Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Халқына қорған, ұрпаққа ұран болған Нағи

Халқына қорған, ұрпаққа ұран болған Нағи

Соғыс деген сұрапылдың отты жылдарында толарсақтан қан кешіп, жаумен шайқаста ерлік көрсеткен жауынгерлер есімі ешқашан ұмытылмақ емес. Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына биыл жетпіс бес жыл толып отыр.Ұлы Отан соғысын көзбен көріп, Отан үшін от кешкен, бораған оқ пен отқа кеудесін төсеп, алапат майданнан аман қайтқандардың бірі Кеңес Одағының Батыры Нағи Ілиясов.
Майдан даласында Отан үшін от кешкен батырларымыздың ерлігі-бүгінгі ұрпақ біздерге үлгі өнеге. Облыстық мемлекеттік архивінде сақталған жеке тектік қорлардың қатарына Кеңес Одағының батыры жерлесіміз Нағи Ілиясовтың құжаттары сақталуда. Бұл құжаттарда батырдың өмірдеректері, ерен қасиеті бойына дарыған, ұлттық рухымызды дәріптейтін ерліктері баяндалады. Биыл Кеңес Одағының Батыры Нағи Ілиясов туғанына 100 жыл толып отыр.
Нағи Ілиясов 1920 жылы 18 сәуірде Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданының «Қызыл коммуна» колхозында кедей шаруа отбасында дүниеге келген. Ата-анасынан жетім қалған Нағи 1928-1936 жылдары Арыс және Ташкент балалар үйінде тәрбеленген. Алдына үлкен мақсат қойып болашаққа үлкен сеніммен қараған ол 1936-1939 жылдар аралығында Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінде жұмысшылар факультетінде, одан соң педагогикалық училищесін бітірген. 1939-1941 жылдары Ташкент маңындағы Жоғарғы Шыршық ауданындағы орта мектепте тарих, қазақ тілі пәндерінен сабақ берді. 1941 жылы туған еліне оралып, Қызылорда облысына қарасты Тереңөзек ауданындағы Жәдігер мектебінде неміс тілі мен тарих пәнінің оқытушысы болып жұмыс атқарып, үлгілі оқытушы деген атақпен жергілікті газетке шықты. 1942 жылы Қызыл Әскер қатарына алынып, Отан қорғау үшін майданға аттанды. Ұрысқа Сталинград майданындағы 152-атқыштар бригадасының жеке артиллерия дивизионының барлаушысы ретінде Астраханға таяу маңда Халкутта поселкесінде алғаш рет қатысады. Астрахань қаласынан 80 км жерден фашистерді қуа отырып Берлинге дейін жетіп, Элиста, Ростов, Донбасс, Киев, Житомир қалаларын азат етуге қатысқан. Батырдың Ұлы Отан соғысының тарихындағы аса ауыр шайқастарының бірі болған Будапешт операциясы еді. Ол төрт айға созылды. 1944 жылдың желтоқсан айында Румыния арқылы № 99-шы Қызыл Ту атқыштар дивизиясының барлаушылар взводына Венгрияда Дунай өзенінінің жағалауына өтіп, плацдарм алу керектігі бұйырылған еді. Осы ұрыс кезінде Нағи Ілиясов оң жақ санына оқ тиіп жараланады. Венгр халқының бестен бір бөлігі тұратын осынау қала мәдени және тарихи ескерткіштерге өте бай еді. Сондықтан кеңес әскерлері қаланы бүлінуден сақтап қалу мақсатында ұрыс кезінде ауыр артиллерияны қолданбай, бар күш жігерлерімен жауға қарсы шайқасады.
1944 жылы 5 желтоқсанда осы Нағи бастаған бөлімше Дунайдың сол жағалауына қайықпен түсті. Тапсырма бойынша Дунайдың ортасына жеткенде жасыл ракетамен белгі берілуі керек еді, сол кезде оң жақтағы бөлімше жоғарғы жақтағы неміс қорғасын атқылауы керек еді. Ал жасыл ракета атылғаннан кейін, оларды байқап қалған жау шебі пулеметпен оқ жаудырды. Барлаушылар міндеті - Дунайдың арғы бетіндегі жау бекінісін алу. Батарея командирі майор Семенов, барлаушы Ілиясов және Ивановқа барлығы жеті адамға - жау бекінісін талқандау міндеті жүктелген.
Ок жаңбырша жауып тұр, екі барлаушы өзен бойында оққа ұшты.Алға қарай ілгері жылжуға жау дзоты атқылап мүмкіншілік берер емес. Ілиясов өз бөлімшесімен бірге өзен бойымен еңбектей келіп, бір тар шатқал арқылы жоғары көтеріліп, неміс траншеясына граната лақтырып, автоматпен атқылай бастады. Жүздеген жауды өлтіріп, оларды траншеядан қуып шықты. Будапешт тас жолын бойлай жүріп, Будапешт арқылы Ерши қаласына бара жатқан оқ-дәрі тиелген 17 жау көлігін байқап қалды. Оларға оқ жаудыра отырып, барлығын да қолға түсіреді. Тағы да жолда Марянказа деревнясына баратын жолда 9 оқ - дәрі тиелген жау машинасын талқандап, артынша деревняға кіріп, жау штабын жойды. Сол жерде Ілиясов аяғынан жараланды. Сонда да майдан алаңынан шықпастан, көмекке келген бөлімшелерімен бірге Будапешт - Ерши темір жолын кесіп тастады. Жүктелген тапсырманы орындап Дунайдың оң жағын жаудан тазартып, ол жерге негізгі күшті орналастырды. Будапешт азат етілгеннен соң, Н. Ілиясовты емделуге госпитальға жіберді.
Дунай өзенінен өтіп Венгрия астанасын неміс басқыншыларынан азат етудегі көрсеткен батырлығы мен ерлігі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының шешімімен Нағи Ілиясовқа 1945 жылы 9 сәуірде Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, Ленин ордені мен «Алтын Жұлдыз» медалі қоса тапсырылған. Майдан даласында көрсеткен ерліктері үшін I-Дәрежелі Отан соғысы, III-Дәрежелі Даңқ ордендерімен, «Германияны жеңгені үшін», «Ерлік еңбегі үшін»,«Будапешті алғаны үшін»,«Венаны алғаны үшін» және тағы басқа орден, медальдармен марапатталған.
1945 жылы 24 маусымда Қызыл алаңдағы Жеңіс парадына қатысу құрметіне ие болды.
Нағи Ілиясов Венгрия Республикасының Құрметті азаматы, екінші дүниежүзілік соғысында Венгрияға бостандық әкелген солдаттардың бірі екенін біз мақтан ете аламыз.
Соғыс аяқталған соң бейбіт өмірге оралып, туған жерінде партия шаруашылық жұмыстарын атқарған. 1946 жылы қаңтар айынан бастап Нағи Ілиясов облыстың партия комитетінде нұсқаушы, онан соң облыстық комсомол комитетінің кадр жөніндегі хатшысы қызметін атқарды, сол жылы облыстық және қалалық партия комитетінің пленум мүшесі, сонымен қатар облыстық және қалалық кеңестің депутаты болып сайланады. 1948 жылы Нағи Ілиясов Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталады. 1952-1955 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас аудандық партия комитетінде 2-ші хатшы, 1955-1956 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің нұсқаушысы қызметін атқарған. 1956-1960 жылдары Тереңөзек ауданындағы Қараөзек совхозының директоры, 1960-1962 жылдары облыстық мал бордақылау-дайындау тресінің директоры, 1962 жылы Жалағаш аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, 1964-1965жылдары Сырдария ауданы Комсомол совхозы №2 бөлімше меңгерушісі, 1965-1966 жылдары Сырдария ауданы ауыл шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары болып қызмет атқарды.1966-1972 жылдары туған ауылында күріш совхозын ашып, оның алғашқы директоры болды. 1972-1976 жылдары Сырдария ауданы Комсомол совхозының директоры, 1976-1981 жылдары Облыстық атқару комитеті еңбек ресурстарын пайдалану бөлімінің меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарып, 1981 жылы Одақтық дәрежедегі зейнетке шыққан. Зейнетте жүріп Кеңес – Венгр Одағының мүшелігінде көптеген қоғамдық жұмыстар атқарды. 1987 жылы 17 қыркүйекте Қызылорда облыстық халық депуттары Кеңесі атқару комитетінің шешімімен Қызылорда қаласындағы Садовая көшесіне , 1987 жылы 18 қарашада Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің № 513 қаулысымен Қызылорда қаласындағы № 9 орта мектебіне, 1991 жылы 27 желтоқсанда Тереңөзек ауданы Қазақ КСР-нің 50 жылдығы атындағы совхозға Кеңес Одағының Батыры Н.Ілиясовтың есімі берілді. Өмірінің әрбір күні тарихқа толы тұлғаның артына мұрат етіп қалдырғаны көп. Н.Ілиясов елі үшін шайқасты, елі үшін еңбек етті. Алдына қойған мақсатын орындап шығу үшін қанша қиыншылық болса да қажымай, тарықпай, табанды болуға үндеген қазақтың қайсар рухты, ер тұлғалы азаматы екенін естен шығармай, есімін мәңгі ұмытпайық!

А.Әлиасқарова,
Қызылорда облысының
мемлекеттік архивінің
археографы 
27 наурыз 2020 ж. 1 112 0