Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№95 газет

30 қараша 2024 ж.

№94 газет

26 қараша 2024 ж.

№93 газет

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » СЕКСЕН ЖЫЛ – ҒҰМЫРБАЯН БІР КІСІЛІК

СЕКСЕН ЖЫЛ – ҒҰМЫРБАЯН БІР КІСІЛІК

Халықтың кеудедегі көзі болған,
Халықтың көңілдегі сөзі болған.
Сексен жыл тарихы бар басылым бұл –
Қалтайдың қаламының ізі қалған.

Сексеннің жеткендіктен төріне есен,
Жарасар, жалқы ізі бар ірі десем.
«Тіршілік тынысы» боп таралатын,
Ауданның тілі де сен, үні де сен.

Қарсы алып еңбекпенен əр ақ таңды,
Көп тұлға басылымнан қанаттанды.
Халықтың көз алдында бүгін міне,
Сексен жыл тарих болып парақталды.

Сырласы болып ойлы оқырманның,
Игі іске көпшілікті шақырған мың.
Атақты Қожаниязов Сұлтан аға,
Депті ылғи: «Мен шындықтың жағындамын...»

Тәу етіп ақиқат пен арлы ұғымға,
Сыналған сындарлы өмір тарлығында.
Шертаев Бекнияз аға тік жазатын,
Танылған сыншы болып барлығына.

Қаламның қалмасын деп күші кеміп,
Қажырлы еңбек еткен.
Ісі де нық.
Көзіме елестейді Ізхан көкем,
Болатбек Аманбаев түсіме еніп.

Тұтатып таланттардың сөнген отын,
Ар менен адалдықты тең көретін.
Бар ма екен, бұл өлкеде бір қаламгер,
Келдібай Уəйісовке тең келетін.

«Оқырман құрғақ сөзге алданбасын...»,
Деп ылғи биік қойған ардан басын.
Ақ көңіл Əлімбетов Серік аға,
Қалдырған қайталанбас қолтаңбасын.

Өлеңмен батырып күн, атырып таң,
Ешқашан мүлт кетпеген тақырыптан.
Хат жазған Мұқағали Мақатаев,
Бата алғам ақын аға Шағыровтан.

Төріне дақ түсірмей жүрегінің,
Арнаған туған жерге тілегі мың.
Абызбай Маханбетов парасатты,
Айналған абызына Сыр елінің.

Әр күні өлең-жырмен басталатын,
Сыр елі ұмытқан жоқ хас талантын.
Шабытқа кең құшағын айқара ашып,
Жырлаған туған жерді Асқар ақын.

Газетте еңбек етіп жарты ғасыр,
Құйылған сөзіңе нұр, жырыңа сыр.
Өлеңмен өрнектелген өмірі бар,
Сақтапов бұрында асыл, бүгін де асыл.

Көпшілік құрметті деп алқалаған,
Бар тағы шабытты һәм арқалы адам.
Тынышбек Дайрабаев көрсетті үлгі,
Тарихтың том-том жүгін арқалаған.
Жеткізген жаңалықты елдегі дәл,
Өзіндік үлгісі һәм өрнегі бар.
Газеттің сексен жылдық тарихында,
Қуаныш Татановтың еңбегі бар.

Ізгі іспен, ізденіспен таңды атырып,
Атқарған мағыналы, мәнді тірлік.
Атақты Ягунин мен Ерхан ағай,
Сөйлеткен суреттерді «жан бітіріп».

Сездіріп дархандығын даламыздың,
Деген-ді: «Қаруымыз – қалам біздің».
Білеміз, батырлығын, батылдығын,
Алтынбай Дәуренбеков ағамыздың.

Құт болған туып өскен көркіне ауыл,
Қарымды қаламгер ғой Еркін Әбіл.
Қаймықпай желге қарсы жүйткісе де,
Ешқашан қисайтқан жоқ бөркін дауыл.

Тапсақ біз еңбектен тек бақ табамыз,
Бақ тапсақ онда мәңгі шаттанамыз.
Ауылдың түлегі деп абыройлы,
Дәмештей апамызбен мақтанамыз.

Өмірді сыйластықпен көркем еткен,
Әрқашан адалдықты желкен еткен.
Беделі биік тұрған басылым бұл,
Осындай марқасқалар еңбек еткен.

Жаршысы болғандықтан жаңалықтың,
Еңбегін үлгі еттім сан алыптың.
Құрметпен басымды ием басылымға,
Бейне бір ордасындай даналықтың.

Бұл күнде марқаятын шамамыз бар,
Өзіндік орынымыз, бағамыз бар.
Өзі ақын, өзі тілші-фототілші,
Мүсілім Қалмұратов ағамыз бар.

Тұғыры ешқашан да тарқамаған,
Көптеген шәкірті бар алқалаған.
Шаһарбек Нұрсейітов – ұстазымыз,
«Жауапты хатшылықты» арқалаған.

Ал біздің Сәуле апамыз мейірімді,
Өсірген қылықты қыз, зейінді ұлды.
Ұжымның ұйытқысы болған жанға,
Өлеңмен өрнектедім пейілімді.

Үлгі алып өнегелі ісіңізден,
Келеміз еріп ізгі ізіңізден.
Қаламның қадірін һәм қасиетін,
Сәуле апай, сезінемін Өзіңізден.

Ағайын, сөз ұғатын, жыр түсініп,
Қарымды қаламгер көп үлгісі нық.
«Мерейтой құтты болсын!» деп тіледім,
Сексен жыл – ғұмырбаян бір кісілік...

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
ақын,
аудандық газеттің
2014-2017 жылдар
аралығындағы тілшісі
25 маусым 2019 ж. 1 145 0