Қалжан ахун мінгізген ат
Қалжан ахун бір жылдары ауылдастарына өкпелеп, Үргеніш жаққа көшіп кетеді. Екі-үш жылдай артынан іздеп барғандарға қайта қоймапты. Орталарынан дін басшылары кетіп қалғанына сасқан ауылдастары осы жайды елдің игі жақсылары бас қосқан бір жиында сөз етіп, «оны ертіп келетін адам табылар ма екен?» деген ой тастайды.
Сонда жасына қарамай аяқ жақта отырған Аташал Тама Салданың Оспаны «мен әкелемін» депті. Оның бұл адамгершілігіне ақсақалдардың көңілі босап, көздерін сығып алған екен. Сонан үлкендер жағы бір-бірін сабырға шақырып, Оспанға оң батасын беріпті.
Ол түйеге азық-түлігін мол етіп артып алып, жанына сегіз жастағы баласы Құспанды ертіп, жолға шығады. Апта жүріп, аптығып барған Оспанды Қалжан ахун құшақ жайып қарсы алып, зор құрмет көрсетеді. Ахунның үйінде өз сапарының мақсатын айтпай Оспан үш ай жатыпты. Ахун да одан жөн сұрамай, балаларын оқытып жүре беріпті.
Бір күні таңғы намазда тұра бергенде Оспан жылаған баласына: «Айналайын, ауылды сағындың ба, онда қайтамыз» деп, жұбатқан болып жата беріпті. Ғұлама ахун бұл жағдайды көңіліне түйіп қалған екен. Азанғы шайға отырғанда сөз бастапты.
– Оспан шырағым, ауылдан кеше шыққан бала елін сағынғанда елден шыққаныма 2-3 жыл болған маған не дауа?! Қайтсақ бірге қайтайық, ертең базардан балаңа бір тай алып берейін. Сосын сәрсенбінің сәтіне елге бет түзейік, – деген екен.
Осылайша Қалжан ахун Сыр бойына қайта оралыпты.
Ахун тегін адам болмады. Оған сол сапарда сыйға ұсынған тайдың хикаясы анық дәлел. Ол кезде «Аламесек» – аудан орталығы. Онда сарттардың дүкендері, шайхана, қымызханалары жағалай орналасқан үлкен базар бар екен. Халық көп жиналатын жер думансыз болған ба? Сондайда жүйрік аты барлар бәйгеге қосып, бәсекелесетін көрінеді. Ал басқа адамдар, әр атқа бәйге тігіп, қаржы жинайды да, сыйлыққа тартатын болыпты.
Сондай бәсекеде Оспанның баяғы бәсіре тайы құнан жасында да бәйгенің алдын бермепті. Сол тұлпар Сәрсенбай Көшкіновтің көк қасқасымен екеуі бір түнде жоқ болыпты. Іздегенмен хабары шыға қоймапты. Аттар жоғалған соң бір жылдан кейін Верныйда (қазіргі Алматы) қыпшақ Әлмембетке ас беріледі деген хабар келеді.
Үш жүздің жұрты шақырылған бұл асқа Жетірудан да біраз адам баратын болады. Олар Керейт Есқара мен Тынымбай, Табын Алданазар мен Шортанбай, Тама Боранбай мен Кеңесбай би және Оспан, Қоқыбай, Көбекбай тәрізді атсейіс сыншылар да болыпты. Олар жүйрік Қаратау етегіне жақындап, енді қайда қонатындықтары сөз етілгенде Есқара: «Осы өңірде Қаласбай деген құдамыз бар. Сонда түнелік» дейді. Көпшілік мұны мақұл көреді.
Қаратаудың кең қойнауында еркін отырған Қаласбайдың қора-жайы мол, үйлері де дәлізді кең екен. Үй иесі қонақтарды да, олардың көліктерін де жақсы жайғастырыпты. Шай әкелер алдында су құйған бала ақсақалдар әңгімесінен сырттап отырған Оспанның көзіне жылыұшырай береді. Сойталдай жігіт болып қалса да, үстіне бөз көйлек, дамбал киіпті. Сонысына қарамай беліне ұшы шашақты өрме жібек белбеу таққан. Ал аяғы жалаң аяқ, баланың олпы-солпы киінуінен оның Қаласбайдың баласы емес екенін сезген
Оспан сәтін тауып сыртқа шығып, баламен тілдеседі.
– Қарағым, қай жақсысың?
– Керейтпін, оның ішінде Арбалы.
– Мұнда неғып жүрсің?
– Әкем өлген соң шешем төркініне алып келген.
– Ана Есқараны танисың ба?
– Танимын.
– Онда мен сенен бірдеңе сұрайын, – дейді Оспан балаға. Мұнан екі жыл бұрын ауылынан ат жоғалғанын, түр-түсін айтады.
– Хабарым бар, – дейді бала. – Көк қасқа ат Ұлытау жаққа ұзатылған бір қыздың қарасына жұмсалды. Ал, күрең қасқа ертеңгі астың бәйгесіне жаратылып, дайын тұр. Ол түнек бастырмада байлаулы. Көрем десеңіз, ел ұйқыға кеткенде келіңіз. Уәделі шақта келсеңіз, ат өзіңіздікі. Ен бұрынғыша тек қасқасын бояп, қызыл жабу, мойынса салып қойыпты.
– Менің атым Өсербай, – дейді жігіт. – Мына атқа інім Өскенбай шабады.
Бұл әңгіме осымен тынып, жолаушылар араға бір күн қонып, Верныйға жетеді. Онда әр жүзге арнап бөлек ауыл етіп, үйлер тігіпті. Әр ата жолының үлкендеріне деп олардың арасынан бір еңселі үйді сәнді етіп орналастырыпты. Қаракесектің үлкені, Байұлының үлкені, Жетірудың үлкені осындай айшықты үйлерге түсіріліпті.
Қонақтар жайғасып, қонақасы жеп түнеген соң ертеңіне Оспанның айтуымен Қоқыбай мен Көбекбайды бәйгеге түсетін аттарды сынауға жібереді. Олар жатып түстене жүріп, бапталған 500 атты асықпай көріп шығамыз дегенше үш күн өтіпті.
– Бір жерде қара қасқа ат бар, тұяғым төселген, бірінші бәйге менікі деп тұр. Тағы бір жерде қызыл күрең көрдік, жасымда таста өстім, өсе келе құмда өстім, маған өрі-қырың бірдей, екінші бәйгең менікі деп тұр. Қалғандарының ерекшеліктерін байқай алмадық, рет-ретімен келе жатыр, – деп баяндапты.
Бірер күннен кейін ас қызып, бәйгеге қосылатын аттар күндік жерге айдалатынын хабарлайды. Сол кезде Оспан атқа шабатын Өскенбайға ретін тауып жолығып, қарақшыдан өткенде «Қарабура», «Тостаған» немесе «Ақсақал» деп, ұрандап өт, қорықпа, мен жаныңда боламын» дейді.
Бұл кезде екінші жақта палуандар күресі басталып, манағы Өсербай жеңіп шығып, бәйгеге отауымен қыз алатын болады.
Астың басқа да қызықтары жарасымды өтіп жатады. Ертеңіне бесін кезінде биіктен дүрбі салып тұрғандар «ат келе жатыр» деп хабарлайды. Бұл кезде үстінде түйе жүн шекпен киіп, белін шылбырмен буып, басын орамалмен таңып алған Оспан бәйге жолын күзетіп жүреді. Әп-сәтте сонадайдан екі қара көрінді. Оспан қапталдап ере көтермелеп келді де, кейін қалып қойды. Осы кезде сол жақтан шыққан біреу баланың қарқындап «Тостағандап» өткенін естіп, оны қамшымен салып өтіпті. Оспан да ұмтылып, аттан ауып бара жатқан баланы алдына өңгеріп алып, сырттап кетеді.
Ол Өсербайға таза ауа жұтқызып, есін жинатып әкелсе, әлгі жерде төбелес басталып кеткен екен. Бұған Оспанның қатысы барлығы анықталғасын оны Боранбай шақырып алып, қамшымен сабай бастапты. «Ағасы ұрса, інісінің күнәсі пәк» дегенді есте ұстап, Оспан да қаша қоймағасын мәнісін білгенде, бәйгеден екінші келген ат соныкі екені анықталып, жүлдеге берілген үш үйір жылқыны Жетіру еншілепті.
Боранбай тұрып:
– Бір үйір жылқыны Қаракесек пен Байұлына, бір үйір жылқыны Жетіру ұрпағына берейін, қалған мал иесінікі, – деп жиналған көпшілік бұл жол-жоралғыға риза болып тарапты. Елге өздерімен бірге Өскенбай мен Өсербайды отауларымен қоса ала қайтыпты.
Міне, Қалжан ахунды елге қайтару мен ол сыйлаған атының бір хикаясы осындай.
Берік САЙМАҒАНБЕТОВ,