Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жат жердегі жігіттің әңгімесі

Жат жердегі жігіттің әңгімесі

Менің қолыма Платон (шын есімі Анатолий Әментайұлы) атымен жарияланған «Хандық» деген атаудағы 42 беттік орысша қолжазба түсті. Онда Қоғалыкөлде дүниеге келіп, Сырдария аудандық әскери комиссариаты арқылы майдан даласына аттанған Әментай Мұстапаұлы Нұралиев туралы айтылыпты. Сырдариялық майдангер – миллиондаған жауынгерлер секілді Жеңіс таңын қарсы алған жанның бірі.
Немістің бәрі кеңес әскерін ұната қоймады деп айтуға болмас. Демократиялық социалистік қоғам құруды қолдайтындар кеңес әскерінің Германияға келуін фашизмнен азат етушілер деп қабылдағандар болды. Сондай жанның бірі Платонның нағашы атасы болған көрінеді. Ол отызыншы жылдары астыртын ұйымға берілген қызыл туды желбіретіп, кеңес әскерін зор қуанышпен қарсы алады. Өздерін жақсы қарсы алған мұндай жандарға барынша қолдау көрсетілген. Әйелі мен тоғыз бала және немерелері бар бұл отбасыға әскери қордан азық-түлік бөлінген. Соғыстан кейінгі елдің жағдайы түзелгенше Германияда қалған әскери комендатураның аға лейтенанты Әментай Нұралиев осы үйде тұрыпты.
Қазақ жігіті әлгі қарттың Херта деген қызына ғашық болып қалады. Ұзын бойлы, тартылған сымдай шыңдалған сымбатты офицер неміс қызының да жүрегіне шоқ тас­тап жібергендей. Екі жастың арасында сезім оты алаулап, бұл комендатура басшылығына жетеді. Комендант орыс майоры Әмен­тайды өзіне шақыртып алып:
– Әментай, соғыста жараланып, өзіңнің офицерлік арыңа дақ түсірмей, Жеңістің жақындауына үлес қосқан азаматсың. Сенің неміс қызымен ара қатынасың жоғарғы жаққа жетті. Ал неміс халқымен мұндай байланыс жасаудың соңы немен аяқталатынын түсінетін боларсың. Талап қатал. Менің ақылымды тыңдап, демалыс алып, еліңе бар. Ол жақтан өз еліңнің қызын әкеліп, осында үйленесің. Содан кейін мен сені әскерден босатып, еліңе жіберемін, – депті.
Бұдан басқа жол да жоқ. Мұны Херта мен оның ата-анасына жеткізеді. Олар амалсыз осы шешімге келіседі.
Арада біршама уақыт өткен соң ауылдан төрт мың шақырым жердегі саксондық шағын қалада Әментай мен Әнипаның үйлену тойы өтеді. Тойдан кейін аға лейтенант Ә.Нұрғалиевті басқа қаладағы әскери гарнизонға жібереді. Міне осы аралықта неміс қызы Хертаның айы, күні жетіп, шекесі торсықтай ұл дүниеге келеді. Отыз шақырым жердегі Херта мен баланың хал-жағдайын білу үшін арагідік Әментай барып тұрған. Соғыс біткен соң кеңес әскері елге оралып жатты. Әментай Мұстапаұлы да жүрегінің жапырақтай бөлшегін жат елде қалдырып, майдан даласынан елге келеді.
Неміс қызы Херта 1953 жылы Берлинге қоныс аударып, тұрмыс құрған. Баласына жақсы тәрбие берген ана оның кадет корпусының курсанты болғанын қалайды. 1958 жылы мың талапкерден үздік шыққан 52 курсанттың арасында жас жігіт те болды.
Ата-әжесінің тәрбиесіндегі бала он алты жасқа толғанда өзінің тегі туралы отбасындағы күбір-сыбыр әңгімеден құлағдар бола бастайды. «Нұралиев» деген тегін жадында сақтайды. Өзінің әкесі, оның елі туралы білуге тырысады. 1970 жылы Германиядағы елшілікке барып, әкесі туралы сұрап көреді. Қатаң тәртіп бұл ойын жүзеге асыруға мүмкіндік бермейді. 1986 жылы Кеңес Одағындағы қайта құру кезеңіндегі демократиялық ағын қатаң тәртіптің сеңін сөге бастаған сәтте іздестіру шараларын қайта бастаған.
Мәскеудегі неміс елшілігіне сұрау салған хатқа жауап 1997 жылы ғана жетті. Қалың конвертті ашқанда әскери архивтің әкесі жайлы құжаттарымен бірге әкесінің шашын тықырлап алынған жалаң бас түскен суреті қоса жіберіліпті. Суретті көрген анасы «Қалың қара шашы қайда кеткен» деп таңғалысын жасыра алмапты. Сурет арқылы әкесімен табысқан ұл Қызылордаға хат жазған. Оған Қызылордадан Мира әпкесі жауап хат жіберген. Хатта Әментай мен Әнипадан тоғыз қыз барын, әкесі 1992 жылы өмірден өткенін, ал Әнипа одан бұрын о дүниелік болғандығы жазылған. Арада екі апта өткенде әпкесі Рима телефон соғып, Германияға қонаққа келе жатқаны жайлы хабардар еткен.
Елуден асып жігіт ағасы болған шақта бауырларымен қауышқан жат елдегі жігіттің әңгімесін осы жерден үзе тұрайын. Оның Қазақстанға келіп, одан Қызылорда, ауданға қарасты Қоғалыкөлдегі ағайынмен қауышқан қуанышты сәттері, қазақ қызымен отау тіккен бақытты шақтары жөнінде Анатолий Әментайұлынан тағы бір сәті түскенде сұрап алармыз. Ол кісі бұл әңгіме жайында кино түсіріліп, кітап жазылады деп еді. Бұйырса оны да көріп қалармыз.


Жұмабай БАЙЗАҚҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі
14 наурыз 2020 ж. 669 0