Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Білікті бригадир

Білікті бригадир

Диқандар қауымының мерейге бөленер шағы таяу. Ала жаздай маңдай терін төккен еңбекшілер енді науқандық қызу жұмысқа кірісіп, астықты ысырапсыз жинаудың қамын жасайды. Бұл істе сонау ерте көктемнен барлық тіршілікті үйлестіріп келе жатқан бригадирлерге артылатын жауапкершілік мол. Ал мұндайда Аманжол Бәйімбет секілді тәжірибелі бригадирлер егін жинау науқанында ерекше еңбегімен еленеді.

«Қызылдихан» шаруа қожалығының білікті бригадирінің егін саласына келгеніне он жылдан аса уақыт болды. Ол кісі бұған дейін аудандағы автокөлік кәсіпорнында «Камаз», «Зил» секілді жүк көліктерін жүргізген. Жігіттік шақтан жүргізушілік жұмысқа жегіліп, ауыр техниканы тізгіндеуді меңгереді. Осы салада жүріп, еңбегі еленеді, абыройға бөленеді.

– Қырық жылға жуық уақыт аудандық автокөлік кәсіпорнынада еңбек еттім. Ауыр көліктерді жүргізіп, тасымалды қамтамасыз еттік. Сол уақыттарда егін тасымалында үш мыңдық, бес мыңдық көрсеткіштер болды. Осы көрсеткіштерді орындап, марапат тұғырынан көріндім. Еңбек ете жүріп, қоғамдық жұмыстарға араластық. Сондай-ақ қатарынан екі рет аудандық кеңеске депутат болып сайландым, – дейді сол кезеңдерді еске алған еңбек адамы.

Науқандық жұмыстарда тасымалды қамтамасыз еткен Аманжол аға Бәйімбет егін егу саласынан қашық емес-тін. Жерді өңдеп, маңдай терін төксе, мол өнім алынатынын білетін жан 2010 жылы «Қызылдихан» шаруа қожалығына келеді. Шаруашылыққа келісімен бригадир болып, диқандармен бірге тынымсыз еңбек етуге машықтанған.

Қазіргі таңда тәжірибелі маман басқаратын №1 бригада 120 гектар жерге егін егуде. «Қызылтамырдағы» егістікте маңдайын күн сүйген диқандармен бірге күріштіктің бап-күтімін жасап, қырманды қызылға толтыруға ниетті. Осы жұмыстың басы-қасында таңның атысы, кештің батысы білікті бригадир жүреді. Тәжірибелі маманның елеулі еңбегін шаруашылық төрағасы Алданберген Құлбаев жоғары бағалайды.

– Шаруашылыққа алғашқы келген жылдан бастап өзінің біліктілігін, тәжірибелігін көрсетіп келеді. Жыл сайын білікті бригадир басқаратын бригада орташа өнім 65-70 центнерден өнім алып, шаруашылық белгілеген межені орындайды. Өз ісіне мығым. Негізі, егін саласы төзім мен жауапкершілікті талап етеді. Осындай қасиеттерді бойына жинаған тәжірибелі маманның шаруашылықтағы беделі жоғары, – дейді А.Құлбаев.

Аманжол Бәйімбет Құдай қосқан қосағы Ақшагүл Мусақызымен 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірді. Ақшагүл апай да «Қызылдихан» шаруа қожалығында бас есепші болып қажырлы қызмет етіп, зейнет демалысына шыққан. Ал үлкен ұл Нұраддин әке жолымен жүріп, шаруашылықта еңбек етуде.

«Еңбегімен ер сыйлы» десек, егін саласындағы тәжірибесі мол бригадир өз бейнетінің арқасында құрметке бөленуде. Оның нақ көрінісі өткен жылғы «Алтын дән» мерекесінде орын алды. Аманжол Бәйімбет 2019 жылдың қорытындысымен облыста «Үздік бригадир» атанды. Шаруашылық бригадирін облыс әкімі арнайы дипломмен марапаттап, 1 миллион теңге сыйақы табыс етті. Бұл еңбегінен ел таныған еңбек адамына деген зор құрметтің белгісі.

21 тамыз 2020 ж. 657 0