«Аманкелді батырдың портреті қалай салынды?»
«Еgemen qazaqstan» газетінің №147 санында «танымал сурет тарихы» айдарымен «аманкелді батырдың портреті қалай салынды?» тақырыбында мақала жарияланған болатын. мақала авторы бекен қайратұлы биыл 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске 105 жыл толуын тілге тиек ете отырып, азаттық жолында атқа қонған аталарымыздың ерлігі кейінгі ұрпаққа өнеге болуы тиіс екендігін айтып өтеді.
Сырдария ауданында батыр атын иеленген ауыл, орталық көше бар. Батыр баба туралы тың естелікті Аманкелді ауылының тұрғындары ғана емес, түгел аудан, күллі қазақ білуге тиіс деген ниетпен біз де қолға қалам алдық.
Аманкелді ауылы – Сырдария ауданындағы ауыл, ауылдық округ орталығы. Аудан орталығы – Тереңөзек кентінен оңтүстік-шығысқа қарай 77 шақырым жерде, Сырдария өзенінің сол жағалауында орналасқан. 1997 жылға дейін Аманкелді атындағы қаракөл қой кеңшарының орталығы болған. Ал батыр атындағы көше – кент орталығындағы басты көше.
1916 жылғы көтеріліс туралы СССР тарихында: «Россияның шет аймақтарында да патша өкіметінің негізі шайқала бастады, неғұрлым күшті көтерілістер 1916 жылы Орта Азия мен Қазақстанда болды. Оның басты себебі жергілікті қанаушылар және патша отаршылдары тарапынан еңбекші бұқараны екі жақты қанау болды» деп жазылған. Патшаның Орта Азия мен Қазақстанның жергілікті ер-азаматтарды тыл жұмыстарына алу жөніндегі бұйрығы халықтың ашу-ызасын бұрынғыдан да өршіте түседі. Нәтижесінде, қазақ шаруалары бас көтеріп, наразылық жер-жердегі ұлт-азаттық көтеріліс түрінде сипат алады. Көтерілістің Торғай даласындағы ошағын Аманкелді Иманов басқарып, Орталық Қазақстанда ұлт-азаттық қозғалыстың қанат жая түсуіне зор ықпал еткен.
Аты аңызға айналып, ерлігі тұтас халыққа мұра болған, көшелер мен түгел ауылға аты беріліп, есімі ұлықталған тұлғаның кейінгі кезде оқулық бетінде беріліп жүрген суретін қағаз бетіне түсіру қиынның қиыны болған. Атақты әрі танымал суретші Әбілхан Қастеев өзі өмірде көрмеген батыр бейнесін қағаз бетіне түсірген. Бір кездері жоғалып кетуге шақ қалған суретті Сейіт Кенжеахметов сақтап қалыпты.
Тарихи деректерге сүйенсек, Аманкелді Иманов қаймығуды білмейтін, аса ақылды адам болған. «Қарапайым халықтың даналығы мен ер жүректілігін өз бойына сіңіре білген, жеке басының қасиеттері мол адам, кейбір зерттеушілер топшылағандай, «жеке бүлікшіге» ұқсамайды. Оның қимылдарынан бұқарамен тығыз байланысты айқын көруге болады. Біз қызу қанды, еш нәрседен тайсалмайтын, әрқашан ізденіс үстіндегі адамды ғана емес, сонымен бірге рухани жетілген адамды көреміз» деп жазады батыр өмірін зерттеушілердің бірі Х.Айдарова.
Суретші Ә.Қастеевтің де батырдың дәл өз бейнесін беретін суретті салып шығуына Аманкелдінің көзін көрген замандастары мен зерттеушілердің сөзі үлкен көмек болған.
Аманкелді Имановтың суретін салуға қатысты мәселе қайдан туды? 1936 жылы ұлт-азаттық көтерілістің 20 жылдық мерекесі қарсаңында үкімет батырдың портретін жасау туралы бастама көтерген. Сол жылдары қазақ кино өнері тұңғыш «Аманкелді» киносын түсірген. Осылай Аманкелді батырдың образы заманауи тұрғыдан саяси идеологияның қаһарманына айналған. «Осындай саяси науқан қызған тұста суретші Әбілхан Қастеев Мәскеудегі көркем сурет студиясында білім алып жүрген. Осы оқу орнын 1937 жылы бітіріп келіп, 1939 жылдан бастап Аманкелді батырдың портретін салу ісіне кіріскен» деп түсіндіріледі көлемді мақалада.
Оған дейін батырдың ешқандай суреті болмаған. Арнайы таңдалып алынған 14 суретшіге Аманкелді Имановтың портретін сақталған естеліктерге сүйеніп, суретшілік сезімге беріле отырып салу тапсырылған. Әбілхан Қастеев өзіне тапсырылған, сенім артылған міндетті мүлтіксіз орындап шыққан. Айтуға ғана оңай болғанымен, талантты суретші бұл жолда талай қиындыққа кездескен. Батырдың көзін көрген сарбаздар мен туыстарымен тілдесуге, батырға өңі келеді-ау деген кісілердің суретін салуға Торғай өңіріне аттанады. Қандай да ақпарат құнды болып, Батпаққара ауылына батырдың бауырын іздеп жолға шыққан суретші боранда қалып, адасып, үсіп те қалады. Құдай оңдағанда, шопан жігіт айдалада ес-түссіз жатқан адамды көріп қалып, әйелі екеуі екі жақтап қармен ысқылап, ажалдан аман алып қалыпты.
Сүйтіп жүріп батырға ұқсастығы бар деген 30 адамның портретін салып, 40-қа жуық этюд, деталь жасаған. Зор қиналыс, үлкен еңбекпен Әбілхан Қастеев 1939 жылы батырдың портретін салып шыққан. Алайда, бұл суретте «қазақ халқының типтік бейнесі ашылмай қалған» деп суретшінің өз туындысына өзінің көңілі толмайды. Осылай ізденісті үдете түскен суретші 1941 жылы, одан кейін 1943 жылы жаңа портреттер салып шығады. Онысына да көңілі тола қоймай, 1947 жылы, одан кейін 1950 жылдары қайта салып, ең соңғысы ғана Әбілхан Қастеевтің өзінің ойындағысын дөп басқандай болады. Шығармашылық адамы болу оңай емес. Өзгелер, тіпті көзкөрген замандастары «ұқсайды» дегенмен, суретшінің ішінде толқыған бір шер тарқамай, онысы ең соңғы нұсқаны салып шықпайынша жанына тыныштық бермеген. Жоғарыда берілген Әбілхан Қастеев салған соңғы нұсқадағы батыр бейнесі. Мұнда Аманкелді бейнесі шынайы халық батыры, қолбасшы ретінде көрініс тапқан. Осы сурет Бүкілодақтық көркемсурет көрмесіне қойылған. Халық тарапынан да, автор тарапынан да жоғары бағаға ие болған. Кейін Мәскеудегі өнер бспасынан түрлі-түсті бояумен басылып шыққан сурет бүкіл одақ көлемінде мыңдаған тиражбен таратылған. Дәл осы нұсқа орта мектеп оқулықтары мен тарихи энциклопедияларға еніп, халық көкейінде Аманкелді батырдың бейнесін қалыптастырған сурет болды.
Жекелеген жерлерде толқулар басталып, 1916 жылы ұлт-азаттық қозғалысқа ұласқан көтерілістің Аманкелді Иманов пен Қырымнан жасырын түрде келген досы Әліби Жангелдин басқарған Торғай даласындағы ошағы үлкен маңызға ие болған. Аманкелді батыр ұйымшылдықтың, топтасқандықтың және қимыл бірлігінің маңызын кедейлерге түсіндіріп отырған. Батырдың халыққа қарата «Егер біз іске ұйымшылдықпен, тығыз топтасқандықпен кірісетін болсақ, онда біздің жұмысымыз табыспен аяқталады деп сеніммен айтуға болады. Бытыраңқылық, тәртіпсіздік істі күні бұрын сәтсіздікке ұшыратады. Біз бір семьяға бірігіп, қатал тәртіп орнатуымыз керек. Сонда жау біз үшін қорқынышты бола алмайды. «Бірлік еткен озар, бірлеспеген тозар» деген мақал естеріңізде болсын» дегені ұранға айналып, тарих беттерінде сақталып қалған.
Қазақ халқының батыры, тарихи тұлға Аманкелді Иманов жарқын болашақ жолында, күрес үстінде мерт болған. Бірақ сатқындардың салтанаты ұзаққа созылмай, айбынды Қызыл Армия Коммунистік партияның басшылығымен көп кешікпей Колчак әскерін талқандаған.
Биыл 105 жыл толып отырған ұлт-азаттық көтерілістің жетекшісі, тарих беттерінде есімі алтын әріптермен жазылып қалған Аманкелді Иманов атында аудан, ауыл, мемиоралдық мұражай, мектептер мен көшелер бар. Батыр тұлғалар туралы естелік, мұраларды ертеңгіге мұра ету – бүгінгінің парызы. Өткенді ұлықтау, тарихты ұмытпау – ортақ міндет.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ