Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Халық батыры атындағы көше

Халық батыры атындағы көше

Тереңөзек кентінің шығыс жақ бөлі­гін­де, Қызылордадан кентке кіреберісте, «Қызыл­орда – Жалағаш» трассасының бойында Бұхарбай батыр атындағы көше бар. Көше бойына егілген ағаштар кент келбетіне ерекше көрініс беріп тұр. Әсіресе, көктем, жаз айларында арықты жағалай өскен жас теректер көзге бірден түседі. Кенттің ең шеткі көшелерінің бірі саналатын Бұхарбай батыр атындағы көшеге бұл атау 1996 жылы 2 ақпанда кент әкімінің №7 шешімімен берілген. Мұнда қазір 14 тұрғын үй бар. Ұзындығы 660 метрге созылған көше Желтоқсан көшесімен түйіседі. Көшенің бас жағында тұрғындарға және үлкен жолдың жолау­шыларына қызмет көрсететін «Жазира», «Мирас» дүкені және «Жанниет» дәмханасы бар.
Көше атауын алған Бұхарбай батыр кім болған дегенге келсек, батырдың даңқы Сыр өңіріне ғана емес, күллі қазақ халқына танылған. Халық батыры ХІХ ғасырда патша отаршылдарына қарсы ұлт-азаттық күрес жүргізген Кенесары ханның сенімді серігінің бірі болған. 1812 жылы Жалағаш ауданында дүниеге келген Бұхарбай Естекбайұлы жастайынан ел қорғау жорықтарына қатысып, батырлығымен, ержүректілігімен көзге түскен. Көрнекті батырдың жасағы 1850 жылы Қазалы, Арал, Қосқорған бекінісіне шабуыл жасап, қоқандықтарды ойсырата жеңеді. Сондай шайқастардың бірінде ауыр жараланған Бұхарбай батыр елге оралып, егіншілікпен айналысады. Ұлы дарияның бойынан ұзындығы 30 шақырымға жуық арық қаздырып, ол арық «Бұхарбай арығы» аталған.
Бұхарбай батырдың 8 баласы болған. Олардан тараған ұрпақ батырдың туып-өскен жерінде, қазіргі таңда Жалағаш ауданына қарасты Бұхарбай батыр ауылында тұрады. Көпті көріп, елі, жері үшін жаумен шайқасқан батырдың есімі жазылған күміс мөрі мен шашақты туы, тұтынған заттары бабаның ұрпақтарының қолында сақталған. Сондай жәдігерлердің бірі батырдың қылышы. Қылышты Жалағаш ауданындағы музейге батырдың шөбе­ресі Жоламан Алданазаров өткіз­ген.
«Қылышқа ғылыми сараптама жүргізгеннен соң, ол негізгі үш бөліктен тұратындығы анықталды. Олар кесу, шабу, түйреу арқылы жарақат салуға арналған бөліктер. Ұзындығы бір құлаш, болаттан жасалған қылыштың салмағы едәуір жеңілдеу. Жүзінің бас жағы үнемі қайраққа түскендіктен біркелкі тегіс емес, сәл ойыңқы келген. Былғары қынапта сақтағандықтан, қылыштың өзінің әдепкі кездегі күйінде сақталып, бүгінге дейін жеткен» дейді музейдің ғылыми қызметкерлері.
Айбатты жауынгердің асқан ерлігін талай ақын-жыраулар жырлаған. Тарихшы Е.Бекмаханов өз зерттеулерінде және жазушы І.Есенберлин «Қаһар» романында, зерттеуші Қ.Бердәулетовтың «Бұхарбай батыр» кітабында батыр ерліктері көрініс тапқан.

Б.ЖАНӘЛІ
07 желтоқсан 2019 ж. 935 0