгерлердің бірі еді. Соғыста бірнеше мәрте ди­визия басшыларынан алғыс алып, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталған-ды. Старшина шенді А.Би­сенов жеңіс күнін Берлинде қарсы алды.

А.Бисеновтың өмір жолы қарапайым еңбек етуден бас­талған. Ұлы Отан соғысына қатыса жүріп алған байланысшы мамандығы бейбіт өмірде кәдеге асты. Алғашында, Терең­өзекте байланысшы болып еңбекке араласты. 1952-1955 жылдары аралығында Қызылордадағы ауыл шаруашылығы техникумін үздік бітіріп, арнайы жолдамамен «Мәдениет» ауылының МТС-на бөлімше маханигі болып орналас­ты. «Қазақстанның 20 жылдығы», «Еңбек», «Мәдениет» кол­хоздарының түрлі техникаларының ақаусыз жұмыс істеуін қамтамасыз ете білді.

Жоғарыда айтқандай, 1962 жылы Алдаберген Бисенов шаруашылығы тұралап қалған «Жаңаталап» колхозына төраға болып тағайындалды. 1963-1964 жылдары Алматы қаласындағы совхоз директорларын дайындайтын 1 жылдық курсты тәмамдап, білімін толықтырып келгеннен кейін «Жаңаталап» колхозы директорының орынбасары, 1965-1972 жылдары совхоз директоры қызметтерін атқарды. Алдекең басқарған шаруашылық қатарынан 3 жыл бойы (1969-1971) облыс көлемінде егін науқанын бірінші болып, табысты аяқтаған-ды. «Елдің атын ер шығарады» дегендей, «Жаңаталаптың» абыройы асып, даңққа бөленді. Ақын Асқар Тоқмағамбетов «Жалағаш жалауы» атты өлеңінде:
«... Табысымен мақтанып,
Білегін түріп белсеніп.
Директор басшы Бисенов,
Еңбектен сірә қайтпаған» – деп 1969 жылы Алдекең ағамызды жырға қосқан-ды.
Халықтың әл-аухаты жақсарды. Сол жылдары Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Д.А.Қонаев облысқа кезекті сапарында шаруашылықты бірнеше мәрте аралап көріп, ауыл азаматтарының да, іскер басшының да еңбектеріне жоғары баға берді. Алдекең мен Зүбайра апамыздың отбасы дастарқанынан дәм татты. Димекеңмен бірге, ол кісіден кейін де М.Б.Сықақов, Х.Ш.Бектұрғанов, И.Әбдікәрімов, Қ.Қазантаев, Н.Ергешбаев, С.Құбашов, Е.М.Золотов, Ш.Бәкіров, Е.Көшербаев сияқты қоғам және мемлекет қайраткерлері Алдекеңнің дастарқанында да жиі бас қосып, көшелі сұхбат құрып тұратын.

Алдекең қайта құру кезінде де жаңаша еңбектің ерен үлгісін көрсетті. Жасы ұлғайғанына байланысты зейнет демалысына шығардан бір жыл бұрын Қызылорда облыстық атқару комитетінің сол кездегі төрағасы Е.М.Золотарев ақыл­дасып, батырға темір тұлпар мінгізуге келістік. Зейнет демалысына шыққасын туған жері «Аққұмға» көш түзеген Алдекең ақ шағаладай «Волга» мініп, марқайып барған-ды. «Еңбек түбі – зейнет» деп осындайда айтса керек.

«Жақсы адам болу – үлкен мамандық» делінетін ұлы­лардан қалған қағида бар. Еңбекпен құрыштай шыныққан қайраткер ағамыз Алдекең адалдықты, іскерлікті ерекше бағалап, өміріне мұрат еткен жан болатын. Осы орайда, сөзімізге дәлел боларлық бір оқиға еске түседі.

Ұмытпасам 1970 жылдардың басында Жалағашқа іргелес Тереңөзек ауданына қарасты «Қазақстанның 50 жылдығы» атындағы совхоздың экономикасы күрт төмендеп тұрған кезең еді. «Кеткенді келтіріп, кемтікті толтыруға» облыс басшылығы 1972 жылдың сәуір айында «Жаңаталаптан» Алдекеңді «Қазақстанның 50 жылдығы» совхозының директоры етіп ауыстырды. Шаруашылықтың экономикалық әлеуетін көтеру үшін тағы да ізденіске, талапқа толы күндер, ұйқысыз түндерге ұласты. Алекең өзінен бастап, қарамағындағы қызметкерлер мен жұмысшыларға қатаң талап қоя білді. Еңбек тәртібін нығайтты. Нәтижесінде, азғана уақыт ішінде «Қазақстанның 50 жылдығы» (қазіргі Н.Ілиясов атындағы ауыл) совхозы экономикасы мен мә­дениеті, сәулеті мен дәулеті артқан ауылға айналды. Жа­ңа технология негізінде сауын комплексі салынды. Егін шаруашылығы мықты дамыды.

Қорытып айтқанда, Алдаберген Бисенов мұндай абырой-атаққа ата-баба даңқымен емес, өзінің адал ең­бегімен жетті. Аға хақында бұрын да, қазір де жергілікті газеттермен қатар, республикалық «Егемен Қазақстан», «Парасат» сияқты мерзімді басылымдарда мақалалар жарияланды. Деректі фильм түсірілді. Еңбек ерінің жеткен жетістіктері, табиғи болмысы «Өрлеу жолында» (1979 ж), «Нұр аға» (1996 ж) атты баян кітаптарға арқау болған. Сондай-ақ, Алдекең туралы естелік кітаптар да жарық көр­ді.

Ретсіз шашылуды білмейтін, қанағатшыл да турашыл арлы азамат табан еті, маңдай терімен өзі жеткен абырой биігінде тұрып, өмірден озды. Ағайын-туыс, дос-жарандары мен бала-шағалары марқұмды бабалары жатқан қорымға ақ жа­уып, арулап қойды. Ағаның соңғы тілегі де осы болатын.
А.Бисеновтың ұзақ жылғы еңбегі ерекше бағаланып, өзі туған ауылдағы мектепке есімі берілді. Мектептегі мұра­жайда Алдекеңе арналған жеке бөлім бар.

Тынышбек ДАЙРАБАЙ,
этнограф-ғалым,
Сырдария ауданының Құрметті азаматы
23 қараша 2021 ж. 442 0