Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ИШАНДАР ӘУЛЕТІ

ИШАНДАР ӘУЛЕТІ


Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында елімізде көптеген шаралар бастау алып, рухани серпіліс туғызуда. Аталған бағдарламада тағлымы мол тарихымызды зерделеуге, төлтума мәдениетімізді қолдауға қатысты нақты міндеттер атап көрсетілген.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Туған жердің әрбір сайы мен қыстасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы көптеген аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған бір туар перзенттер болған. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуі тиіс» – деген.
Елбасының идеясы тоқсанның төріне шыққалы отырған мен сияқты көне көз қарттарды да толғандырғаны анық. Осындай толғаныстан қолыма қалам алып, Сыр бойында өткен ғасырда өмір сүрген, халқының санасына Жаратқан иеге деген сенімді күшейтіп, жас ұрпаққа өнегелі тәрбие беріп, сауаттандыруға көп еңбек еткен, бүгінгі күні есімдері ұмыт бола бастаған Арысбай әулетінен тараған: Ыбырай, Сүлеймен, Қамар ишандар жайлы өскелең ұрпақтың есіне салуды жөн көрдім. Сондай-ақ бір ақынның өлең жолдары да көңіліме түрткі болды.
Жасын болып тигенмен жатқа бабам,
Ала жіптен қазағым аттамаған.
Атқа қонған жеріне қорған болып,
Топырағын өзгенің таптамаған.
Ардақтаған айбынын адал ардың,
Тұлғаларым тұрғанда табалар кім?!
Келер ұрпақ кешпейді егер бүгін,
Тірілтпесек рухын бабалардың.
Сырдария ауданына қарасты Қалжан ахун ауылындағы, бұрынғы «Үлгі» колхозының өңірінде Теке табынның Бөдік аталығынан тараған Тасбек деген кісінің Арысбай атты баласы болған, ол кісі Сырдария өзенінің жағалауында егін егіп, диханшылықпен айналысқан. «Арысбай аңызы» деп аталып кеткен, қазіргі Қалжан ахун ауылының «Қараман ағашы» төңірегінде 10-15 гектар жерге тары, бидай егіп, өзінің отбасын, туған-туыстарын асырап, баққан. Арысбайдың елге аңыз болып кеткен киелі екі ала өгізі болған, сол екі өгізімен диханшылықты өмір бойы кәсіп еткен.
Арысбайдың: Ыбырай ишан, Оспан жырау, Сүлеймен ғұлама, Тәуекел атты төрт ұл балалары болған. Үлкен ұлы Ыбырай 1879 жылы дүниеге келген, ол жастайынан өзінің зеректілігімен, талапшылдығымен ерекшеленіп, ілім іздеп Бұхараға барып білім алған. Бұхарадағы оқуын үздік бітіріп, «ишан» дәрежесіне қол жеткізген. Арысбайұлы Ыбырай ишан өзінің туған жері Сыр өңірінде өмір бойы Ислам дінін насхаттап, халыққа қызмет етіп, бала оқытып, ұстаздық етті. Ыбырай ишанның дүниетанымы софылық философияға негізделсе, ұстанған жолы Имам ағзам Әбу Ханифа мазhабы болған. Ол өзінің 30-40 шақты муридтерімен бірге мешітте Аллаға зікір айтып, ғұламалығымен, Аллаға деген шексіз құлшылығымен ел арасында аты кеңге жайылған. Ыбырай ишанның ізгі істерін естіген, Ақишан деп аталып кеткен діни ғұлама Арабия мемлекетінен Ыбырай ишанмен дидарласуға арнайы келеді. Арада бір-екі жыл өткенде Ақишан еліне қайтпақшы болады, алайда кеңес үкіметі орнап, шекара жабылып, еш құжатсыз келген Ақишанды еліне қайтару біраз қиындық тудырады. Осы мәселені шешу үшін Ыбырай ишан сол төңіректегі елге сыйлы ошақты Ешмұрат биге хабарласып, Ақишанды еліне қалайша қайтаруды ақылдасады. Сөйтіп елдің игі жақсылары болыс Найзабайдың Әбдуі берген анықтама құжатпен Ақишанды еліне шығарып салады. Ыбырай ишан 1933 жылы, елге келген эпидемиядан науқастанып қайтыс болады.
Арысбайдың екінші ұлы Оспан да діни сауаты мол, ақынжанды кісі болған, ол діни қызметпен айналыспай халқына өлеңдерін, жырларын арнап өмірден 1933 жылы елге келген дерттен, тырысқақ ауруымен науқастанып, қайтыс болып, ағасы Ыбырай ишанмен бірге Боқайлар зиратына жерленген.
Арысбайдың үшінші ұлы Сүлеймен жас кезінде, жол азығына бір пұт бидайды арқалап Бұхараға оқуға барады, бір жыл «Көкілташ» медресесінде оқып, демалыс уақытында еліне оралады. Сол кезде әкесі Арысбай өзінің жасының ұлғаюына байланысты, Сүлейменді оқуын жалғастырмай елде алып қалғысы келетін ойын Қалжан ахунға жеткізіп, ақыл сұрайды. Қалжан ахун Сүлейменнің зеректігіне, сауатының жоғары екендігіне көз жеткізіп, Сүлейменді өзіне шәкірт етіп, әрі жас балалардың сауатын ашатын оқытушы етіп алып қалады. Сүлеймен өз білімін әрі қарай Қалжан ахуннан оқып, толықтырады, араб, парсы тілдерін игереді. Мен өзім Сүлекеңнің (Сүлеймен) араб тіліне жетік екендігіне куә болдым, ол кісінің шешен халқының ғұлама молдаларымен арабша тілдескенін өз құлағыммен естідім. Сүлеймен молда ғұламалығымен, парасаттылығымен халқына, еліне сыйлы болды. Алайда кеңес үкіметі діни насихатпен айналысуына мүмкіндік бермей қуғындайды. Айдалып кету, атылып кету қасіреттерінен сол кездегі білікті, иман жанды адамдардың көмегімен аман қалып, өзінің сауаттылығының арқасында колхоздарда есепші, қойма меңгерушісі болып жұмыс жасайды. Тек соғыс және онан кейінгі жылдары халықтың өтініші бойынша молда болады.
1946 жылы жергілікті ақсақалдардың өтініші бойынша «1-Май» колхозына (қазіргі С.сейфуллин ауылы) көшіп келіп, имамдық қызмет атқарады. Мен сол ауылда 1947 жылы ауылдық кеңес хатшысы қызметін атқарған болатынмын. Сүлекең бір күні үйіне шақырып алып, маған өзінің Қызылорда пединститутында оқып жүрген студент баласы Шахабаддинді таныстырды, екеуміздің Жалағашқа барып, ондағы үлкен ақсақалдарға сәлем беріп, танысып қайтуды тапсырды. Сонымен Шахабаддин екеуміз екі атқа қонып, Жалағаш ауданының «Калинин» атындағы колхозда тұратын өзімізбен аталас, туыс болып келетін ақсақалдарға сәлем бере барып танысып, сұхбаттасып қайттық. Сол ақсақалдар менің өз атам Бәймен ахунды, әкем Әбдіхалықты да жете білетіндіктерін айтып, ол кісілер жайлы бұрын-соңды мен естімеген өмір деректерінен хабардар етті. Бұл оқиға Сүлеймен молданың терең ойлы, парасатты кісі екендігінің дәлелі. Осының бәрі ескі мұраны теріске шығарып «Атеизм» рухында тәрбиеленген біздерді, тегіміздің кім екенін сезінсін деген ойы екендігін енді ғана түсінудеміз. Жарықтық Сүлекең 66 жасында 1952 жылы 4 ақпан күні қайтыс болып, қазіргі С.сейфуллин ауылындағы Жөлекен молда зиратында жерленді. Сүлейменнің Шахабаддин атты ұлынан тараған ұрпақтар қазір Қызылорда қаласында тұрады.
Арысбайдың төртінші баласы Тәуекел жастай қайтыс болып, артында ұрпақ қалмаған.
Әңгімеміз енді Ыбырай ишан ұрпақтары жайлы болады. Ыбырай ишанда 4 ұл бала болған, үлкен ұлы Шәмші – ғұлама, екінші ұлы Қамар ишан, үшінші баласы Бәдір және кенже баласы Абдулла. Шәмші өз әкесінен сауаттанып, Бұхарада оқуын жалғастырып, ғұламалар санатында болған. Ыбырай ишанның екінші ұлы Қамар Бұхарада оқып, ишан шатырхатын (ишан дәрежесінің куәлігі) алып, елге оралған. Алайда кеңес өкіметі үстемдік еткен дәуірде ағайынды екеуі де өз білімдеріне сай, халыққа қызмет етуге мүмкіншіліктері болмаған. Ыбырай ишанның Шәмші мен Бәдір атты балалары 1933 жылы елге келген эпидемиядан науқастанып қайтыс болған. Қамар ишан өмірінің соңына дейін өз біліміне сай қызметпен айналысуға мүмкіндігі болмай, Тереңөзек ауданының «Бостандық жолы» колхозында колхозшы, Тереңөзек поштасында қарауыл болып жұмыс жасаған. Соғыс кезінде еңбек майданына шақырылып, Кентаудағы «Мерғалым сай» шахтасында жұмыс істеп жүрген кезінде 56 жасында қаза тапқан. Қамар ишаннан Мұса атты ұл бала қалған. Ыбырай ишанның кенже баласы Абдулла да өзінің бүкіл өмірін Қалжан ахун ауылындағы орта мектепте мұғалім болып, ұстаздық жолында өткізді. Тереңөзек топырағында бір әулеттен тараған, жоғары да аттары аталып, баян етілген бірнеше ғұламалардың өмір сүргендігін халқымыз ұмытпай, жадында сақтап, кейінгі ұрпаққа үлгі, өнеге еткені жөн.
Сондай-ақ өзіміздің Сырдария ауданының өңірінде Басапа ишан, Бабан ишан, Бәймен ахун, Құлболды ишан, Қожжан қожа, Қалжан ахун, Мақсұмсейіт, Мақсұт ишан, Садық ахун, Сайыпназар ахун, Тапал ахун, Әмір-Темір ишан, Ыбырай ишан, Қамар ишан тәрізді ишандар мен ахундар және де Оспан, Жөлекен, Жүсіп, Сақтаған, Сүлеймен, Жақып т.б. молдалардан дәріс алып, сауаттанған мыңдаған қазақтар болғаны анық. Осы негізде кеңес өкіметі. «Қазақ халқының 2 пайызы ғана сауатты болды» - деп кемсіткендігі тарихи шындыққа сай келмейді.
Менің бұл мақаланы жазудағы мақсатым өзіміздің Сырдария ауданымыздың топырағында туып өскен, жоғары да аты аталған ишандар мен ахундар және ғұлама молдалардың ағартушылық қызметінен бүгінгі және кейінгі ұрпақтардың да хабары болып, олардың ісінен өнеге алып, ұлттық рухын жаңғыртуға өз үлестерін қосатын болса деген тілек еді.


Р.Бәйменов,
тыл ардагері, Сырдария ауданының
Құрметті азаматы
15 мамыр 2018 ж. 2 249 1

Гость JeaOrer от 4 ақпан 2019 15:49
Levitra Dosage Pharmacie Online Pharmacy Propecia Prices Cialis Bruciore Di Stomaco cialis canada Cheapest Cialis Online Xenical Manufacturer Coupon