Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » КЕУДЕСІН ОҚҚА ТОСҚАН БАРЛАУШЫ

КЕУДЕСІН ОҚҚА ТОСҚАН БАРЛАУШЫ

Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің және Нағи Ілиясов ауылдық округі әкімінің қолдауымен ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру”, ”Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары аясында Нағи Ілиясовтың туғанына 100 жыл толуына орай ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Байтақ елдің батыры» тақырыбында жазба ақындар мүшайрасы өткізілді.
Міне, Кеңес Одағының Батыры атанып, ерен еңбегімен ел-халқының жадында қалған Нағи Ілиясовтың өшпес ерлігі әлі күнге бүгінгі буын ұрпақтары арасында жаңғырып келеді. Сахнада қаз-қатар тізілген жас ақындар ауданға қарасты елді-мекендер мен кент орталығынан келіп, өз бақтарын сынауға дайын тұр. Көкейде сан сауал туындаған мезетте жас болса да көпшілік алдында танылған кейбір сөз шеберлері орамды ойымен Батыр бейнесін, һәм болмысын суреттеп, жеткізуге тырысты. Халықтың біраздан поэзия әлеміне тереңнен сүңгімегені көрініп тұр. Әрқайсысы жыр шумақтарымен кейіпкерінің өмір жолын, майдандағы ерлігін, жантөзгісіз қияметті күнде тығырықтан шыққан тапқырлығын кеңінен аша түсті. Соғыс жылдарында көрген тауқыметін келер ұрпақ басына бермеуін тілеген жауынгер талай мәрте ерлікпен аты шығады.
Биыл Жеңістің 74 жылдығы қарсаңында жауынгердің өшпес ізін өшірмей көпке дәріптеген жас ақындардың қатарында мектеп оқушыларының белсенділігі жоғары болды. Олардың өнеріне баға берген әділқазылар қатарында ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Төребек Жұмабекұлы, аудандық мәдениет үйінің мәдени ұйымдастырушысы Әбдірайым Тоқаяқов болды. Мүшәйра қорытындысында он бір ақынның ішінен жүйрік шыққан қоғалыкөлдік Әсел Зұлпар бірінші орынды, екінші орынды нағилық Бекжан Маханбетов, үшінші орынды тереңөзектік Зарина Жарболова, Ақмарал Кәдірхан, шіркейлілік Рахматолла Мұстафаев еншіледі. Өз кезегінде барлық жеңімпаз бен қатысушы талапкерге арнайы Алғыс хат, Диплом, бағалы сыйлық тапсырылды.

P.S. Мүшәйраның қорытынды­сын ақылдасып отырғанымызда Төре­бек әкей: – Байқайсыңдар ма, жаңағы сахнаға шыққан ақын­­дар Нағидың соғыстағы бір ерлігін айтпай кетті. Ол кісі кескілескен жаумен бетпе-бет келіп, қаңғыған оққа кеудесін тосып, барлаушы болғаны назардан тыс қалған секілді, – деді. Бұл біздің алдағы өмірде сабақ болары сөзсіз. Осы бастан ардагердің сөзін жадыма түйіп, Нағи Ілиясовтың «Жауынгер жолы» кітабын қолыма алып, өткен ғұмырымен танысуға яки соғыс жылдарындағы басындағы ауыртпалығын сезінуге кірісіп кеттім.

Б.ОРДАБЕКОВ
09 мамыр 2019 ж. 1 171 0