Аудандық жазба ақындар мүшәйрасы өтті

Мүшәйраның ашылуында аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев сөз сөйледі.
– Аудандық газетке елеулі еңбек сіңірген Келдібай Уәйісұлы атындағы іс-шара ауданның дамуына үлес қосқан тұрлаға құрмет екені сөзсіз. Сондықтан газеттің 80 жылдық мерейтойы аясындағы айтулы шараға қатысушыларға сәттілік тілеймін! Аудан үнжариясының мерейлі белесі құтты болып, журналистер қауымына шығармашылық табыс тілеймін, – деді аудан әкімінің орынбасары. Жыр бәйгесіне 8 жас ақын қатысып, бақтарын сынады. Олар екі кезең бойынша өз шеберліктерін байқатты. Алғашқы кезеңде Келдібай Уәйісұлына арнау өлең оқыса, екінші кезеңде еркін тақырып бойынша жырдан шашу шашты. Тағылымды шарада қарымды қаламгердің жары Әсия Уәйісова сөз алып, ұйымдастырушыларға алғыс айтты.
Мүшәйра қорытындысында жүлделі ІІІ орынды қоғалыкөлдік Әсел Зұлпар, ІІ орынды нағилық Гүлбану Сембиева иеленді. Ал І орынды сәкендік Ақәділ Талапбеков жеңіп алды. Марапат иелеріне қаржылай сыйлық пен өзге де қатысушыларға Алғыс хат және ынталандыру сыйлығы табысталды.
«ТТ»-ақпарат