Жауынгер жолы
«Қызыл Коммунна» ауылының тұрғыны Ілияс 32 жылдың дүрбелеңі кезінде надан белсенділердің қысымына шыдамай ауыр науқастан көз жұмды. Осылайша ана бауырында үйелмелі-сүйелмелі алты бала қала берді. Сол кезде 12 жастағы бала болғанымен, көздері мөлиген бауырларының үлкен ағасы ретінде Нағиды бір-ақ нәрсе: «қайтсем де осы қапастан аман шығып, бауырларымды адам қатарына қосуым керек, анама қарасуым керек» деген ой билеген еді. Өлмеудің қамын күйттеген ол қаңғалақтап жүріп Арыстағы балалар үйінен бір-ақ шығады. Алайда ол мұнда да көп аялдамады, балалар үйінен қашпақшы болған оны Арыс станциясында ойда жоқта туысы Әлжан кезіктіріп, ТашкенттЕгі №5 балалар үйіне орналастырады.
Аш-жалаңаш Нағидың балалық шағы Ташкентте өтті. Совет өкіметінің күсті алақаны оның маңдайынан сипап, бағып-қақты. Ташкент бала Нағидың жігіт Нағи болып ержетуіне, терең білім алуына, еңбекпен шыңдалуына мүмкіндік берді. Балалар үйінде олар білім алып қана қоймай, егін егіп, бақша дақылдарын, жеміс-жидектерді күтіп баптап, кесек құйып әбден пісті.
Нағи 1936-1938 жылдар аралығында Ташкенттегі Орта Азия университетінің жұмысшылар факультетінде, одан кейін педагогикалық училищеде оқыды. Оқуды бітірген соң Ташкентте бір жыл жұмыс істеп, 1940 жылы елге салауатты ұстаз болып оралды. Бұл 32-ші жылы ауылдан қаңғып кеткен жетім баланың өміріндегі алғашқы белес еді. Сол кездегі Орта Азиядағы мәдениет пен білімнің бірден-бір орталығына айналған Ташкентте білім алу Нағиды едәуір ширатса, сол кезеңнің зиялы қауым өкілдерімен жиі араласу оның азаматтық тұлғасының қалыптасуына зор ықпал етті. Осындай кездесулерде ол Абай, Пушкин, Лермонтов, Крыловтарды мәнерлеп жатқа айтуда бәйгенің бәсін бермейтін. Әрбірден соң «Алпамыс», «Қамбар батыр», «Қыз Жібек», «Қобыланды» қиссаларын жатқа айтатын.
Сұрапыл соғыстың суық хабары жайбырақат тіршілік қамын күйттеп күнелтіп жатқан ауылдың тыныштығын бұзды. Бірінші болып соғысқа бұл ауылдан Нағидың немере ағасы Әшпен, Жұмаділда, Тасбергендер аттанды. Өкінішке орай, үшеуі де Ленинград майданында 1941 жылы қаза табады. Елде қалғандар егінді жинап, малдың қора-қопсысын жөндеп, колхоз малына шөп дайындап, бүкіл ауыл қызу тірлікке кірісіп кеткен еді. Қызыл армияның тылын нығайту, тіршілікті соғыс жағдайына бейімдеу, Молдавия, Украинадан көшіріліп келген халықтарды орналастыру, оларға қамқорлық жасау секілді жұмыстарға мұғалімдердің сауаты мен мүмкіндіктері сарқа пайдаланылды. Жас мұғалім Нағи Ілиясов солардың бел ортасында жүрді.
1942 жылдың 5 қаңтарында Тереңөзектен 30 жігіт майданға аттанды. Олардың ішінде Нағи Ілиясов та бар еді. Жолай Жалағаш, Қармақшы, Қазалы мен Аралдан жігіттер қосылып, облыстан шыққан бір эшалон сарбаз Оралда жасақталған 152 атқыштар бригадасына келіп түседі.
1942 жылдың қыркүйегінде неміс әскерлері бар күшін Сталинградты алуға жұмылдырды.Осы кескіліскен ұрыста 152 атқыштар бригадасының жауынгерлері жаудың екпінді шабуылын бірінші болып қабылдады. Күші басым жау әскеріне табандылықпен тойтарыс беріп, барынша титықтатты, Сталинград майданының сол қанатын ұстап тұрды. Жиырма екідегі Нағи Ілиясов соғысқа алғаш рет 1942 жылдың 3-4 қыркүйегінде Халхутта түбінде кірді. Сұрапыл шайқас бірнеше күнге созылды. Барлаушы Н.Ілиясов барлау пунктінде отырып, дивизион соққыларын бағыттап отырды.
1942 жыл, қараша айы. 152 атқыштар бригадасы Қалмақ пен Сальск далаларындағы шайқастар кезінде Қалмақ ААСР-нің орталығы Элистаны Астраханьмен жалғап тұратын ұлы жолды бойлап, батысқа шабуылды жалғастырды. Осы жерде олар жаудың қатты қарсылығына тап болып, 19 қараша күні күні таң ата басталған шабуыл 24 желтоқсанға дейін жалғасты. Маныч өзені бойында немістердің әуеден жіберген қатты шабуылының астында қалып, әуеден де, жерден де беріліп жатқан соққыларға қарамастан барлаушы Ілиясов командирлердің талаптарын бұлжытпай орындады. Осы шайқаста атқыштар табандылық көрсетсе, зеңбірекшілер жау танкілерінен тайсалмай бетпе-бет шайқасқа түсіп, жаудың шабуылын тойтарды.
1943 жылдың қаңтар айының соңында 152-ші атқыштар бригадасы мен генерал-лейтенант Герасименко бастаған 28-ші армия жауынгерлері жау шебін талқандап, Батайскіні басып алды. Әрі қарай соғыс қимылы Ростовты жаудан азат етуге бағытталды. Ростов үшін артиллеристер де, ұшқыштар да, атты әскерлер де батылдықпен шайқасты. Бір аптаға созылған кескіліскен ұрыстардың нәтижесінде 1943 жылдың 14 ақпанында Ростов жаудан тазартылды. Ростов қаласы үшін болған соғыста құрамында 152-ші атқыштар бригадасы бар генерал-лейтенант В.Герасименконың 28 әскер ерекше ерлік көрсетті. Бұл әскер кейін Берлинге дейін барды.
Нағи Ілиясов Украинаны неміс фашист басқыншыларынан азат етуге қатысқан ержүрек жауынгерлердің бірі болды. Оларды тәжірибелі барлаушы ретінде 152-ші атқыштар бригадасынан бөліп әкеліп, соғыстың алғашқы күнінен тынымсыз шайқас шебінде талай даңққа бөленген 99-шы Қызыл тулы атқыштар дивизиясына қосып, жауапты әрі күрделі операцияға қатысуға сенім білдірді. Нағи фашистердің «Миус фронт» деп аталатын мықты қорғаныс шебін талқандау кезінде басшылықтың жауынгерлік тапсырмаларын өз дәрежесінде орындағаны үшін «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Бұл Нағидың майдан шебіндегі алғашқы наградасы еді. Ұлы Отан соғысы тарихында елеулі орын алған Миус өзені бойындағы ұрыс қимылдарына Н.Ілиясов бастан-аяқ алдыңғы шепте жүріп қатысты. Миус өзені бойындағы жеңіс жайлы Кеңес Одағының маршалы А.М.Василевский: «Жоғары Бас Қолбасшымен қыркүйекте телефонда сөйлескенімде Миус өзені бойындағы 6-неміс әскерінің талқандалуын Оңтүстік майдан әскерлерінің ірі жеңісі деп атады», – деп жазды өз мемуарында.
1943 жылдың 13 қарашасында Житомир үшін шайқас басталды. Жаудың сегіз танк пен моторлы дивизиялардан, жеті жаяу әскерлер дивизиясынан құралған тобы қарсы шықты. Қантөгіс ұрыс айдың аяғына дейін ұласты. Киевтен 40 шақырым жерде Толстой селосында немістерді Житомирге жақындатпай тұрған 99 Қызыл тулы атқыштар дивизиясы болды. 1943 жылдың 4 желтоқсанында таң атысымен әуеден топ-тобымен ИО-2 шабуылдаушы ұшақтар қаптап келіп атқылады. Оларды қорғаштап жоғарыда кептердей ойнап ЯК-тер жүрді. Осылайша әуеден де, жерден де соққылау 50 минутқа созылды. Осы сәтте 99-шы дивизия жауынгерлері шабуылға көтеріліп, фашистердің қорғаныс шебіндегілер соққыға шыдас бере алмай кейін шегіне бастады. Дивизия қорғаныс шебіне өткенде артынан танкілер көмекке келді. Қыс ызғары күшейіп, қыса түскеніне қарамастан жауынгерлер өрлік рухын жоғалтқан жоқ. Осылайша 31 желтоқсан күні Житомир жаудан азат етілді. Жаудың күшті шабуылын тойтаруда көрсеткен ерліктері үшін бөлімше командирі Н.Богатырев, барлаушы В.Аксайский наградталды. Нағи Ілиясов КПСС мүшелігіне қабылданды. Ал 99-шы дивизияға Житомир дивизиясы деген атақ берілді.
1944 жылдың 4 наурызында Украина майдандары әскерлерінің шабуылы басталды. Шумское Любар учаскелеріндегі жаудың бұзылған қорғаныс шебінен 3-ші гвардия және 4-ші танк әскерлері ендірілді. Бұл екі әскер жаудың қарсылықтарын тойтарып, 7 наурызға қарағанда Тернополь Проскуров шебіне шықты да, маңызды Львов- Одесса темір жолын кесіп тастады. Неміс тарапы қауіпті сезініп, қосымша 15 дивизияны қарсы қойды. Сол күні бұл жерде кескілескен шайқас жүрді. – Біз мұндай шайқасты Курск мүйісінен бері қарай көрмеген едік, – деп жазды Маршал Жуков. Сол соғыстың жуан ортасында қан жосалған шайқастың ішінде жаумен аянбай шайқасқан көп жауынгердің бірі тереңөзектік барлаушы Нағи Ілиясов еді. Осы шайқастарда көрсеткен ерлігі үшін ол СССР Жоғары Советінің «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Львов бағытындағы шабуыл Кеңес әскерлері үшін жауапты шайқас болды. Мұздай қаруланған жаудың қорғанысын бұзу оңайлыққа соқпады. 16-17 шілде күндері С.Рыбалконың 3-ші танк әскері, Д.Лелюшенконың 4-ші танк әскері, 60-шы, 38-ші әскерлердің күш біріктіруімен жау әскерлері Львов бағытынан ығыстырылды. От пен оққа оранған шайқас кезінде жараланған барлаушы Н.Ілиясов Тернополь қаласындағы госпитальға түсті. Оны мұнда майор Семеновтың өзі іздеп келіп, «Үшінші дәрежелі Даңқ» орденінің берілуімен құттықтады.
– Сен бізден адасып қалма, Орал қаласынан бері осы дивизияда қалған 11-ақ адамбыз. Тірі болсақ, жеңіске бірге жетейік, – деп батырға рух берген еді.
Қарашаның үшінен төртіне қараған түн. 99-шы дивизияға Будапештің екінші жартысы Пештке оны айналдыра қоршап салған жау қорғанысын жарып кіру деген бұйрық түсті. Белгіленген уақытта 99-шы дивизия жауынгерлері шабуылға көтеріліп, жау бекінісіне қарай оқ жаудыра лап қойды. Бірақ жау пулемет пен автоматтардан оқ жаудырып, бұларды табан көтертпей жер бауырлап жатып алуға күшпен мәжбүрледі. Қорғанысы мықты, бақайшағына дейін қаруланған жауға қарсы соғыс қимылдарын тоқтатып, 5-і күні қорғанысқа өтуге мәжбүр болды. Нағи Ілиясов бастаған үш барлаушы мен бір байланысшы жау жақты мұқият барлап, шабуылды кім бастайды деп күтіп отырған. 6 қараша күні сәскеде жаудың 10-ға тарта танкісімен жаяу әскері тұтқиылдан шабуыл жасады. Соғыс өрті бірден лаулап кетті. Ержүрек жауынгерлер өліспей біріспеді:
– Бір адымда кері шегінбейміз! Гранаталарыңды жау танкілеріне қарсы қолдануға дайындалыңдар! Брон бұзғышпен жау танкілеріне! – деген командалар жан-жақтан беріліп жатты. Осылайша 197-ші полктың атқыштары жаудың ірі күшіне ерлікпен тойтарыс берді. Будапешт іргесінде өткен сұрапыл шайқастарға 197-шы атқыштар полкі, 99-шы, 68-ші дивизия жауынгерлері жан бергенше шайқасып, ерлік көрсетті.
1944 жылдың желтоқсан айында 99-шы Қызыл тулы атқыштар дивизиясының барлаушылар взводына Дунай өзенінінің жағалауына өтіп, плацдарм алу керектігі бұйырылды. Желтоқсанның 4-ен 5-не қараған түн ерекше қараңғы және суық болды. Қыс ызғары шымырлап сезіле бастаған еді. Дунайдың бетін қалың тұман торлаған. 99-дивизияның 1-полкінің 2-батальеонында митинг өтті. Дивизия командирі, генерал-майор Д.Семенов жігіттеріне алда шешуші шайқас күтіп тұрғанын айтып, Отан бұйрығын абыроймен орындауға сенім білдірді. Аға лейтенант А.Амосенков:
– Дунай біздің алдымызда тұрған бірінші сулы бөгет емес. Тірілеріміз мерт болғандар үшін кек аламыз. Даңқты Жеңіс алыс емес, – деді. Оның сөзін ала бере майор Семенов: – Нағи, Дунайдан су әкел, – деді.«Дунай суын сіміріп ішіп алдық, енді ол бізді батырмайды» деген ырыммен жауынгерлер қайықтарға отырды.Жасыл ракета аспанға көтерілгенде әскерлер ескекті шапшаңдата есіп, өзеннің арғы бетінде жар астында отырған Гитлер басқыншыларына қарсы шабуылға шықты. Қайықпен 650 метр су айдынынан өту керек. Өзеннің қақ ортасына келгенде жау ракеталары аспанға көтеріліп Дунайдың беті жарқырап сала берді. – Иттер, көріп қоятын болды-ау, – деп айтып үлгергенше жау оқтары қарша борап кетті. Миналар мен снарядтар өзен бетінде гүрс-гүрс жарылып, алай-дүлей басталды. «Не де болса қара жерге аяқ басып, қан жоса шайқас үстінде өлсек арман жоқ», – деген әскерлер ештеңеден тайсалатын емес. Қайықтың тұмсығы жиекке тиісімен Семеновтың: – Еріңдер соңымнан, -деген пәрменімен жау траншеяларына лап қойып, автоматтан оқ жаудырта жөнелді. Адам шығыны көп болды. Аман қалғандарарғы бетке өтіп, жаумен бетпе-бет 1 сағаттай айқасып, жау шебіне шығып кетті. Осы сәтте Нағи Ілиясов 10 немісті жер жастандырып, майор Д.Семенов, аға лейтенант А.Амосенков, барлаушылар П.Парамонов, Кручинии, радист В.Абаимов жетеуі немістер орналасқан Марияхаза селосына тұтқиылдан шабуылдайды. Сол жерде радиостанцияны қолға түсірген ол жараланғанына қарамастан шабуылды жалғастырып, 6 фашистің көзін жояды. Әрі қарай жаяу әскерлермен бірге ұрыс қимылдарын күшейтіп, тағы 4 немістің жанын алады. Бұл туралы полк командирі, полковник Чиношвилидің Нағиды батыр атағына ұсыну жөніндегі құжатында анық жазылған. Дунайды көктей өту кезіндегі жауынгерлік ерлігі үшін Нағи Ілиясовқа СССР Жоғары Советі Президиумының 1945 жылғы 24 наурыздағы Жарлығымен «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілді.
108 күн мен түнге созылған Будапешт үшін шайқас екінші дүниежүзілік соғыстағы ең ірі әскери соғыс операциясы еді. Жаужүрек жауынгерлердің жанқиярлық ерлігінің арқасында 1945 жылдың 4 сәуірінде Венгрия жері жаудан азат етілді. Нағи Ілиясовтың есімі Венгрияға бостандық әкелген сарбаздардың бірі ретінде тарихта қалды. 1942 жылы Тереңөзектен соғысқа аттанған жауынгер Ростовты, Донбассты, Украинаның көптеген жерін, Польшаны, Будапешті, Венаны фашист басқыншыларынан азат етуге қатысып, ұлы Жеңісті Чехословакия жерінде қарсы алды. Жауынгер сыз окопта жатып, жауған оқ, жанған оттың ортасынан аман өтті. Қаруластарының қазасын көрді, фашист басқыншыларының қатыгездігін, аштық пен суықты басынан кешті. Қиын-қыстау кезеңде өзіне жүктелген жауынгерлік тапсырмаларды шеберлікпен орындаған Нағи Ілиясов 1945 жылдың 24 маусымында Мәскеуде өткен Жеңіс парадына қатысты. Соғыс аяқталған соң Қиыр Шығыстағы жапондардың желігін басып, екінші дүниежүзілік соғыстың өртін түбегейлі сөндіруге аттанған ол 1946 жылы аман-есен елге оралды.
***
Кеңес Одағының Батыры Нағи Ілиясовтың соғыстан кейінгі өмір жолы қиындыққа толы болды. Бірақ ол өмірінің асау толқынымен алысып, қайсарлықпен өзінің бағытын айқындап, адамгершілік соқпағынан табанын тайдырмай, адалдықтың ақ туына дақ түсірмей өмірден өтті.
Елге оралысымен Нағи Ілиясов соғыстан кейін халық шаруашылығын қалпына келтіру жұмыстарына білек сыбана кірісті. Партия, комсомол органдарында жауапты қызметтер атқарды. Белсенді және ыждағатты қызметімен көзге түскен оны облыс басшылығы 1948 жылы «Еңбек Қызыл Ту» орденімен наградтап, артынша Алматыдағы жоғары партия мектебіне оқуға жібереді. Оқуды аяқтағаннан кейін 1955 жылға дейін Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас аудандық партия комитетінде екінші хатшы, кейін Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің нұсқаушысы болды. 1956 жылы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы М.Сужиковтың шақыртуымен Қызылордаға оралған ол обкомда инструктор болып, артынша Тереңөзек ауданындағы (қазіргі Сырдария) Тереңөзек (қазіргі Қараөзек) совхозына директор болып тағайындалады. Малқора мен су ішетін құдықтың болмауынан, жем-шөп тапшылығынан мал басы азайған, қарапайым халықтың тұрмыс-жағдайы мүшкіл шаруашылықты қабылдап алады. Әуелі Қазақ ССР Сауда министрімен келісе отырып, совхозға бөлінетін ұн мөлшерін 2 есеге көбейтіп, ауыл шаруашылығы министрлігінен орталықты, шабындық, жайылымдарды суландыруға қаржы бөлгізеді. Азық-түлік пен суландыру мәселесі шешілген соң совхозға халық көп қоныстана бастады. Тас жолдан 30 шақырым қашықтықта Ақиін деп аталатын қырда орналасқан, жолсыз, жартылай шөлге салынған оншақты үйден тұратын совхоз орталығын стансаға жақын Жаңаарық учаскесіне көшіреді. Ол күндері Жаңаарықта совхоз орталығына жарарлықтай тұрғын үйлер, шеберхана орналастыратын орын, әлеуметтік ғимараттар жоқ еді. Қалың жиделі тоғай арасында әр жерге салынған 15 шақты үй, қалғандары бір-бірінен 8-10 шақырым қашықтықта орналасқан Қызылөзек, Айнакөл учаскелеріндегі тоқал тамдар болатын. Бас-аяғы 2 жылдың ішінде осы күнгі Қараөзек совхозының орталығы бой тіктеді. Орта мектеп, балабақша, асхана, қонақ үй, шаштараз, шеберхана, клуб, аурухана салынды. 1956 жылдың аяғында қойға жаңа қора, шопандарға екі бөлмелі үй салдыртып береді. Мұнан соң Ілиясов кенжелеп қалған мал шаруашылығын дамыту мақсатында Қараөзекке екі бірдей ғылыми зерттеу институтының филиалын алып келді. Қаракөл қой тұқымын асылдандыру жөнінде Самарқандағы бүкілодақтық Қаракөл ғылыми зерттеу институты директорының ғылым жөніндегі орынбасары М.Кошевойды алдыртады. Ал сиырдың тұқымын ет бағытындағы АҚШ-тың Техас штатынан келтірілген бұқамен асылдандыру үшін Алматыдан қазақтың мал шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының директоры Әбдірахман Еламановпен ақылдасып, ғылым кандидаты Безруков бастаған бір топ ғылыми қызметкерлерді шақыртады. Сөйтіп Қызылорда облысында малды қолдан ұрықтандыру бірінші рет осы совхоздан бастау алды. Мал шаруашылығын дамытудың жылдық жоспарын мерзімінен бұрын орындап, ет, сүт, жүн өндірісінің көлемін арттырғаны үшін Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің 1957 жылғы 19 желтоқсандағы №881 қаулысымен Тереңөзек қаракөл совхозы республиканың «Құрмет» кітабына енгізіліп, Құрмет грамотасымен марапатталды. Совхоз экономикасын ілгерілетудегі ерен еңбегі үшін 1958 жылы наурызда Нағи Ілиясовқа «Еңбектегі жетістігі үшін» медалі табыс етіліп, халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне қатысуға жолдама алады. Оның ауыл үшін жасаған тағы бір қомақты ісі – «Арысқұм» мал жайылымына барлау жасатып, өздігінен ағатын 7 құдықты бұрғылап беруі еді. Мұның игілігін ел бүгінге дейін көріп отыр.
1960-1962 жылдар аралығында облыстық «Заготскототкорм» тресінің директоры болған Н.Ілиясовқа мемлекет мүлкін талан-таражға түсірді деген айып тағылады. 1962 жылдың 17 желтоқсанында «Правда» газетінде жарияланған «Битая карта» деген фельетонда ат үстінде жүрген азаматтың ар-намысына дақ түседі. Онда Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Сәлімгерей Тоқтамысов пен оның қол астындағы бірқатар партия мүшелеріне карта құмар деген күйе жағылады. Обком басшысымен карта ойынында үнемі ұтылып, ұпайын түгендеп жүретіндердің бірі – Нағи Ілиясов дейді.
«...Всех должностей этого игрока не перечесть. Скажем только, что хозяйствование Н.Ильясова в качестве директора «Заготскотооткорма» обошлось государству в 1.092.800 рублей убытка и в 141 тысячу рублей растрат и хищений. Но даже это сокрушительное банкротство не помешало Ильясову занять еще одну руководящую должность: он стал заместителем председателя Джалагашского райисполкома», – деп жазады.
Бұл кезде елде Хрущевтің аласапыраны басталып, И.Юсупов секілді жандайшаптарының түкірігі жерге түспей, ысқырығы жер жарып тұрған еді. Қазақстанның құнарлы 4 ауданын Өзбекстанға беру жөніндегі бастаманы көтеріп, Кремльдің сүйіспеншілігіне бөленген И.Юсуповтың Д.Қонаевты биліктен ысырып, Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінің бірінші хатшысы лауазымында билігі күшейіп, құрығы ұзарған сәті болатын. «Правда» газетінде жарияланған мақаладан кейін араға ай салмастан обкомның 5 пленумы шақырылып, онда сөз сөйлеген И.Юсупов: – Карта құмарлардың барлығы өз кінәсін мойындады, олар өрескел қателіктер жіберді. Барлығы да жауапқа тартылатын болады, – деді облыс басшыларының жер жебіріне жетіп.Сол күні бұларға араша түскен ешкім болмады. Бәрі де адуынды басшының айтқанына бас изеп, айдағанына көнген сыңайлы.
Міне, осы сәттен қиянаттың қыл шылбыры мойнына түсіп, қолдан ұйымдастырылған әрекеттің құрбаны болған Нағи Ілиясов үшін нағыз қиямет кезең басталған еді. Ілиясов саладағы былық-шылықты әшкерелеу ниетімен обкомнан бастап прокуратураға, ішкі істер органдарына шағымданады. Бірақ мұнысы өзіне бәле боп жабысып, 1962 жылдың 19 қазанында мемлекеттің 1 млн 78 мың сомының малын талан-таражға салған деген айыппен Оңтүстік Қазақстан Крайкомында партия қатарынан шығарылады. Оның қолындағы заңды құжаттарды ешкім көзге ілмеді. Орталық Комитеттің бірінші хатшысы И.Юсуповтың ықпалымен жергілікті жерде тергеу барысы бұрмаланып, өзінің дәйектері өзіне қарсы қолданылды. Дүние мүлкі қатталып, тергеу біткенше жұмыс істетпей қояды. Қудалаудың зардабын отбасы мүшелері де тартты. Аяқ киім фабрикасында жұмыс істейтін жұбайы Гүлбаршын ең ауыр жұмысқа тартылып, баласы Ринатты жасы жетпейді деген желеумен мектепке қабылдамайды.
Әділдік іздеп, ақиқатқа жете алмаған Н.Ілиясов КСРО Бас Прокуроры Р.А.Руденкоға арыз жазып, «менің тағдырымды бас прокуратурада қаруыңызды сұраймын» дейді. Кремльдің дәлізінде ұнжырғасы түсіп, шарасыз күй кешкен, өткен-кеткен кісіге үмітпен қарап, оны сенімге жалғаған батырдың ісін КПСС Орталық Комитетінің Қазақстан бойынша өкілі Арзуманян назарға алады. Мәскеудің араласуымен іс оң сипат алады. Республика прокуратурасынан Зубченко, ішкі істер министрлігінен бір топ жауапты адамдар тергеуге араласып, Жалағаш, Қармақшы, Сырдария, Тереңөзек, Жаңақорған аудандарының «Заготскототкорм» басшылары шетінен жұмыстан босатылады. Іс материалдарын бұрмалаған деген айыппен облыста бірқатар шен-шекпенділер қызметінен шеттетіліп, қылмыстық жауаптылыққа тартылды. Мемлекет игілігін талан-таражға салған 50 адамжазаларын алады. Н.Ілиясов азаматтық арына да, сонау 1943 жылы Житомир түбіндегі кескілескен шайқастар кезінде қанмен жазылған партиялық билетіне де ақ түсірмей қайтарып алды. Осылайша Нағи Ілиясовтың 3 жылға созылған қылмыстық ісі оның толық ақталуымен аяқталды. Бұл кезде батырдың соңына түсіп құдалауға ұшыратқан И.Юсупов орнынан босап, Орал облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметіне төмендетілген еді. Н.Ілиясов Мемлекет басшысы Д.Қонаевқа жазған хатында: «Я хочу рассказать, что в результате незаконных действий тов. И.Юсупова, за последние два года пережил невыносимо тяжелые моральные, политические и физические трудности...» – деген.
1966 жылдың маусым айында Н. Ілиясов жаңадан құрылуға тиісті №1 Қазақстанның 50 жылдығы совхозына директор болып бекітіліп, оның бірінші қазығын қақты. Сол кезеңде облыста суармалы жерлерді игеру, су шаруашылығы нысандарын салумен бірге мамандандырылған күріш совхоздарын құру ісі де қатар жүрді. Аталмыш шаруашылық Тереңөзек күріш совхозының Карл Маркс бөлімшесінің негізінде құрылды. Бұрын-соңды күріш өсіріп көрмеген адамдарды жаңа кәсіпке үйрету, шаруашылықты қалыптастыру кезеңімен қат-қабат ұйымдастырылды. Нағи Ілиясов шыжыған күн мен аптап желдің өтінде жүріп, диқандармен бірге егіс басында түнеп, күріштің бабын жасап, берекелі іске өзі бастаушы болды. Алғашқы жылы шаруашылық 1700 гектар жерге күріш егіп, оның әр гектарынан 29,2 центнерден өнім алды. Жыл сайын егіс көлемі мен өнімділік арттырылып отырды. 1966-70 жылдар аралығында совхоз 457,8 мың центнер күріш өндіріп, шығымдылықты гектарына 40 центнерге жеткізді. Бес жылда 4 млн пайда келтірді. Аз уақытта ауылдың тұрмыс-тіршілігі көтеріліп, халқының ауызбірлігі артты, ырзығы молайды. Совхоз жұмысшысының жылдық орташа жалақысы 1380 сом құрады. «Главриссовхозстрой» мекемесі бастаған совхоз құрылысына өзі тікелей араласа жүріп, халықтың жұмыс істеуіне қолайлы өндірістік ғимараттар салғызды. Совхоз Одақтағы озат шаруашылықтардың қатарынан көрініп, Қазақстан мен Орта Азия бойынша ең арзан күріш өндірді. Әрбір центнер күріштің өзіндік құны 16 сом 76 тиынға түсті. Осындай мәртебелі сәтте Нағи Ілиясов «Еңбек Қызыл Ту» орденін екінші рет кеудесіне тақты. «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, ВДНХ-ның алтын медалімен, ЦК ВЛКСМ-ның, Қазақстан Жоғары Советі Президиуымының Құрмет грамотасымен наградталды. Совхозға сыйлыққа «Газ-69» машинасы берілді. Шаруашылықтың күріш өсірудегі озат тәжірибесін көруге тілшілер жан-жақтан ағылды. Ол газет мақалалары мен кинохроникалар арқылы бүкіл Одаққа тарады. Солай бола тұра, ел игілігі үшін тынымсыз жұмыс жасап жүрген батырға тасада жатып тас атушылар азаймады. Бірде ол Мәскеуге Минводхоз жиналысына баяндама жасауға кеткенде, орысша екіауыз сөздің басын құрап айта алмайтын адамдардың атынан өтірік жала жауып, жоғарыға арыз түсірткендер де болған. Арыз бойынша Мәскеуден арнайы жіберілген тексеріс Н.Ілиясовтың ешқандай қылмысы жоқ екенін анықтайды. Біреудің атын пайдаланып, жала жапқысы келгендердің діттегіні оны қызметінен тайдыру еді... 1972 жылы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Исатай Әбдікәрімов оны Сырдария ауданына қарасты Комсомол совхозының директоры қызметіне ауыстырады. Шыншыл, принципшіл адам ешкімге жақпайды. Бұл жерде де үстінен қайта-қайта арыз түсіп, тексеру көбейеді. Бірақ осы сынақтардың бәрінен ол қолы мен арының тазалығының арқасында сүрінбей өтіп, арызқойлар өз орларына түсіп жатты. 1976 жылдың мамыр айында облыс басшылығы жасы ұлғайғанын желеу етіп, обкомның еңбек ресурстарын пайдалану бөлімінің меңгерушісі қызметін ұсынады. Осы жерде 1981 жылға дейін қызмет жасап зейнетке шықты. 1986 жылы ауыр науқастан өмірден озды.
Кеңес Одағының Батыры Нағи Ілиясовқа тағдыр үш бақыт, үш өмір сыйлады. Ол отызыншы жылдардағы ашаршылықтан аман қалды. Бұл – оның бірінші бақыты әрі бірінші өмірі. Ұлы Отан соғысында үш рет жараланса да, «Кеңес Одағының Батыры» атағын алып, елге аман-есен оралды. Бұл – екінші бақыты, екінші өмірі. Жалған айыптар тағылып ұзақ уақыт қудаланды, партия қатарынан шығарылды, қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бірақ ешкімде сағын сындыра алмады. Әділдік орнады. Кінәлілер жазасын алды. Соғыс кезінде алған партия билетіне дақ түсірмей қайтып алды. Бұл – оның үшінші бақыты және өмірі еді. Ақиқатында қан майданда етігімен су кешкен, мұз төсеніп, қар жастанған, оқ пен оттың ортасында жүріп өр рухын өшірмеген. Соғыстан кейін құлдыраған елдің іргесін нығайтып, еңсесін тіктеген, облыста үш бірдей совхозды басқарып, оның екеуін қолдан құрған, оларды алдыңғы қатарлы шаруашылық қатарына көтерген Кеңес Одағының Батыры Нағи Ілиясовтың соғыстан кейінгі елге жасаған еңбегі қандайда болсын жоғары марапатқа лайық еді. Алайда тасада жатып тас атушылардың көптігінен еңбегі еленбей қысастықты көп көргенін айтпағанда, жан баласына жағымпаздануды білмейтін турашылдығы мен принципшілдігі басшыларға ұнамаған секілді...
Иә, азаматтың абыройы оның атақ-даңқымен емес, ел үшін жасаған еңбегімен өлшенеді. Олай болса, бүгінгі бейбіт күн, жарқын болашақ үшін күрескен батырдың есімі халқының жадынан мәңгі өшпек емес. Ол туған ауылының төрінде елінің жеткен жетістігіне марқайып, өрліктің, ізгіліктің, тазалықтың биігінен қарап тұр.
Батырдың ерен ерлігі мен жасампаздық жарқын ісін ұлықтау – бүгінгі буынның асыл мұраты болып қала бермек.
Айсұлу ҚАСЫМОВА