Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№88 газет

05 қараша 2024 ж.

№87 газет

02 қараша 2024 ж.

№86 Газет

29 қазан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Азаматовтың абыройлы жолы

Азаматовтың абыройлы жолы

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай жас ұрпаққа тағылым болар деген ниетте ұзақ жылдар Сыр өңірінің дамуына айрықша еңбек сіңірген, Ұлы Отан соғысына қатысқан, партия, кеңес қызметінде болған, еліне сыйлы азамат Жаңабай Шөкенұлы Азаматовты еске алуды жөн көрдім.

Осыдан тура 25 жыл бұрын Сырдария ауданындағы «Шіркейлі» шаруа­ қожалығын ұзақ жылдар басқарған Жаңабай Азаматов ағамыз дүниеден оз­ған еді. Ол кісі ауданға қарасты «Шір­кейлі» шаруашылығында төраға, директор қызметін атқарды. Сол Жәкеңнің қайтқанына жыл толғанда «Жыл болды үлкен жүрек тоқтағалы...» деген та­қырыпта аудандық газетке мақала жазған едім. Арада 25 жыл өткеннен кейін Жаңабай Шөкенұлы Азаматов жай­лы естелік (еске алуды) жазуды қол­ға алдым.

Биыл Тәуелсіздікке – 30 жыл, ал ардақты тұлға Азаматовтың дүниеден озғанына – 25 жыл. Одан бері заман өзгермегенімен, адамдар өзгерді. Қазіргі қызмет бабында жүргендер – сол кездегі жастар. Аудан көлемі түгіл сол ауылдың өзінде ол кісіні білетіндер жоқтың қасы. Сондықтан мен «Жаңабай Азаматов кім еді?» деген сұрақты қысқаша деректермен толықтырайын.

Кейіпкеріміз Шіркейлі ауылында дүниеге келген. 1932-1934 жылдары Қызылорда қаласындағы педтехникум­да оқып, білім алған. Алғашында өз ауылындағы «Қызылту» мектебінде мұ­ғалім, 1939-1941 жылдары Тереңөзек ау­дандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, аудандық партия комитеті әскер бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарады. Кезінде райкомкомсомолдың бюросына қатысушылар кешке узтопқа келіп қонып, таңертең жаяулатып же­теді екен. Себебі, ол кезде қазіргідей кө­пір болған жоқ.

Ж.Азаматов Отанымызды қорғау үшін 1941-1944 жылдары Ұлы Отан со­ғысына қатысады. Соғыс жылдары ротаның саяси жетекшісі болады. Со­ғыстан кейін, яғни 1944-1948 жылдары Тереңөзек, Шиелі, Жаңақорған ау­дандарында партия комитетінде жа­уапты қызметтер атқарады. 1950 жылы Алматыдағы партия мектебіне оқуға тү­сіп, оны бітіргеннен кейін Жаңақорған, Тереңөзек аудандарында екінші хатшы қызметін атқарады. 1955 жылға де­йін кенттегі тұтынушылар одағының басқарма төрағасы болған. 1955-1956 жылдары республикада майда шаруа­шылықтар біріктіріліп, колхоздар ұйым­дастырылған уақытта майда төрт колхоз – Талап, Қызылту, Қурайлы және Қызыл жалау құрамына кіретін «Қызыл Ту» колхозына төраға болса, 1966 жылдан 1982 жылға дейін «Шіркейлі» кеңшарында директор қызметін атқар­ған. Осы жылдары Шіркейлі ауы­лына келісіммен ұзындығы 25 шақырым болатын Бесөзек арнасын қаздырған. Ол кісі қай қызметте болмасын өзін білікті басшы, шебер ұйымдастырушы ретінде көрсете білді. Сөзімізге дәлел, Ж.Азаматов басқарған кеңшардың бір­неше рет ауыспалы «Қызыл Тумен» марапатталып, Бүкілодақтық халық ша­руа­­­шылығы жетістіктері көрмесінің же­ңімпазы атануы, «Алтын кітапқа» жазы­луы еді.

Сондай-ақ, ол облыстың ауыл ша­руа­шылығын дамытуға және білікті кадр­лар даярлауға көп еңбек сіңірген ұстаз. Кезінде Шіркейлінің «директорлар, депутаттар, делегаттар даярлайтын ұстахана» деген атағы болған. Ауылдың қай азаматы болсын ауылдан тыс облыс көлемінде жұмыс бабымен жүргенде «Шырағым, қай жерденсің?» деген сұ­рау­­шыларға «Шіркейліденмін» десең, ол танысын, танымасын «Жаңабай Аза­ма­тов­тың ауылынан екенсің ғой» дейтін.

1970-1980 жылдардағы газетте күн­­­де Шіркейлі жайлы мақала жазы­лып, радиодан хабар таратылатын. Қа­­зір­гідей заманда Жәкең­нің есте қа­латын бір естелігін айтайын. Ол жылдар елде «Ордендер мен медальдар» қап­таған кез еді ғой. Жәкең де екі «Ленин» және «Октябрь революциясы», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ор­дендерімен марапатталған кезі. Бір жылы ол облыстан ұсынылмай қал­ды. Мәскеуге марапаттау жөніндегі құжаттарды таныстыруға барған өкіл «5 мың сом болса Жаңабай Аза­ма­товқа «Социалистік Еңбек Ері» ата­ғы беріледі» деген хабар жібереді. Сонда Жәкең «Мен ақша беріп, «Герой» болмаймын» деген болатын. Осы бір естен кетпес оқиғадан-ақ Азама­­товтың нағыз азамат екенін аң­ғаруға болатын еді. Ал кезінде медаль мен орденге өзін-өзі ұсынғандар болған. Жәкеңнің кезінде Жоғарғы кеңеске үш депутат (Қазкенже Пірі­шова, Қызылқожа Майлықожаев, Бек­­­сұлу Синаева) барған. Ал күрішші Балдырған Мұстафаева «Социалистік Еңбек Ері» атағын алғанда Қазақстан коммунистік партиясы орталық коми­тетіне мүше (пленум мүшесі) болатын. Отызбай Исабаев, Төлеу Қаражанов, Нұрылда Нақыпов, Марат Сақтаповтар шаруашылықтарға директор болса, ша­руашылықта инженер-механик бол­­ған Кеңес Бошайбаевтар ауданда, кейіннен облыстағы «Қазсель­хозтех­ника» атты мекемеге бастық болады.

Тамыз айының 22-сінде Ж.Азама­тов­тың дүниеден озғанына 25 жыл толады. Ол кісі Тәуелсіздікті көріп кетті. «Үлкен жүректің тоқтағанына» бір ғана емес, бақандай жиырма бес жыл зымы­рап өте шықты.

«Сен қандай бақытты едің, келер ұрпақ» деп ақын Қасым Аманжолов жырлағандай, «өзіңіздің кешегі ба­қытты ұрпақтар ауылымызда өсіп-­өркендеп жатыр» деп Жаңабай Шө­кен­­ұлын еске алдым.

Жеңісбек МАҚСҰТҰЛЫ
24 тамыз 2021 ж. 742 0