Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұрпақ сабақтастығы жаңғырды

Ұрпақ сабақтастығы жаңғырды

«Отбасындағы көздің қарашығындай сақталған ескі құжат ішінен мына тозығы жеткен, сарғайған парақтардан әкемнің қолжазбасын таныдым. Ол кісінің өте сауатты болғанын аңғару қиын емес. Жазулары біркелкі. Онда түсінікті етіп өзінің өмірбаянын жазған екен. Көне жазудан әкеміздің өміріндегі қиын-қыстау кезеңі мен соғыс жылдары, одан кейінгі кездегі мағыналы ғұмыры баяндалған» делінген газетіміздің поштасына келіп түскен хатта. Енді оқырман назарына сол қолжазбаның иесі Дәулет Жағыпарұлы туралы жазылған естелікті ұсынамыз.
Дәулет Жағыпарұлы 1922 жылы 12 наурызда дүниеге келген. Оның әкесі діни сауатты, ауылда бала оқытқан, атақты Дәулетназар ахунға шәкірт болған кісі екен. Сегіз жасында мектепке барған бала Дәулет бір жыл өтпестен, әкесі «қожа-молда» деген атаққа ілініп, қуғынға ұшырауына байланысты оқуын тоқтатады. Атасының үйде берген білімін алған жас бала 1932 жылдағы ашаршылыққа байланысты отбасымен Ташкентке жол жүреді. Ташкенттен қоныс таппай, Тәжікстанның Қорғантөбе деген же­рінде, Қазантерек деп аталатын шағын қыстаққа жаяулап жетіп, сонда екі жылдай өмір сүреді. Жағыпардың діни сауаты өте күшті болғандықтан халық оны Қазантерек мешітінің имамы етіп қояды. Бала оқытып, уағыз айтып, халық арасында мәртебесі көтеріледі. Бұл жақта ол тоқшылықта өмір сүреді. Алайда ұлы Мәмбет отбасымен елде қалғандықтан соны сағынып, туған жерге қайтып келеді.
1935 жылдың қараша айында елге қайта келген Дәулет Жағыпарұлының отбасы қайтадан жоқшылыққа ұшырай­ды. Өлместің күнін көріп, келер жылдың ерте көктемінде жерге егін салып, пісімгершілікке әупірімдеп жетеді.
Көзі ашық Жағыпар ақсақал ба­ласының оқуына мүмкіндік жасайды. Ұлын Аламесектегі интернатқа беріп, бір жылдан соң қаладағы 1 май мектебіне оқуға береді. Сонда 7 жылдықты бітіргеннен соң Қызылорда қаласындағы педаго­гикалық училищенің даярлық курсынан өтіп, кейін училищеге оқуға түседі. Алайда оқуын жалғастыруға мұршасы болмай, денсаулығы сыр береді. Бір жыл бойы ауруханада емделгеннен соң үш айлық есепшілік курсты тәмамдап, Жамбыл атындағы колхоздың есепшісі болады.
Ұлы Отан соғысының оты өршіп тұрған 1943 жылы әскер қатарына шақырылған Дәулет Жағыпарұлы қаңтардың қақаған суығында Орал әскери округінің 59-атқыштар пол­кінде 6 айлық сержанттық оқуды бітіреді. Әскер қатарында 1947 жылға дейін Отан алдындағы борышын өтеп, елге аман-есен оралады. Қадірменді қария Ұлы Отан соғысына қатысқаны үшін «Отан соғысы» орденімен, «Жеңіс», медалімен және көптеген наградалармен марапатталған.
Соғыстан кейінгі жылдары ауыл­дың өсіп-өркендеуіне атса­лысқан Дәулет Жағыпарұлы 1953 жылы Ақжарма ауылдық кеңесінің төрағасы болады. Сонан соң партком хатшысы, колхоз төрағасының орынбасары қызметін атқарады. 1956-1960 жылдары ауылдағы дүкенге меңгеруші болады. 1960 жылы Абай атындағы колхоз «Ильич атындағы совхоз» болып қайта құрылғанда, білікті есепші совхоздың экономикасын дамытуға үздіксіз 25 жыл бойы атсалысып, құрметті зейнет демалысына шығады.
Ауылдың «Қадірменді ақсақалы» деген атағын иеленген қария өмірінің соңына дейін ауылдағы «Басапа имам» мешітінде имам болып, ауыл тұрғындарына діни қызмет көрсетеді. 2000 жылы 78 жасында дүниеден өткен ақсақал өзінің өнегелі өмірінде кітап оқудан қол үзбеген. Ауылдың тыныс-тіршілігіне үнемі араласып, жиын-тойларда батасын беріп, өз шығармашылығынан өлең оқып, ұрпақ тәрбиесіне көңіл бөлген. Ақсақалдың өмірлік жары Ханша­йым 13 құрсақ көтерген, 10 бала тәрбиелеп өсірген алтын алқалы «Батыр ана». Бүгінде өсіп-өнген әулеттің ұрпақтары алып бәйтеректей тамырын тереңге жайды. Еліміздің түрлі саласында еңбек етіп, ұлағатты ұл-қыз өсіріп отырған бір-бір шаңырақ иесі.
Қадірменді қарттың қызы Гүл­жамал апа:
– Марқұм әкем елге төнген зұлым фашизм туралы айтқанды жөн көрмейтін. Дегенмен оның әкесі Жағыпар екі бірдей баласын әскерге аттандырғанда қасиетті Рамазан айы болған екен. Айнала жарық болып кетіп, әжем күміс тостақанға ұқсайтын сынап секілді доп-домалақ шарды көріпті. Бұл Қадір түні болса керек-ті. Әжем далада екі қызымен жатқанда бар дауысымен: «Жақа, Жақа! Шық, шық!» деп айқалай беріпті. Әбден шаршаған атам, орнынан тұра алмай, қақырадан шығуға әлі келмей, «Реке, Реке, тілегіңді тіле. Мен жете алатын емеспін!» деп жылап жіберіпті. Әжемнің бар тілеуі: «Екі балам соғыстан аман келсін» деп айтыпты. Қол-аяғы дірілдеп кеткен әжемнің басқа айтуға да шамасы келмепті. Жарықтық, әжем текті жердің қызы еді. Ол «Әкем ағып жатқан суды теріс ағызатын көріпкелдігі бар кісі болатын» деп айтып отыратын. Қариялардың тілеуі қабыл болған болар, балалары елге аман-есен оралып, әкем Дәулет 10 баланы өсіріп, оқытты, – дейді.
«Адам ұрпағымен мың жасайды» демекші, бүгінде тамырын тереңге жайған үлкен әулеттің ұрпағы өнегелі ғұмыр кешіп, ұрпақ сабақтастығын жаңғыртып келеді.

Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ
05 мамыр 2020 ж. 556 0